Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті зор, жүгі ауыр - АРҚА АЖАРЫ

Бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті зор, жүгі ауыр

Үстіміздегі жыл –  еліміз үшін ерекше жыл. Барлық қазақстандықтар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын кеңінен атап өтуде. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы қабылдаған заңдарының бірі – «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң болатын.

Осы заң аясында жұмыс істеген бұқаралық ақпарат құралдары демократиялық даму бағытын ұстанған айқын да анық жолымыздың сорабын одан әрі кеңейте түсті. Елімізде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары пайда болды және олардың жедел дамуына қолайлы жағдай туғызылды. Ақпарат әлемінде бәсекелестік белең алды. Баспасөз бен эфирлерге жаңа мазмұн берген ірі медиа бірлестіктер өмірге келе бастады. Халықтың ақпарат алу және талдау мүмкіндігі көбейді.  
Алғашқы заңдағы айрықша мәнді жаңалық пен жариялылық Қазақстандағы баспасөздің өзгеше өнімді жұмыс істеуіне ықпал етті. 1992 жылдың қыркүйек айында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясы құрылды. Бұл қадам байтақ рес-публика жұртшылығын ақпаратпен жан-жақты қамтамасыз ететін арнаның шығармашылық қуатын бұрынғыдан әлдеқайда арттырып, бағдарламалардың мазмұнын барынша мәнді етіп, жалпақ жұртты ел егемендігін бекемдеуге бағытталатын игі істерге жұмылдыру, жағымды жаңалықтарды насихаттау, ізгілікке үгіттеу сорабындағы табыстарға қол жеткізді. Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жиі кездесулер өткізе бастады. Ел мұратын қаужайтын мұндай жүздесулерде Мемлекет басшысы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері еліміздің дамуындағы көкейтесті мәселелерді талқылайтын болды және мұндай жүздесулер дәстүрге айналды.  1994 жылы Қазақстанның телевидениесі мен радио хабарларын тарату орталығының жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұрынғы мемлекеттік телерадио хабарларын тарататын «Қазақстан» компаниясының негізінде республикалық «Қазақстан телевидениесі мен радиосы» корпорациясы құрылды. Бұрынғы жүйенің өзгеруі еліміздегі электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа дәуірге қадам басуы үшін қажетті деп түсіндірілді. Өзгеріс аз уақытта өз жемісін бере бастады.      
Замананың жүйрік те жылдам ағымы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жетілдіріп, ақпараттық алаңды барынша кеңейте түсуді талап ете бастады. Егер сол кездегі заңды-құқықтық базаны жоқ жерден бастасақ, кейін 1995 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен тұңғыш рет Қазақстан Республикасының «Баспасөз туралы» Заңы қабылданды. Уақыт өте келе, бұл заңға үш мәрте түрлі өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Медиа саласының келесі кезектегі дамуы 1996-1999 жылдардың еншісіне тиеді. Бұрынғы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен баспаханалар жекешелендіріліп, бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін мемлекеттік тапсырыс ала бастады. Бұл кезең отандық ақпараттық кеңістікті ұлғайтып, қазақстандық бұқаралық ақпараттық құралдардың рөлін көтеріп, шын мәніндегі төртінші билік дәрежесіне жеткізді.
Сала жылдар өткен сайын заман талабына сай түрленіп, жаңартылып отырды. 1997 жылы ел Президентінің Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі» республикалық кәсіпорны құрылды. Енді осы оң үрдісті одан әрі дамытудың құқықтық негіздері қажет бола бастады. Осы орайда, Елбасы 1997 жылдың 3 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының біртұтас ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Президенттің тапсыруымен 1999 жылы жаңа заң күшіне енді. Көп ұзамай 2001 жылы оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңдардың қай-қайсысы болсын, бұқаралық ақпарат құралдарын демократияландыру, әлемдік талаптарға сай жетілдіру және саясаттан тыс дамуына жол ашу үшін барынша тиімді болғандығын атап айтуға болады.
Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарын саяси-экономикалық даму сатыларына сәйкес жетілдіру үрдісі осылай ұдайы жүріп жатты. Тұжырымдамада мынадай маңызды міндеттерге айрықша назар аударылды және жүзеге асыру жолдары белгіленді. Айта кетелік, ақпарат саласының мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру, отандық және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ақпараттық телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сандық теледидарды енгізу. Айналып келгенде осы үш міндеттің бәрі республикадағы барлық сипаттағы бұқаралық ақпарат құралдарының одан әрі өркендеуіне ықпал етуде.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы медиа саласы дамудың жаңа кезеңінде. Оған айрықша серпін беріп отырған қозғаушы күш – Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы. Заңның жаңа редакциясында дамуға кең жол ашатын мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл орайда мемлекет тарапынан өкілетті орган Ақпарат және коммуникация министрлігі шешуші рөл атқаруда. Шындығын айтқанда, сөз еркіндігін дамуымыздың басты бағытына жұмылдыру жалғыз заң талаптары ғана емес, әрбір журналистің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әрбір мақалада, әрбір мақаланың ішінде қолданған сөзде елдік мәселе қозғалу керек. Шынтуайтында сөз өнерін қуған адамдардың абырой мен атаққа ие болуы оңай іс емес. Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм «Қарапайым әрі түсінікті жазу –  шыншыл әрі мейірімді болу тәрізді қиын шаруа» деген болатын.
Ақпараттық алаңды толық мәнінде қамтамасыз ету үшін мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарымен де байланысты жетілдіре түсу қажет. Біздің елімізге журналистиканың жаңа қалыптары, жаңашыл ой қажет. Бүгінгі таңда бірлікті нығайту, келісімді өрістету айрықша маңызға ие. Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдарының да міндеті аз емес.

Гүлмира КӘРІМОВА,
облыстық ішкі саясат
басқармасы басшысының
орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар