Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Менің журналистік мектебім» - АРҚА АЖАРЫ

«Менің журналистік мектебім»

аға әріптестеріміз өздері қадір тұтатын сүйікті мамандықтары жайында

 

Қайтсем де журналистика факультетіне түспей қоймаймын деген оймен 66 жылдың күзінде ҚазМУ-дың сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырдым. 

Жатар орным дайын – есімі елге белгілі жерлес ақын Жақан ағайдың, кәдімгі Жақан Сыздықовтың үйі. Ақыры жолым болып, оқуға түсіп, сол жылдың күзінде  облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне аудармашы-тілші қызметіне  жарты ставкамен жұмысқа орналастым. Өтірік айтып қайтейін, алғаш мүйізі қарағайдай дейтіндей, бүгінде марқұм болған жауапты хатшымыз Тұрсекеңмен, Тұрсынбай Кәкімов, одан бертінгі Октябрь Бұхарбаев, редакторларымыз Өміржан Оспанов, одан кейінгі Жанайдар Мусин, орынбасарлары Естай Мырзахметов, Сүлеймен Ақтаев, бүгінде дүниеден өткен Баян Нұрпейісов, Әуез Өтеев, Әбділда Дүйсенов, Хакімтай Әміров, бөлім меңгерушілері Жомарт Оспанов, Маман Ементаев, Нұрқан Ысқақов, Мәтен Бижанов, Сәкен Хасенеев, Сәкен Әубәкіров, тілшілер Кенжетай Ғазизтегі, Ерғали Досбаев сияқты ағаларыммен қалам жарыстыра жұмыс істеу оңайға түспеді.  Жұмыстың ара-арасында материалдарды редакциядан әжептәуір жердегі баспаханаға жаяулап таситын курьерлік міндетті де жауапкершілікпен орындауға тырыстық.
Ол уақытта басшыларға «менің жалақым қандай болады?», «Қаламақымды неге дұрыс қоймайды?», «Лауазымдық қызметімді қашан жоғарылатады?» деген сияқты көкейдегі сұрақтарды қоя алмайтынсың.  Газет жұмысына араласа жүріп, ара-арасында әдеби шығармалар жазуға да ден қоя бастадым. Бертінірек алғашқы мақалаларым, суреттемелерім республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері», «Ара», «Еңбек таңы» (қазақ зағиптар қоғамының органы) журналдарында жарық көрді.
Осы арада мына жәйтті де айта кетудің артықтығы жоқ сияқты. Мақтанғаным емес, журналистік мамандықты таңдап, журналист атанған 50 жыл ішінде газет беттерінде жарияланған түрлі жанрдағы материалдарымнан басқа осы күнге шейін ірілі-ұсақты жиырмадан астам кітабым жарық көрген екен. Солардың ішінде «Кәуіктің өкініші», «Бірқақпайлар», «Қырсыздықтың қырсығы», «Шырмауық», «Деген екен», «Күлсек күлейік, кәнекей», «Құныққанның кесірі» атты сықақ кітаптарым үшін кейбір ағайындар «сатирик жазушы» деп те мадақтап қоятыны бар. Оған қоса, бүгінде зейнеткер журналистер қатарында болсам да алдағы күндердегі 70 жылдық мерейтойым қарсаңында «Өмір-өзен» деген атаумен кезекті жаңа жинағымды да оқырмандар назарына ұсынғалы отырмын. Сөйтіп, биылғы жыл – Тәңірім қолдаса, журналистік еңбегіме 50 жыл, өзімнің ата жасы – 70-ке толар  торқалы тойыма ұласпақшы.
Кешегі кеңес заманында партияның әр съезі өткен сайын журналистерді Алматыдағы жоғары партия мектебінің арнайы курстарына алдырып, сонда дәріс алып қайтушы едік. Тіпті, кезінде обкомның жауапты қызметкерімен бірге Өзбекстан астанасы Ташкентке «Атеистік тәрбие» тақырыбында өткен жарты айлық семинар жұмысына да қатысып, едәуір тәлім-тәрбие алғандығымыз да бар-тын. Қазіргі журналистерде ондай білім көтерудің соның бірі де жоқ деуге болады.
Бүгінгі таңда қиын да құрметті мамандық – төртінші билік иелері атанып жүрген журналистік мамандықты қалап алған іні-қарындастарыма айтарым, алда келе жатқан дәстүрлі Баспасөз мерекесі күні құтты болсын! Бойларыңыздан қуат, жүздеріңізден шуақ кетпесін, қалам ұшы қайырылмасын, шабыттарыңызға шабыт қосылсын деп тілеймін! Мерекемен, құрметті әріптестер!

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының
 мәдениет қайраткері,
 журналистика ардагері.   

 

 

 

Онжылдықты бітірген кезде мен өзгелер сияқты қандай мамандықты таңдаймын деп көп бас қатырған жоқпын. Бірден аудандық «Прогресс» газетінің табалдырығынан аттадым. Бір ай бойы қисыны келсін, келмесін Әбу Айзахметовтің,  хатшы-аудармашы Мүсілім Құсайыновтың түзетіп, шимайлауымен аударғандарым газет бетіне шығып жатты. Сызылмаған жолы қалмайтын аудармаларымды қолыма ұстатып, қалай аудару керектігін көр, үйрен дейді. Ал, мына шимайларды көрген сайын мынандай тірлікке қайдан тап келдім деп қараптан-қарап қорланамын. Ақыры, шыдам таусылды. Жасы әкемнен үлкен Әбу ағаға:
– Менен журналист шықпайды екен. Босатыңыз, – дедім.
– Не деп тұрсың, ә! Бәріміз де аяғымыз аспаннан салбырап журналист бола қалғанымыз жоқ. Әлі оқытамыз, партшколға жібереміз. Бүгін қиналғанмен, ертеңдері төселіп нағыз жазғыш журналист боласың, – деп бетімді өзіне қаратып алдым деді ме, – Енді мұндай сөзіңді естімейтін болайын, – деп сырт айналып жүре берді.
Менің журналистік алғашқы соқпағым осылайша қаланды. Арасында Новосибирскінің теміржол инженерлерін даярлайтын институтында да оқыдым. Айналып-үйіріліп, 1972 жылдың шілдесінде өзім босағасын алғаш ашқан «Прогресс» газетіне қайта оралдым. Өйткені, сол тұста аудандық газеттің қазақша басылымын шығаратын журналист қалмады. Алпыс жастың бел ортасына келіп қалған Дуанбай Әлімжановтан басқа адам жоқ. Сол кісінің нұсқауымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зекен Рамазанов Ерейментау локомотив депосында жұмыс істеп жүрген жерімнен өзіне шақырып, бір күннің ішінде газеттен бір-ақ шығарды. Бес жыл бойы газет редакторының орынбасары қызметін атқардым. Ауданның тірлігіне қатысты мақалаларымды, очерктерімді облыстық «Коммунизм нұры» газетіне жолдап та жатамын. Ондағы ол кезде түрін де көрмеген Мәди Хасенов, Мәлік Нұрпейісов, Тұрсынбек Тасқожин және басқа аға буын журналистер жібергендерімді жерде қалдырмайды. Тіпті, ана тақырыпта, мына тақырыпта мақала жазып жібер деп қолқа салып, өздерінің менің материалдарыма деген жылы лебіздерін де білдіреді. Мәди ағаның бір хатында: «Газетке кел. Қызметке алу жағын редактормен өзім келісемін»,  – деп жазып та жібергені бар.
Мен 1984 жылдың 4 сәуірінде «Коммунизм нұры» газетінің табалдырығынан аттадым. Менің шын мәніндегі журналистік қадамымның нағыз шыңдалу баспалдағы осында қалыптасты. Мәди Хасенов, Рафық Фазылов, Баймұрат Есмаханов. Рамазан Ахметовтерден мақаланы қалай ұйымдастырып, қандай мәселелерге айрықша көңіл аудару керектігіне көзімді қанықтырдым. Оның үстіне мұнда маған дейін Жылқыбай Жағыпарұлы, Төлеген Ілдебаев, танымал жазушы Алдан Смайылов, Марат Дәдікбаев сынды қаламы ұшқыр журналистер қызмет істейтін. Бірінен-бірі асырып жазбаса, кем түспейді. Нағыз іштей оң сипаттағы бәсеке.
Сын мақалаларға көбірек ден қоятыны  да бар. Соның бірі – әсіресе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Рихард Федорович Кремердің Қорғалжын ауданындағы «Қарашалғын» совхозының қораларын туберкулез індетінен тазартып, артынан сол жерге ауру малдарды қайта жинастырған әрекетіне қатысты сын мақалам облыс деңгейі былай тұрсын, республикалық ауқымда үлкен шу туғызды.
Әрине, жазар тақырыптардың ауқымы бүгінде азайды, көтерілер мәселе жоқтың қасы деу тым ұшқары байлам. Халықтық бірліктің қазығы іспетті – ұлттық қоғамдардың тыныс-тіршілігі, кейінгі кезде ең шетін мәселеге айналып отырған жер тағдыры, ауылдың жайы, жолдары…Солардың бәрін қотара жазып, облыстық деңгейде өзекті мәселе етіп көтеру де журналистердің маңдайына жазылған тағдырмен еншілес дегім келеді.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
 «Арқа ажары» газетінің  бұрынғы бөлім меңгерушісі.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар