Мәңгілік махаббаттың мәнді белгісі

«Дудар-ай» әнінің негізгі кейіпкері Дүйсен бабамыздың басына ескерткіш тас орнатылды.

Мариям Жагорқызының атақты әні қазақ пен орыс халқының достығының жарқын белгісіне айналғалы қашан. Ғашық жүректердің лүпілі айқын сезіліп тұратын, таңның мөлдір шуағындай тап-таза сезіммен астасқан ғажайып ән төрткүл дүниеге тегіс тарап кетті десек те болар. Қытай мен Түркия қазақтары сарытап сағыныштың уытын осы әнмен басып, қосыла шырқайтын көрінеді.
Қорғалжын топырағында туған перзенттер іңкәр көңілдің, ізгі жүректің алапат ынтызарлығын көкірегіңе себезгілеп құятын осы әнді өздерінің гимні деп те атайтыны бар.
Таяуда әннің негізгі кейіпкері Дүйсен-Дудар Үкенұлының бейітінің басына туысқандары Жұмажан Төлепов пен Зейнолла Мұсабаевтар бас болып, мәрмәр тас орнатты. Игілікті істен Қорғалжын аудандық әкімдігінің қызметкерлері де сырт қалған жоқ. Олар да жүз мың теңге қаржы жинап, көмек қолдарын созды. Астанадан осы шараға Қанат Жақсин бастаған туыстары да арнайы келіп, бабаларының рухына құран бағыштап, асына қатысты.
Дүйсен бейіті Майшұқыр ауылының іргесіндегі қара қорымда. Басындағы мәрмәр тас мәңгілік махаббаттың белгісіндей. Сәл ғана самал ессе сызылтып ән салып, Қорғалжынның көп көлдерін, Көкшенің көк орайлы көркем қыраттарын көктей өтіп, Алаш даласын сезімге тұнған серіліктің әнімен баурап тұрғандай.

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар