Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерте анықталғандар жазылады - АРҚА АЖАРЫ

Ерте анықталғандар жазылады

Кәсіби мереке қарсаңында осы бір мақаланы жазудағы мақсатымыз ғаламдық мәселеге халықтың назарын аудару, бүгінгі таңда онкологиялық аурудың қаншалықты қауіпті екендігін және қаншалықты таралып отырғанын ескерте кету.

Осы бағытта атқарылып жатқан алдын алу шараларын да айта кеткен ләзім. Ең бастысы, қатерлі дертті дер кезінде емдеудің маңызды екендігін тағы бір қайыра ел есіне салғымыз келеді. Меніңше, қаншалықты кәсіби мереке делінгенімен, өз міндетімізді есімізден шығармауымыз керек. Сондықтан да, жалпақ жұрт біздің жарқын істерімізге алғысын айтып, ізгі лебізін білдіріп жатқанда, біз ел қамын жеген сөз сабақтасақ, артықтығы жоқ қой деп ойлаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына жолдаған Жолдауында онкологиялық аурулардың салдарынан болатын өлім-жітімді барынша азайту мәселесі салмақты қойылды. Біздің саладағы өлім-жітімді азайтуға, материалдық-техникалық базамызды нығайтуға «Саламатты Қазақстан 2011-2015» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстың ұлан-ғайыр септігі тигендігін екпін түсіріп айта кетуге болады. Ең алдымен, осы бағдарлама шеңберінде біздің саламызға қыруар қаржы қарастырылып, осы заманғы медициналық құрал-жабдықтар алуға қол жеткіздік. Бірден айта кетейік, әрқилы медициналық құрал-жабдықтар алуға 776 миллион
157 мың теңге қаражат жұмсалды. Шамамен Ақмола облыстық онкология диспансерінің 1980 жылдары алынған медициналық құрал-жабдықтар моральдық тұрғыдан әбден ескірген болатын. Қазір солтүстік өңірде дәл біздегідей медициналық жаңа сипатты құрал-жабдықтар аз. Ендігі бір мәселе, осы жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істей білетін білімді де білікті дәрігерлердің қажеттігі. Біз әр жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін арттыруға басты назар аударамыз. Оларды республикалық, алыс-жақын шетелдердегі іргелі медициналық мекемелерде оқыту, біліктілігін жетілдіру жүзеге асырылуда. Медицина саласындағы ғылыми жаңалықтарды, озық тәжірибелерді қалт жібермейміз. Дүбірлі дүниедегі күн сайын өзгеріп, жаңа табыстарға қол жеткізіп жатқан әріптестеріміздің тәжірибесін үйрену, оны өз жұмысымызда пайдалану өте маңызды.   
Осы бағдарламаның аясында қыруар қаржы бөлініп, аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Қазір уақыт табынан тозған ғимаратымыздың іші-сырты мұнтаздай болып, құрылысшының қалағынан жаңа ғана шыққан тәрізді көз қуантып тұр. Мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қамқорлық деуіміз керек. Жалпы көлемі 582 миллион теңге қаржыға 23 бірлік осы заманның қатаң талаптарына толық жауап беретін медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынды. Ауру ауқымының көптігіне байланысты әуелгі орайда бір миллиард теңгеден астам қаржыға 31 бірлік құрал-жабдық алуды жоспарлаған болатынбыз. Әзірге қол жеткізгеніміз осы. Мұның өзі де көп дүние. Айталық, облыс ауруханаларында баламасы жоқ компьютерлік томография сатып алдық. Қазір елдің игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Оған қоса, эндоскопиялық аппаратқа да қол жеткіздік. Медицина саласында техника ғылымының қарыштап алға басуына байланысты жаңалық ретінде енгізіліп жатқан, күнделікті тәжірибеде қолданылатын аспаптар аз емес. Мәселен, телепотология деп аталатын аппарат та алынды. Бұл аппараттың біз үшін үлкен қажеттілігі бар. Қатерлі ісік дерті білініп, күмәндану туғанда осы аппараттың көмегі арқылы тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары медицина мекемесінің білгір мамандарымен ақылдасуға, сырқаттың диагнозын дәл қоюға мүмкіндік туғызады.

 

Енді бір ауыз сөз қатерлі ісіктің жайы. Шындығын айту керек, біздің облыс еліміз бойынша әр мың адамға шаққандағы орта есеп көрсеткішінен сырқаттары 23 пайыз көп өңір болып есептеледі. Ауруға ұшыраудың себебі туралы дәл айту қиын. Оның себептері де көп. Негізінен саланы зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, қоршаған ортаның, экологияның зардабы делінеді. Қатерлі ісік ауруларының 80-90 пайызы осындай жағымсыз құбылыстан. Бірақ, өзге де себептері
толып жатыр.
Біздің ең бірінші орындағы міндетіміз, қатерлі ісік дерті жаңа пайда бола бастаған кезде анықтау. Сондықтан, сөз арасында халыққа қатерлі ісік ауруларының алғашқы жалпы белгілері туралы таратып айта кетудің де артықтығы болмас. Аты жаман аурудың алғашқы белгілеріне мынадай құбылыстар жатады: бүкіл ағзаның жалпы әлсіздігі, ұйқының қашуы, қатты шаршау, іштің қатуы, жүректің айнуы, бастың жиі айналуы, естен танып қалу, кенеттен салмақ жоғалту. Сәл жинақылап айтқанда, осыған ұқсас белгілер қатерлі ісіктің алғашқы нысандары болып саналады. Бірқатар адамдар мұндай белгілерді ағзаның әлсізденуі деп те есептеуі мүмкін. Бірінші белгілер пайда болған кезде уақытты ұттырып алмай, міндетті түрде флюорография, рентген және эндоскопиялық зерттеу жасау қажет.
Шынтуайтына келгенде қатерлі ісік өте байсалды ауру болып есептеледі. Осы сырқатқа қарсы тұру үшін тым көп нәрсенің де керегі жоқ. Әрбір адам өзінің денсаулығына жоғары жауапкершілікпен қарап, ең алдымен өзіне өзінің жаны ашып, жүйелі тексерістен өтіп тұруы керек. Міне, сонда ғана қатерлі ісік ауруының жолын тосып, алдын алуға болады.
Ел ішінде қатерлі ісік күні бұрын шығарылған үкіммен бірдей дейтін түсінік қалыптасқан. Дегенмен, мұндай түсініктің теріс екендігін айта кетуіміз керек. Қазіргі күні біздің қатерлі ісікке қарсы күрес диспансерінде сегіз мыңнан астам адам есепте тұр. Олардың елу пайызының бұл ауруға шалдыққанына бес жылдан астам уақыт өткен. Тіпті, 15-20 жыл сырқатпен алысып, өмір сүріп жатқандар да бар. Ауруға бой бермеудің басты себебі, жаңа ғана мен айтып өткен сырқаттың алдын алу. Әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, мезгілімен дұрыс тамақтанып, ішімдік ішу мен шылым шегуден аулақ жүрсе, ондай жанға аурудың кез-келгені жоламайтындығы тәжірибеден белгілі. Мұндайда атам қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп баяғыда айтып кеткен болатын. Жасыратыны жоқ бір өкініштісі, әсіресе, өзіміздің ұлт өкілдері «құдай өзі берген жанын өзі алады» дейді де сырқатына мән бермей жүре береді. Бізге әбден асқынған кезінде келеді. Ол кезде ауруға ара түсу, емдеу өте қиын. Өмір болған соң санқилы жағдай болатындығы белгілі. 2012 жылдан бері сырқат дендеген, хал-жағдайы мүшкіл, қарайласатын қамқорлары жоқ адамдарды күтетін орын ашқан болатынбыз. Ол Зеренді ауданындағы Шағалалы селосында орналасқан. Жиырма орындық бөлімшеге облыс бюджетінен 22 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Онда 17 адам жұмыс істейді.
Мереке қарсаңында ауруханада жұмыс істейтін, әрдайым елдің алғысына бөленіп жүрген дәрігерлерімізді атай кеткеніміз орынды. Өз ісінің білгір маманы саналатын дәрігерлердің қатарынан Жанна Бекеева, Нұрбол Ахметов, Қали Доскей, Анар Жармұхамбетова, Мая Лекерова, Райымгүл Тасымова және орта буын медицина қызметкерлері Қалима Есмағұлова, Виктор
Червениновтер бар.
Сөз соңында адам жанының арашашысы атанып, өз денсаулығынан бұрын елдің денсаулығын ойлайтын әріптестерімді төл мерекемізбен құттықтай отырып, отбасының бақытын, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Марат ОСПАНОВ,
облыстық онкологиялық
диспансердің бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар