Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шағын ауылдың үлкен мәселелері - АРҚА АЖАРЫ

Шағын ауылдың үлкен мәселелері

Зеренді ауданына қарасты Кеңөткел ауылы – шоқ жұлдыздай ғана шағын елді мекен. Тамаша табиғаттың аясында ірге тепкен кішкентай ауылдың соңғы кезде қордаланып қалған көкейтесті мәселелері ұлғайып келеді. Кеңөткел – жер бетіндегі көрген жанның көзін суаратын көркем табиғатымен ғана емес, жер астындағы өлшеусіз байлығымен де тәмам жұртқа мәлім ауыл. Ауыл іргесінен «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы жиырма жылдан астам уақыт бойы тұщы су өндіреді. Адам ағзасына шипалы, дәрумені мол су. Бірақ, ауыл адамдары осынау көл-көсір қазынадан көк тиын да пайда көріп отырған жоқ.

Ауыл жайы менің көкірегімде көптен бері мазалайтын ауқымды тақырып болатын. Сондықтан, Кеңөткелдің мәселелерін біртіндеп айтқанды жөн көріп отырмын. Алдымен, тілге тиек етерім жайылым жайы. Ауыл тұрғындарының негізгі көрінісі осы мал. Ал, жайылым болса, жыл өткен сайын тарылып келеді. Өзіңіз ойлап қараңыз, бес жүзге жуық ірі қараға, мың жарымнан астам қой-ешкіге, үш жүздің төңірегіндегі жылқыға жалғыз жайылым ғана емес, қысқы мал азығын дайындайтын шабындық та керек емес пе? Өткен жылы қыс ортасында жаңбыр жауып, жылқыға келген жұт көп нәрсені аңғартты ғой. Жылқы қыста қолға қарамайды деп есептеген бейғам қазақ жүген ұстап қала жаздады.
Демек, ендігі жерде жемшөпті қара мал мен қой-ешкіге ғана емес, жылқыға да дайындау керек екен. Ал, жылқы жарықтық мал азығын шақ келтірмейді. Сонда шабындық жері тарылған ауыл адамдары не істемек? Қысқы мал азығын айтасыз, жазды күні төрт аяқты малды еркін, жамыратып бағатын жер жоқ. Бір жағында қиқу салып орманшылар тұрса, екінші жағында мылтығын асынып егін еккендер жүр. Амал жоқтықтан жылқышылар жылқыны күндіз шарбаққа қамап бағады. Жарты күн тілін тістеп, күнге күйіп, үлкені кішісін теуіп, қамауда тұрған жылқыға жал біте ме? Күзде егін орылып, жер аяғы кеңігенше көрген күндері осы. Оның әр жағында қылышын сүйретіп қыс келеді. Қысқа күйсіз түскен мал оңа ма?!
Қыстың қиындығы өз алдына бір жыр. Облыс орталығынан елу шақырымға жетпейтін жерде орналасса да, көмек қолы бір созылған емес. Қар басқан жол уақытылы тазаланбаған соң ауыл тұрғындары Көкшетау-Зеренді бағытындағы тас жолдың бойына жаяулап-жалпылап жетеді. Ел арасын жалғап отырған жалғыз жолдың да жайы белгілі. «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнының су таситын ауыр салмақты көліктері тас-талқанын шығарған. Әсіресе, көктемгі және күзгі мезгілде жол жас сәбидің еңбегіндей былқылдап жатады емес пе. Өзі де еріп жатқан жолдың үстімен салмағы әлденеше тонна көліктер тынымсыз жүрген соң не оңсын?! Ауыл тұрғындары осы мәселені әлденеше рет көтерді. Өтініштерін жазбаған жер қалған жоқ. Бірақ, Қошқарбай, Кеңөткел, Троицк елді мекендерін жалғап жатқан жолдың жөнделетін түрі жоқ.    
Мал жайын, жол жайын бір қыдыру айтып өттік. Енді жан жайын айтайықшы. Ауылдың ұйытқысы болып тұрған, темірқазығы – мектеп. Мектеп жабылған күні ұясын қимай ұшқан құстар құсап ауыл тұрғындары да жан-жаққа жайлы қоныс іздеп көшіп кетері хақ. Қазір шағын ауылдағы білім ошағының еңсесін зілмауыр мәселелер басып тұр. Мұнда 44 бала білім алады. Оның төртеуі 2014 жылы осы ауылға көшіп барған менің немерелерім. Ауыл тұрғындары 2011 жылы мектепті талапқа сай жөндеп берген ауданның бұрынғы әкімі Ербол Сағдиевке алғыстарын айтуда. Дегенмен, мектептің мұңы жетерлік. Материалдық-техникалық базасы әлсіз. Тіпті, дене тәрбиесі сабағын өткізетін жер де жоқ. Дәл осылай бола тұра, мектеп оқушылары өздерінің бойындағы білімдерімен аудандық, облыстық білім сайыстарында топ жарып жүр. Осындай талантты да талапты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған мектеп күні ертең жабылып қалмас па екен деген күдік ауыл тұрғындарының жандарына жай таптырмай жүр.
Қайтпас сапарға аттанған ауыл тұрғындарының мәңгілік жер бесігі өзеннің арғы бетінде. Әйгілі Ақан серінің мәңгі өлмес әніне арқау болған Балқадиша әжемізге де осы жерден топырақ бұйырған. Ел адамдарын қинайтыны өзеннің үстінде ауыл мен бейітті жалғастыратын көпірдің  жоқтығы. Жауынды-шашынды күндері жеңіл көлік өте алмайды. Қайтқан кісіні жерлеу кезінде ауыл адамдары трактормен, атпен өтуге мәжбүр. Шынтуайтына келгенде, бұл да өз алдына бір мәселе деуге әбден болады. Осы бір жағымсыз жайды ауыл тұрғындары өздерінің қолдарынан келмеген соң көмек көрсетулерін өтініп сан мәрте тиісті орындарға талай жазған болатын. Бірақ, жауап жоқ.
Міне, тамаша табиғаттың аясындағы кішкентай ауыл әр шаңыраққа қатысты үлкен-үлкен мәселелермен өздері алысып жатыр. Сырттан келер қайыр-көмек жоқ. Ел іргесі бір сөгілсе, бір қолдың саусағындай ғана отбасы үдере көшіп кетпей ме? Ал, бұл ауыл – тарихи мекен. Тарихи мекеннің тағдыры ауылға жаны ашитын адамдарды бір сәт ойландырса екен.
Аманжол АХМЕТЖАНОВ,
зейнеткер.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар