Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының ақтық кезеңінде 6 топқа бөлінген құрамалардың бәрі де алғашқы ойындарын өткізіп үлгерді.
Атап айтқанда, жарыстың үшінші күні жасыл алаңға шыққан Испания – Чехия командалары 1:0 есебімен тарқасты. Сәл басымдылықпен жеңіс испандықтарда. Е тобындағы Ирландия – Швеция құрамалары тең түсті. Есеп 1:1. Осы топтағы Италия ойыншылары 2:0 есебімен бельгиялықтардан айласын асырды. Дәл осындай есеп Венгрия – Австрия құрамаларының кездесуінде де тіркелді. Бұл ойында мажарлықтар сенсация жасап, көпшілік жеңісті алдын ала беріп қойған азулы қарсыластарынан басым түсті. Біріншіліктегі мықтылардың бірінен саналатын Португалия болса, Исландия командасының қақпасына бір голдан артық доп соға алмай, жігерлері құм болды. Бұл жалғыз голға исландықтар да бір доппен жауап беріп, жанкүйерлерін шын риза етті.
Жанкүйер демекші, бұл біріншілік стадиондардың сыртындағы қақтығыстардан да құр алақан болмай отыр. Ойын басталардан бұрын, тіпті, одан кейін де бір-біріне жұдырық ала жүгіріскен Ресей, Англия сияқты елдердің жанкүйерлері онсыз да міндеті ауыр француз полицейлеріне біраз жұмыс тауып беріп отырған сыңайлы. Біріншілікті ұйымдастырушылардың егер бұл тәртіпсіздіктер тыйылмаса, жанкүйері тәртіпсіз командалар жарыстан алынып, елдеріне қайтарылады деп ескертулерінің де жаны бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.