Жұмысы жақсы әсер қалдырды

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. Бейнеконференция түрінде өткен кездесуге  облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысты.

Сондай-ақ, Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, облыстық әділет департаментінің мамандары, қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысып отырған кездесуді  Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Оңалсын Жұмабеков ашып, жүргізіп отырды. Ол биылғы жылдың наурыз айында құрылған Қоғамдық кеңестің осы күнге дейін бес отырысы өткізіліп, оннан астам нормативтік-құқықтық актілер талқыланғандығын баяндады.
Бұдан кейін сөз алған Әділет министрі Берік Имашев атқарылған жұмыстар мен министрліктің қызмет ауқымы, алдағы міндеттері жайында жан-жақты баяндап берді. Негізінен заң жобаларын дайындап, оларға сараптама жасаумен айналысатын министрлік бұл салада өзіне жүктелген міндетті орындап отыр деп айтуға болады. Өткен жылы 30-дан астам заң сараптамадан өткізілген. Министрліктің өзі жыл сайын 6-8 заң жобасын дайындайды. Әділет органдарының тағы бір атқаратын маңызды жұмыс саласы – құзырлы органдар даярлайтын нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу. Бұл салада да ауқымды жұмыстар атқарылған. Сот шешімдерін орындау құзыреті де бүгінде Әділет министрлігіне берілгені белгілі. Жеке сот орындаушыларын енгізуге байланысты қордаланып қалған істер саны едәуір қысқарған. Зияткерлік меншікті қорғау бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Заман талабына сай қызмет көрсетуді электрондық жүйеге көшіру жұмыс жеделдігі мен оның сапасын арттыруға игі ықпалын тигізіп отыр. Коммерциялық ұйымдарды тіркеу электрондық нұсқаға көшкелі іс жеделдеп, бір күннің ішінде жүзеге асатын болған. Әділет министрлігінің заң дайындау саласындағы жетістігінің бір көрінісі ретінде Қазақстанның өткен жылы халықаралық рейтингте бизнесті жүргізу бойынша алғашқы ондықтың санатына қосылуын атап өтуге болады.
Қызмет көрсету ауқымы жөнінен Қаржы және Ішкі істер министрліктерінен кейінгі үшінші орында тұрған Әділет министріне қойылған сұрақтар өте көп болды. Сауалдардың арасында заң шығарушылық қызметтен бастап, сот орындаушылық, мемлекеттік тіркеуге, алиментке, айыппұл мөлшеріне және жеке басы жайларына қатысты сауалдар да болды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған отырыста министр өзіне қойылған сауалдардың бәріне де толымды жауаптар берді. Ақмола облысынан селекторлық мәжіліске қатысқан Самат Кәрімов ғаламтор арқылы құқықтық порталдардан алынатын заң актілерімен танысу қызметі үшін ақы сұрайтыны қаншалықты заңды екендігін сұрады. zakon.kz сияқты жекеменшік порталдарда ондай қызмет ақылы болғанымен, министрліктің сайты саналатын  adilet.kz арқылы  ақпараттарды түгел тегін алуға болады, – деді министр. Ата-аналық құқығынан айырылған отбасының баласын қамқорлығына алған Есіл ауданында тұратын Валерий Вебицкий облыстық әділет департаментінің қолдаухатының арқасында баласын сауықтыру лагеріне тегін демалуға жібергенін айтып, осы іске мұрындық болған әділет органдарына алғысын білдірді.
Сонымен бірге, Әділет министріне онлайн режимінде интернет арқылы да өте көп сауалдар қойылды. Ол сауалдардың жауабы он күн мерзім ішінде жазбаша түрде беріледі, –  деп атап көрсетті Әділет министрі.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар