Отанымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы аса маңызды қадам. Аталмыш кеңеске мүше болуға ниет білдірушілер көп.
Сол мемлекеттердің арасынан суырылып алға шыққанымызға өте қуаныштымын. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Бұл еліміздің қазіргі халықаралық қоғамдастықтағы рөлінің зор екенін білдіртсе керек. Қазір экономикалық және саяси тұрақсыздық орнаған әлемде бейбітшілік пен ұлтаралық ынтымақты саяси дамудың басым бағыты етіп ұстанған еліміз өзге мемлекеттерге үлгі екені анық. Сол себепті, дүние дидарындағы ең ықпалды ұйым тұрақтылықты нығайтуда әріптес ретінде сенім білдірді.
Еліміз Біріккен Ұлтар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануға ынталы екенін 2010 жылы мәлімдеген болатын. Астана өз кандидатурасын ұсыну бойынша ресми науқанды 2013 жылы бастаған еді. Осы орайда, елеулі оқиға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жеңісі деу орынды. Сондай-ақ, осы мақсатқа жету жолында бір топ қазақстандық дипломаттар мен қоғам қайраткерлері де аянбай еңбек еткенін атап өткеніміз жөн.
Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің кепілі болып табылатын белді ұйымға мүше болу үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Айтар болсақ, бұл мүшелік мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ. Осы абыройлы міндетті еліміз мінсіз атқаратынына сенім мол.
Елена МАЩИНСКАЯ,
облыстық мәслихаттың депутаты.