Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бүйрегім» деп жүргендерге шарапаты тисе екен - АРҚА АЖАРЫ

«Бүйрегім» деп жүргендерге шарапаты тисе екен

Ақмола облыстық ауруханасында «Ақмола өңірінде  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында диализ қызметін дамыту» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға жоғары медициналық көмек көрсету мәселесі қаралған жиынды облыстық  денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Киласьев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияда аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде диализ қызметі бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында  баяндама жасады. Емдеу  мекемесіндегі бұл бөлім бүгінгі таңда жекеменшікке өтіпті. Себебі, жүргізілген сараптамаларға сәйкес, 2014 жылы бөлімнің жалпы табысы 139,6 миллион теңгені құрағанымен, бұл кірістің көп бөлігі бөлімді ұстауға жұмсалып отырған соң жаңа медициналық құралдар сатып алу, науқастарды емдеуде халықаралық стандарттарды енгізу мәселесі оң шешімін таппаған. Бөлімге қажетті жабдықтар  «Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған гемодиализді дамыту» пилоттық жобасы шеңберінде сатылып алыныпты. Алайда, өткен жылдың соңында сол жабдықтардың төртеуі істен шықса, қалғанын да ұдайы жөндеу қажет. Гемодиализ бөлімін жекеменшікке өткізу арқылы науқастарға сапалы қызмет көрсету, оларды ем алу үдерісі кезінде ыстық тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алу сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік туып отыр.  Осылайша облыстық аурухана  «B.B.NURA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бұл бөлімді жалға беру жөнінде келісім-шарт жасасқан.
Конференцияда жоғары санатты дәрігер-нефролог, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Рес-публикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің диализ бойынша штаттан тыс бас маманы Венера Алтынова да диализ орталықтарының қызметі  жөнінде  өз ойларын ортаға салды.  Диализ мекемелері алғаш жұмыс істей бастағанда созылмалы  бүйрек жетіспеушілігі ауруына душар болған науқастар ем қабылдау үшін  кезек күтуге мәжбүр болатын. Бүгінгі күні  осындай қызмет көрсететін орталық саны көбейіп, кезек мәселесі жөнге келтірілген.  Ең бастысы, мұндай орындар облыс орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерде де бой көтеруде. Атап айтсақ, 2012 жылы рес-публика бойынша 44, ал, 2016 жылы 92 диализ орталығы тіркеліпті. Мұның басым бөлігі жекеменшік орталықтар.

 

Тағы бір ескертетін жәйт, мұндай аурулардың өмір сүру ұзақтығы осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда,  екі есеге артып отыр. Еліміздегі науқастардың көбі гемодиализ арқылы ем қабылдаса, кейбір жолы болғандары бүйрегін ауыстырады. Мәселен, өткен жылы 222 адам бүйректерін ауыс-
тырып, осы дерттен айығудың ең тиімді жолын таңдаған. Осы ретте, мемлекет созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан адамдарға тиісті медициналық көмек көрсету үшін жыл сайын 8 миллиард теңге көлемінде  қаржы бөліп отырады.

 

Конференция соңында гемодиализ бөлімін жалға алған «B.B.NURA» серіктестігінің  амбулаторлық диализ орталығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған бұл мекеме енді мемлекеттік тапсырыс негізінде мамандандырылған стационарлық қызмет көрсетпекші. Еуропаның жетекші зауыттарында жасалған қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық осылайша өңірімізде алғашқы нефрологиялық емдеу-диагностикалық орталығының жаңа үлгісіне айналып отыр.

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар