Алғыс арқалаған аурухана

Көкшетау қалалық ауруханасы. Іші жарық әрі кең. Дәрігердің қабылдауындағы адамдардың бірі келіп жатса, бірі кетіп жатыр. Ал, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік ұстанымы деп біліп, қоғамның басты байлығы – адам өмірінің сақшысы атанған ақ халатты абзал жандар болса, күнделікті қызметтерін бір кісідей аянбай атқару үстінде.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иелері жөнінде қанша ой тербесең де артықтық етпейді. Күн мен түн демей тұрғындардың денсаулығын күзеткен жандарға жүктелген жауапкершілік жүгі де ауыр. Науқастардың жабырқаулы жүздеріне үміт отын ұялатып, сенімге жетелейтін қалалық аурухананың дәрігерлері сол үдеден шығып жүрген абзал жандар.
Бұл аурухана 1972 жылдан бастап қала тұрғындарына күнделікті медициналық көмек көрсетіп, аурулардың алдын алу шараларын жүзеге асырып келеді. Екі ғимараттан тұратын мекеме 9 бөлімге бөлінген. Мұнда хирургия, гинекология, кардиология және гастроэнтерология бөлімдері облыс тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Оған қоса, ауруханада эндоскопиялық ота жасаудың жаңа әдістері енгізіліп, дәрігерлер науқастар тарапынан алғысқа ие болып отырған жайы бар. Мекемеде  жалпы алғанда 362 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде  54 дәрігер, 162 медбике. Айта кетерлік жайт, дәрігерлердің 80, орта медициналық қызметкерлердің 82 пайызының біліктілік санаттары бар.   Бұл респуб-лика және облыс көрсеткіштерінен едәуір жоғары екенін екпін түсіре айтып өткеніміз абзал. Осындай білікті сала мамандары қалыптасқан мекемеге жоғары дәрежелі дәрігер, медицина ғылымының кандидаты,  республикамыздың үздік дәрігері Серік Кәкенов жетекшілік етеді. Аурухананың екі ғимараты жөнінде айтар болсақ, мұнда  2002  және 2005 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана қолға алынуда.  Денсаулық сақтау нысаны басшысының  айтуынша, қызметкерлер жауаптылық танытып, ғимараттың ішіне ұқыптылықпен қарауынан ғана оның ішкі келбеті кірсе шыққысыз екен.
 Қазіргі күні қордаланған мәселенің бірі аурухананы заманауи медициналық құралдармен жабдықтау болып табылады. Себебі, мекемедегі  барлық құрал-жабдықтардың пайдалану мерзімі өткен. Мәселен, мекемеде он бес жыл бойы жалғыз рентген аппараты жұмыс істейді. Ал, науқастарға дәл диагноз қою үшін қолданылатын компьютерлік томограф құралы мүлдем жоқ. Аурухана жұмысының сексен пайызы  шұғыл көмек көрсетуден тұратынын ескерсек, бұл медициналық жабдық дәрігерлерге өте қажет. Аталмыш мәселе бойынша аурухана әкімшілігі Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісі депутаттарына хат жолдап, нәтижесін күтіп отырған көрінеді. Үстіміздегі жылы бюджеттен 34 миллион теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен  анализатор, микрос-
коп және жан сақтау бөліміне арналған кереуеттер сатылып алынған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы бронх-өкпе ауруларының саны күрт өскендіктен аурухананың жеке қаражаты есебінен өңіріміздегі алғашқы галокамера кабинеті ашылды.  Дегенмен, медициналық құрал-жабдықтардың бағасы күрт қымбаттауынан барлық бөлімдерді заманауи аппараттармен қамтамасыз ету мүмкін болмай отырған көрінеді.
Өкінішке орай, ауруханада жас мамандар аз. Медициналық оқу орындарын тәмамдаған түлектер Астана және Алматы қалаларына жұмысқа аттанады. Тек бірлі-жарым маман ғана өңірге жұмыс істеуге келеді. Бүгінде ауруханаға  инфекционист, физиотерапевт, анестезиолог және фармаколог дәрігерлер жетіспеуде. Сондықтан, бас дәрігер Астана, Қарағанды қалаларындағы медициналық оқу орындарының түлектеріне арналған вакансиялар жәрмеңкесіне тұрақты түрде қатысып, қажетті кадрлар бойынша жас мамандарға ұсыныс жасалынады. Ал, аурухананың тұрғын үймен қамтамасыз ету  мүмкіндігі  төмен болғандықтан, дәрігерлердің көбі келгілері келмейді. Аурухана әкімшілігі  оқуын бітіріп келген жас маманның жағдайын жасауға тырысады. Осындай жұмыстың нәтижесінде өткен жылы 4 адам жұмысқа қабылданса, биыл
2 дәрігер келеді деп күтілуде. Қалалық аурухананың бас дәрігері Серік Кәкенов осылайша дәрігерлік құрамды жаңа мамандармен толықтырмақшы. Мекемеде өмірін медицина саласына арнаған білікті де білімді мамандар баршылық. Олар аурухананың ғана емес, республикамыздың бетке ұстар дәрігерлері. Еліміздің үздік дәрігерлері  Сергей Зиборов, Нұрлан Жаров, сонымен қатар, Ақмарал Ысқақова, Наталья Батина, Ирина Троценко  сынды үздік медбикелер денсаулық саласына өзінің өлшеусіз үлесін қосып келеді.
Ақ желең киген абзал жандар қашанда жарғақ құлағы жастыққа тимей ұлт денсаулығын жақсарту үшін бар ғұмырын арнайды. Сондықтан да, оларға көрсетілетін құрмет, айтылар алғыс шексіз болуы тиіс.

 

Ырысгүл АШУОВА

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар