Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалардың «Болашағы» - АРҚА АЖАРЫ

Балалардың «Болашағы»

Мереке қарсаңында «Болашақ» облыстық балалар ауруханасының  бас дәрігері Бейбіт Төкеновке жолығып, осы емдеу орнының жұмысы туралы сұрастырып, білген едік. 

– Облысымыздағы жүйке жүйесі зақымданған балаларды емдейтін мекеменің өткені мен бүгінгісі жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
–  «Болашақ» ауруханасы 1997 жылы ашылған. Қазіргі уақытта 100 емделушіні қабылдай алады. Оның ішінде 60 орын аурухана қабырғасында жатып емделуге арналған. Одан бөлек,  қалған 40 бала күндіз келіп ем қабылдап тұрады. Стационардан ем қабылдаушылар ауруханада жатып емделмейді. Оған көбіне қаланың балалары келеді. Бюджет қаржысын үнемдеу жағынан бұл бізге ыңғайлы. Ауруханада үш айлығынан бастап он бес жасқа дейінгі аралықтағы жүйке жүйесі зақымданған балаларды қалпына келтіру шараларын жасаймыз. Мекемеде 94 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде 9-ы дәрігер. Дәрігерлеріміздің алтауы жоғары санатты, біреуі бірінші санатты болса, екеуі былтыр ғана жұмысқа орналасқан жас маман. Материалдық-техникалық базамыз талапқа сай. Біздерге облыстық бюджеттен жеткілікті мөлшерде ақша бөлінеді. Оған қоса демеуші болуға ниетті кәсіпкерлер де бар. Таяуда ғана халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы көп функцио-налды үш жаттығу құрылғысын сыйға тартты. Емделушілердің де өкпе-реніші жоқ. Балаларды алты мезгіл тегін тамақтандырамыз. Құрал-жабдықтарымыз  бен  керек-жарақтарымыз да бар. Бәрін уақытында алып отырмыз.
– Жүйке жүйесі зақымданған балаларды сауықтыру көп уақытты керек ететін күрделі жұмыс қой. Жүргізілетін сауықтыру жұмыстарына да толығырақ тоқтала кетсеңіз.
– Біз дәрі-дәрмекке емес, негізінен физиотерапияға, емдік массаж бен дене жаттығуларына, емдік сазбалшықтарға көбірек көңіл бөлеміз. Жүйке жүйесі зақымданған балалармен жұмыс істейтін психологымыз, үш логопедіміз бар. Логопедтер мен психологтардың жұмысы күрделі және емдеуде маңызды болып табылады. Жұмыстарының жемісін де көріп жүрміз. Бізге сөйлей алмай келген балалар екі-үш емдеу курсынан өткеннен кейін сөйлеп кетеді. Психолог пен логопедтердің кабинеттері жаңа технологиямен жабдықталған. Мысалы, психологтың кабинетінде сенсорлық аймақ бар. Ол жерде бұлақтың сыңғыры мен құстардың шуы естіліп, жасанды аквариумда балықтар жүзіп жүреді. Құс жолы бейнеленген түнгі аспан, жан-жаққа сәуле түсіретін әртүрлі шамдар, жұмсақ орындықтар, түрлі-түсті отшашу тәрізді сәуле түсіргіш бар. Мұның бәрі адам жүйкесін тыныштандырады. Айналасындағы болып жатқан өзгерістерге баланың зейіні ауып, жақсы әсер алады. Ал, логопедтің кабинетінде арнайы компьютерлік бағдарлама бар. Компьютерге жалғанған микрофонға тілінің кемдігі бар бала үрлегенде монитордағы майшамдар бір-бірлеп өше бастайды. Сөйлей алмайтын балалар алғашқы келгенде демдері бір шамды өшіруге ғана жетсе, бірте-бірте толық өшіре алатын деңгейге жетеді. Бір жағынан кәдімгі компьютерлік ойын болса, екінші жағынан жаттығу. Мұндай ойындардың түрі көп.
 – Сіздерде емдеуге болатын ауру түрлері және емдеу ақысы туралы не айтар едіңіз?
–  Аурудың түрі көп. Солардың ішінде мидың төменгі дисфункциясы, сал ауруы, балалар неврозы, жабысқақ іс-қимыл неврозы, орталық жүйке жүйесінің перинаталды зақымдалуы сияқты аурулар бар. Балалардың біразы туабітті ауру болса, енді бірі жүре ауырғандар. Туғанда зақымданған, ойнап жүріп құлап, миы шайқалған балалар мен мерзімінен бұрын және шала туған балалар бар. Бұл балалардың миы даму жағынан қатарластарынан кейіндеп қалып қойған, соның бәрін емдеу арқылы қалпына келтіруге күш саламыз.  Емделу үшін кезекке тұру керек. Бұл басқа аурулар сияқты жедел емделмейтін күрделі дерт. Ауру балалардың бәрі де емделе алады. Тек портал арқылы кезекке тұрса болғаны. Емделушілерге арналған орын санаулы, ал біздің көмекке мұқтаж балалар өкінішке қарай жыл сайын көбейіп барады. Жылына 2800 бала емделсе, оның мың жарымы аурухана қабырғасында жатып ем қабылдайды. Әрине, бәрі жазғы уақытта емделгісі келеді. Бірақ, олай ете алмаймыз. Сондықтан, осы балалардың бәрі бір жылдың ішінде ем алып шығатындай мүмкіндік жасап, арнайы кесте құрамыз. Бізде емделу тегін жүргізіледі. Бір жасқа дейінгі балалардың аналары баласымен бірге болады. Бірден үшке дейін балалардың анасы немесе әкесі, әжесі қасында жататын болса, ол үшін ақы төлеу керек. Жатқан орнына төлейді. Бірақ, өзін-өзі ұстай алмайтын, кісі қарауына мұқтаж балалар ата-аналарымен тегін жатуына мүмкіндік бар.
 Дертінің ауырлығына байланысты қаланың баласына да жатып емделетіндей мүмкіндік жасайтын жағдайлар болады. Қазір 104 бала жатса, соның ішінде 30 бала ғана ауылдікі. Қалғаны қаланың балалары. Сал ауруымен ауыратын балаларды күндізгі бөлімде емдеу қиын. Себебі, оларға ерекше күтім керек. Біздің кейбір ата-аналар бала физиотерапия курсы бойынша емін, дәрумендерін алса, соған қанағат етеді. Осымен үйге барсам балам тәуір болып кетеді деп ойлайды. Шындығында олай емес. Балаға үйде де көңіл бөлу керек. Оның жүйкесі тынығу қажет. Ата-аналардың көбі бала тыныш болса болды деп қолына ұялы телефонын, планшетын беріп қояды. Оның бәрі кері әсер етіп, біздің бүкіл атқарған шаруамыз далаға кетеді. Сол үшін ондай балаларды аурухана қабырғасында емдеген жөн. Бұл жерде қатаң тәртіп бар. Кешкі тоғызда жатады, таңғы жетіде тұрады. Тамақ ішуі, ойнауы, емдік шараларды қабылдауы бәрі уақытылы.
– Тағы қандай қызмет түрлерін  көрсетесіздер?   
– Бізде ақылы қызмет те көрсетіледі. Астанадан, басқа облыстардан да емделушілер келіп тұрады. Олар кейде жекелеген дәрігерге қаралады, кейде массаж ғана алады. Сол үшін белгілі мөлшерде ақша төлейді. Ол ақшаның 50 пайызын дәрігер алса, 50 пайызы аурухананың жеке есеп-шотына аударылады.
– Бейбіт Ұзақұлы, алда келе жатқан Медицина қызметкері күніне орай, әріптестеріңізге айтар тілегіңіз бар шығар?
 – Әріптестерімді төл мерекемізбен құттықтап, ауыр да жауапты міндеттерін адал орындап, ел-жұрттың құрметіне бөлене берсе деймін.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар