Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жат ағымдарға тосқауыл қойылуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Жат ағымдарға тосқауыл қойылуы керек

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан  Нұркеновтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысында өңірде теріс діни ағымдардың алдын алудың жай-жапсары талқыланды.

Ақтөбеде орын алған террористік актіден кейін бұл мәселе елді өте алаңдатып отыр. Сондықтан, жергілікті жерлердегі жағдайға тағы бір баса назар аудармай болмайды. Сөздің тоқетерін осыдан бастаған Нұрлан Нұркенов жиналғандарды бір минут үнсіздікпен теракт құрбандарын еске алуға шақырды.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраеваның баяндамасы тыңдалды. Бүгінде өңірде 226 діни бірлестік бар. Оның 121-і  ислам, 40-ы православтық, 11-і католиктік, 43-і  протестанттық бағытта. 1 бахаи  діни бірлестігі жұмыс істейді. Оған қоса, евангельдік хрис-тиан баптистерінің тіркелмеген 10 қоғамы бар. Ағымдағы жылдың сәуір айында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша  респонденттердің 97,5 пайызы өңіріміздегі діни ахуалды тұрақты деп  бағалаған.
Бүгінгі таңда теріс дін жолына түсудің алдын алу мақсатында тек жастар арасында ғана емес, арнайы түзету мекемелерінде де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің осындай адасқандар туралы жазылған «Жан шырылы» драмасы  облысымыздың бірнеше аудандарында қойылды. Кейінгі уақытта ақпараттық-насихаттық жұмыстар ауқымы кеңейсе де, жастардың діни сауаттылығын жақсартуда теолог мамандарының жетіспеуі әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Осы орайда, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдениеті университетінің 15 түлегі облыс аудандарына жұмысқа жіберілген. Олардың сенім биігінен көрініп, жемісті еңбек етуі үшін әрине, аудан әкімдері  тұрғын үймен көмектесіп, қолайлы жағдай жасаулары тиіс. Әзірге жастарды шалыс қадамдардан сақтандыруда Көкшетау қаласындағы  «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығының төрағасы Қанат Алшынбаев пен
Науан Хазірет мешітінің наиб-имамы Дінмұхамед Смановтың  жұмысын ерекше атап өтуге болады. Олар жергілікті жерлерге жиі шығып, бұл жұмысты үлкен ыджаһаттылықпен жүргізуде.  
Кеңесте осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған  облыстық прокуратураның бөлім басшысы Сырым Белгібеков құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталып өтті. Ол кейбір жастардың санасын улап жатқан теріс пиғылды діни ағымдардың  жымысқы әрекеттеріне жол бермеу мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатқандығын жеткізді. Бұл орайда, олармен жекелей әңгімелер жүргізіліп, жат ағымдардың жетегінде кетпеулері үшін басқа да жұмыс тәсілдері ұтымды пайдаланылуда. Сондай-ақ, халық көп шоғырланған әуежай, вокзал сияқты ғимараттар да жіті бақылауда.   
Жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау бүгінгі таңда мемлекеттік маңызы зор мәселе болып отырғаны анық. Себебі, облыста оң мен солын аңғармай, жалған діни ілімнің жетегіне ергендер қатары баршылық. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс халқының 23,1 пайызын 14-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Сондықтан, басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс  шеңберінде осы жастар арасында теріс діни ағымдарға қарсы ақпараттық-насихат шараларын күшейте түсуде. Өткен жылы  осы мақсатта ұйымдастырылған 22 шараға қауіпті топтарға жататын жастар көптеп қатыстырылған. Сондай өз нәтижесін берген шаралардың біріне «Жастар терроризм мен экстремизмге қарсы» флешмобын жатқызуға болады. Қазіргі уақытта аталмыш басқарма жастардың уақыттың көп бөлігін әлеуметтік желілерде өткізетінін  ескере отырып, мұндай жұмыстарды ғаламтор арқылы жүргізуді жүзеге асыруда.
Кеңес отырысында Көкшетау қаласы және Ақкөл ауданы әкімдерінің орынбасарлары Алтынай Әміренова мен Гүлнәр Әбілқайырова да қосымша баяндамалар жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Барлық баян-дамашылар тыңдалып болған соң, облыс әкімінің орынбасары отырысты қорыта келе, алда тұрған міндеттерге тағы бір  баса назар аударды.
– Әзірге облысымызда діни ахуал тұрақты. Бірақ, мұнымен арқаны кеңге салуға болмайды. Теріс діни ағымдардың алдын алу үшін тұрғындар, әсіресе, жастар арасында жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Бұл орайда, әлі де болса, осының тиімді формаларын іздестіре түскеніміз жөн. Мәселен, сенатор, жазушы Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» пьесасының телевизиялық нұсқасын түсіріп, көпшілікке ұсынған жөн. Жастардың теріс ағымдарға өтіп кетуінің, содан жеңілдік тапқандай болуының астарында кейбір шешілмеген әлеуметтік мәселелер де жатыр.  Бұл көрініспен күресу үшін кешенді шаралар қажет.  Сондықтан,  мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бір мақсат жолында тығыз топтасып, осыған берік тосқауыл қоя білуіміз керек, – деді сөз соңында  Нұрлан Нұркенов. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің атына тиісті ұсыныстар әзірленетін болды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар