Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шебер - АРҚА АЖАРЫ

Шебер

Шаршап-шалдығусыз, бар саналы ғұмырын бір салаға аянбай басы бүтін сарп еткен, әу бастағы сол  кәсібінің соңында өмір бойы қажымай-талмай жүре білген, тіпті, сонысын бақытына балайтын, онсыз тұра алмайтын жандар болады. Олар сирек, сосын да басқалар кез-келген адамда кездесе бермейтін бұл қасиетін өздері-ақ танып, сөзсіз мойындай түседі. Отандық баспасөзде біз білетін сондай бір қажымас қайраткер – фотожурналистика ардагері Владислав Холин десек,  еш қателеспейміз. Ол 1936 жылы 16 маусымда Көкшетау қаласында дүниеге келді. 1959 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп оралғаннан кейін облыстық «Кокчетавская правда» («Степной маяк») газетіне суретші-ретушер болып жұмысқа орналасты. Тура бір жылдан кейін айналасына жіті көзбен қарайтын жас жігіттің фотосурет өнеріне икемділігі байқалып,  фототілші қызметіне ауыстырылды. Осылай бір ұжымда, бір орында қашан зейнет демалысына шыққанша 40 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Одан бері де жылыстап талай жыл өтті. Бұл екі ортада жүрегіне ота жасалып, ауыр сырқаттың да «дәмін» татқанымен, Владислав Михайловичтің өз сүйген мамандығы дегенде, әлі де  қарап отырған кезі жоқ.
Сол баяғы өмірге құштар, ширақ та елгезек қалпымен мойнына фотоаппаратын іліп алып,  шапқылап жүргені. Қай жерде қызу тірлік,  қай жерде жақсы сурет түсіруге мүмкіндік бар, қарт фототілші де сонда. Күні бүгінге дейін объективіне іліктірер бір ғана кәделі көрініс  үшін көрікті Көкшетау, киелі Қараөткел өңірлерінде ол араламаған, ол аяқ баспаған жер некен-саяқ шығар. Көңілі жас, жанары жіті, қолы алтын Холинді егінжайдағы диқан да, жайылымдағы малшы,  кеңседегі басшы да танып, біліп алған. Жанын рахатқа бөлейтін, өмірінің бар мәні  сол болып көрінетін алақандай бір сурет үшін ол ойға-қырға осылай алып-ұшады, шығармашылықпен беріліп, осылай еңбек етеді.
Оның аса бай фото мұрағатында сонау тың игеру, ғарышқа жол салу кезеңінен бастап, тұтас дәуіріміздің, тәуелсіз қазақ елі тарихының баянды шежіресін құрайтын мыңдаған суреттер бар. Облыс, республикамызды былай қойғанда, кешегі одақтық газеттерде жарияланған фотосуреттерінің, жеке көрмелері мен альбомдарының санының өзі қаншама. Мәселен, мына «Продолжаю снимать…» деген фотоальбомын 80 жасымен тұспа-тұс келіп отырған өзінің шығармашылық қызметінің 65 жылдығына арнаған. Небір көз алмай, қызыға түсетін әсем суреттерден тұратын тартымды альбомның аты да айтып тұрғанындай, Владислав Холин әлі де сапта. Денсаулық болса, мұнымен шектеліп қаламын деп отырған жоқ. Облыс көлемінде бір айтулы оқиға бола қалса, сол баяғы жас күніндегідей  алып-ұшып сонда жүргенін көресіз. Сондағы өз ісіне деген ынта-зейіні «мен фототілшімін» деген кейбір жастардың өзін орта жолда қалдырғандай. Иә, фотожурналистиканың мұндай марғасқаларынан үйренемін деген жан болса, сөз жоқ, көп нәрсені көңіліне түюіне болады. Сол үшін де жасай беріңіз, жаңа суреттеріңізбен қуанта беріңіз, объектив шебері!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар