Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ - АРҚА АЖАРЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ

Қазақ азаттық қозғалысының ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегіне тұспа-тұс келді. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен, Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрды. Бұл қазақтың тарихи зердесіндегі ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан қоғамдық-саяси іс-әрекеттері болатын. Осы ел үшін өз басын құрбан еткен ат төбеліндей зиялылар тобын баулыған  Әлихан Бөкейханов еді. Ә.Бөкейханов сияқты ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ.

Ұлттық мемлекет құру Әлихан Бөкейханов және оның соңынан ерген буржуазиялық-демократиялық бағыттағы зиялы қауымның түпкі мақсаты болды. Ол ұлт мәселелерінің жоқтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде осы күрес жолындағы көш бастаушысы еді. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады.  «Халық бостандығы» партиясының  қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп-жетілуіне, кейін белгілі мемлекет қайраткері, әрі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанға буржуазиялық қатынастардың енуі, ұлттық буржуазия мен интеллегенцияның қалыптаса бастауы, жалпыхалықтық ояну жағдайында ұлттық-мемлекеттік бірлік мәселесі күн тәртібінде қайтадан қойылды. Осы тарихи кезеңдегі ұлттық саяси элитаның мемлекет туралы ұғым-түсінігін, бағыт-бағдарын Ә.Бөкейханов ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты – ұлттық мемлекеттің болуы деп түсінді.
Ә.Бөкейханов саяси өмірбаянында 1916 жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. Қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісіне Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялыларының «Қазақ» газеті арқылы үзілді-кесілді қарсы шығуы да ұлтты жаппай қырғыннан аман алып қалудың саяси бейбіт жолын ұсынуынан еді.
Ә.Бөкейханов Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Осы кезден бастап ол уақытша үкіметтің саяси өміріне белсене араласа бастайды. Бірақ, ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. «Қазақ» газетіндегі  «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді», – дей келе: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық», – дейді.
Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым «Алаш» партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында  Бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы  жарияланады. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді. Өз кезегінде Ә.Бөкейханов үшін кадет партиясынан шығып, ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік егемендікке жету жолында жасалған келесі саяси қадам еді.
1917 жылғы 20-21 шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд партияға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық, федеративтік, парламенттік республикаға құрылмақ…». Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал, Торғай обкомының төрағасы болып Ә. Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.
Алашорда үкіметінің құрылуына тікелей түрткі болған, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен, Қазақ мемлекеттілігі туралы мәселе қаралған ІІ Жалпықазақ-қырғыз съезін ұйымдастырушылар  Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов болған. Съезге қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан  58 делегат, әртүрлі қазақ ұйымдарының атынан  8 делегат және арнайы шақырумен  15 адам,  барлығы 81 делегат қатысқан. Әр уезден 2 ақсақал, әр облыстық қазақ комитетінен 2 өкіл және арнайы шақырылған 30 адам: олардың қатарында Ғұмар Қарашұлы, Қайырша Ахметжанұлы, Ғабдолла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбет Бірімжанұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Уәлихан Танашев, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар, Бақтыкерей Құлманов, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл Маманұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Салық Қарпықұлы, т.б. болды. Ендігі мәселе Алашорданың  төрағасын балама негізде сайлау басталады. Үкімет төрағасына 3 қайраткердің – Ә.Бөкейхановтың, Б.Құлмановтың және А.Тұрлыбаевтың кандидатуралары ұсынылды. Жасырын дауыс нәтижесінде Әлихан Бөкейханов 40 дауыс, Айдархан Тұрлыбаев 20, Бақтыгерей Құлманов  19 дауыс алды. Көп дауыс алған Ә.Бөкейханов Алаш автономиясының өкіметі – Алашорданың төрағасы болып сайланды. Алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасап, ол жөнінде «Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады» – деп қаулы қабылдады.  Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы болды. Ең бірінші, Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен, жері болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей. Екінші ұстанымы, Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Төртінші ұстанымы, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бесінші, ең негізгі ұстанымы бо-йынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек.  
Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясына ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осы ұстанымы үшін 1920-22 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімінен кейін Әлихан Бөкейханов қалған өмірін ғылыми-зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше осы мақсат жолында жасаған қызметі сан алуан. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ. Кеңестік үлгідегі Казақ автономиясы құрылған кезде Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының аумағы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Осы арада бір айта кетер жайт, Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейхановқа мынадай баға береді: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай, бірден Әлихан Бөкейхановқа  барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?».  Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті дәл түсінген Әлихан бабамыз осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін қазақтарға қажет жер нормасын анықтауда белсенділік танытады. Ол сыртта жүрсе де, ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында қазақ ұлтының дамуына қатысты күрделі мәселелерді, мысалы, солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда автор әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар жиі орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал, жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Ә.Бөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарарларды Әлихан Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып, талқыға ұсынып отырған.  Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып, Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губерния-ларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына  беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54 пайызы екенін атап өтті. Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе, «Қазақ республикасын құру шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын», – деп жариялады. Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда, бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек болды. Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі бүкіл қазақ өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен аумақ мәселесі 14 және 16-17 тамызда талқыланып,  24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді. Сөйтіп, Әлихан бабамыз «Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті.
Ұлы қайраткердің соңына ерген інілері, азаттықтың құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: «Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ» дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді. Қошке Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндеріне, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған  Әлекең».
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс  бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, –
деп С.Торайғыров айтқандай,  Ә.Бөкейханов  әрқашанда қазақ жүрегінде жеке дара тұлға болып қала бермек.
Осындай жүрегі елім-жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бостандығы мен дербестігіне арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды, жанкешті еңбектері жас ұрпаққа асқан үлгі, өнеге. Ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының артына қалдырған асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық.
Қорыта келе, халық жүрегінде мәңгі сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың абзал парызы дегіміз келеді. Үстіміздегі жылы кемеңгер тұлға, Алаштың біртуар перзенті, қоғам қайраткерінің туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған байланысты бір шеті Түркияда, өз елімізде ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ұлы тұлғаға лайықты құрмет көрсетілуде. Алаш көсеміне осындай игі шаралар жер-жерде жыл аяғына дейін әлі де жалғасар деген сенімдеміз.

Аяған НҰРЖАН,
тарих пәнінің мұғалімі.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар