Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рәкеңнен қалған бір әңгіме - АРҚА АЖАРЫ

Рәкеңнен қалған бір әңгіме

Әне бір жылдары, бұрынғы Көкшетау облысы кезінде телерадио хабарларын тарату компаниясында Рәшат Иманов есімді ағамызбен қызметтес болдық. Жылы жүзіне жұмсақ күлкі үйіріліп тұратын, астарлап сөйлейтін, қазақы әңгімені әзілмен көмкеріп, әдемі айтатын кісі еді, жарықтық. Бізге дейін бұрынғы Жезқазған облысында қазақ телеграф агенттігінің меншікті тілшісі болып қызмет істепті. Содан елге келген беті. Қызылту өңірінің тумасы екен.

 

Ара-тұра қолы қалт еткенде Жезқазғанда қызмет атқарып жүрген кезіндегі қызықты оқиғалардың майын тамызып айтатын. Бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнаған ағамыздың кейінгі жылдары аты аталмай қалды. Жайсаң жаннан қалған жалғыз ауыз сөз болса да ел есіне тағы бір салайыншы деген ниетпен, төл мерекемізде Рәкеңнен естіген әңгімені баяндап берейінші.
– Өздерің білесіңдер, Жезқазған өңірі шет-шегі жоқ сайын дала. Біздегідей ойдым-ойдым орман, төңкеріліп түскен қазандай адыр-төбелері жоқ, жып-жылмағай. Егін де оншалықты көп егілмейді. Негізінен, мал. Қырда үйір-үйір ақбөкен жосылып жүреді. Ит басына іркіт төгіліп жатқан заманда қоңыр күзде қызылсыраған біреулер болмаса, аң аулау сирек. Төрт аяқты тағының кең далаға сыймай, толықси туырылып, жыртылып айырылып жатқан уақыты. Бірде іссапарға шыққанбыз. Қонақ үй болмаған соң қоналқыға ауыл шетіндегі, қарамы әжептәуір кең шаңыраққа ат басын тіредік. Ол жақ қонақжай, меймандос келеді. Іле өмірі көріп білмеген, бірақ, құдайы қонақ есебіндегі жолаушыларға бір тоқтыны жайратып тастаған. Төр алдында, құс жастықты шынтақтай жастанып, сүт қатқан қою шайды мейіріміз қана ішіп, амандық-саулық аужайындағы бірталай әңгіменің басын шалдық. Әлден уақытта туырылып піскен семіз тоқтының еті алдымызға тартылды. Жалғыз емеспіз, үй иесі ел ішіндегі үлкендерді қоса шақырған. Ішімізге ел қонған соң әрқилы тақырыптағы естеліктер айтыла бастады. Тізе қағыса отырған, ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей денелі, қара бұжыр реңінде өзгеше айбары бар адам осы төңірекке аты шыққан, сонардан қанжығасы құр қайтпайтын аңшы болып шықты. Аңшы әңгіменің тиегін ағытты. Әңгіме айтқанда да ауанына қарай аударылып, төңкеріліп, арқасы ұстаған бақсы құсап, бір орнында отыра алмай, беріле айтады екен. Бір жылы деген ол, Қарағандының арғы бетінен бес жылқының құнын беріп, қарагер бесті сатып алғанмын. Әлі бәйгеге қосып үлгерген жоқпын. Ол үшін жарату керек. Жаңа ғана сатып әкелген кезім еді. Бір күні ауылдың қотанындағы құдықтан суарайын деп жайдақ мініп шықтым. Қауғаны салып жіберіп, мөп-мөлдір суды науаға құяйын деп жатқанда, баз жақтан «қасқыр-қасқыр» деген дауыс шықты. Қарагер бестіге қарғып міндім де құйғытып тұра тарттым. Малшылардың қаупі шын екен. Тышқаншылап келді ме, жоқ әлде, ауыл адамдарының жайбарақаттығын сезді ме, шынымен тасқапқыр төңіректепті. Баздың оң жақ қылтасынан созалаңдай желіп, жөнеп барады. Тіпті, малшылардың айғайынан, даңғаза дабылдан айылын жиятын түрі жоқ. Жер баспайтын қарагер бестімен тұра қудым. Ол да шын жүйрікті дүбірінен таниды емес пе, қарагердің төрт тұяғы қара жерге қадала түскен дабысын аңғарып қалды-ау деймін, қос құлағын жымитып алып, шын шабысқа салды. Әдейілеп жаратпасам да, Қарағандыдан әкелгелі  ішін тартып бабында тұрған қарагерім де, жануарым-ай жылқы-ақ екен. Әне-міне дегенше қылтадан қылт еткен қасқырдың жон арқасындағы қара қылшығын анық көрдім. Енді бір сүт пісірім уақыт өткенде жолдағы өзекті кесіп өте берген нән қасқырмен құрық салар шамаға жеттім-ау. Атайын десем, иығымда мылтығым жоқ. Қарымы қаптал жетіп тұрған қарагердің үстінде шауып келе жатып-ақ қақ сойылмен қара тұмсықтан қағып жіберейін десем, қолымда сойылым да жоқ. Қапталдаса бере, сәл еңкейіп, таралғыны босаттым да, үзеңгімді суырып алып, қақ маңдайдан салып жібергелі қолымды көтере бердім,–дейді аңшы алға ұмтылып. Енді болмаса сілтеп қалардай. Үйіре тартып, соғып өтетіндей. Сол сәтте қасында отырған ауылдасы қолынан ұстай алды, қолдың ұмсынуымен ащылау мәндегі сұрағы бірге шықты:
– Сен жаңа жайдақ шығып едің ғой, үзеңгіні қайдан алдың?
Шабыт қысқанда жайдақ шыққанын ұмытып кеткен аңшы тілсіз қалса керек.
– Аңшының әңгімесі осы жерден үзілді,– деуші еді иманды болғыр Рәшат ағам,–шабыт деген осындай болады ғой, кейде журналистер қауымы да аңшылар құсап шабыттың шалығы әбден қысқанда жайдақ шыққанымен, үзеңгісін ұстап жүреді.
Арада қаншама жыл өтсе де Рәкең айтқан реңді әңгіме жадымда жүруші еді. Мереке қарсаңында атаусыз қалған ағамның аруағы разы болсын деп аманат әңгімесін таңбалап тастадым.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар