Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тың деректер айтылды - АРҚА АЖАРЫ

Тың деректер айтылды

Таяуда Алаштың ақтангері Біржан сал Қожағұлұлы туралы  деректі  фильм түсірілді.

«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының «Ұлы дала елі» жобасының аясында  Еділ  Шуақбайұлының продюсерлігімен түсірілген фильм Біржан салдың өмірі мен шығармашылығына арналған. Белгілі актер Ғани Құлжанов жүргізген фильмде ақын, жыршы Жұмабай Есекеев, айтыскер ақын Баянғали Əлімжанов, Біржан салдың жиені Сауытбай Əбішұлы, облыстық филармонияның əншісі Сəрсенбай Хасенов секілді өнер жолында жүрген жерлестеріміз Біржанның өміріне қатысты тың деректер айтып, əндерінің тарихына тоқталып, нақышына келтіріп орындайды. Фильм оның ғұмыр кешкен жері қазіргі Степняк қаласы, Жөкей көлінің аумағы мен Бурабай өңірінде, Көкшетау қаласында түсірілген. Біржанның əндерінің мəтіндеріне қатысты да бірқатар пікірлер айтылады. Мəселен, оның «Айтбай» деген əнін бүгінгі əншілер Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына бейімдеп, қайта жазған Қажым Жұмалиевтің сөзімен шырқап жүр. Əннің түпнұсқасы Біржан салдың ерте қайтыс болған «Айтбай» деген қызына арналған. Ал, оның біз көріп жүрген суреті мүлде басқа адамның суреті екен. Кеңес Одағы кезінде жоғарыдан ақынның суретін табыңдар деген бұйрық түседі. Содан,  Еңбекшілдер аудандық мəдениет бөлімінің сол кездегі басшысы Əлкен Аужанов қысылған шақта үйінде тұрған атасының суретіне ұқсатып, Біржан-Сара айтысындағы Сараның Біржанды суреттеуіне қарап, суретші Əбілхан Қастеевке біз көріп жүрген суретін салдыртса керек. Сондай-ақ, фильмде туған жылы мен жеріне қатысты да сөз қозғалады. Оның туған жылы 1824 емес, 1834 жыл, ал туған жері Солтүстік Қазақстан емес, Еңбекшілдер ауданының Жөкей көлінің маңы екені айтылады. Еңбекшілдер аудандық Біржан сал атындағы мəдениет үйінің «Көкек» фольклорлық ансамблінің орындаған Біржан əні  фильмнің мазмұнын аша түседі. Біржан мен Сара айтысының болғаны, я болмағаны жайында да екі жақты пікірлердің бары айтылады. Айтыс өмірде болмай, оны Əріп Тəңірберген жазып шықса, бұл Біржанның сол кездің өзінде-ақ танымал болып, айтыстың кейіпкеріне айналғанының айғағы. Фильм барысында Жұмабай Есекеев осы айтыстан үзінді оқиды. Ақынның мұрасын насихаттап жүрген Баянғали Əлімжанов Біржан сал туралы түсірілген Досхан Жолжақсыновтың филімін сынап, көкірегі ояу көрерменнің көңілінен шықпағанын айтып, ренішін білдірді. «Біржанның Біржандығы бір əйелдің үйінен шығып, екінші ауылдың қыз-қырқынын аңдуы емес, асқақ, əдемі əндері екенін көрсету керек еді. Ал, екі ағасы Ержан мен Нұржанның оны қартайғанда байлап тастапты, жынданды деуі де теріс. Біржанның өзі «…Алпыс бір мүшеліме келген кезде, Біржанды қойғаның ба шалықтатып?!» немесе «…Құдайым берді науқас ғаріп басқа» дейді. Ол бұл жерде ағаларын кінəлап отырған жоқ. Ауруды берген Құдай дейді. Қартайған шағында шалық тиіп ауырғаны рас, сондықтан, қасына адам ертіп, жалғыз жүргізбеген, байлаған да болуы мүмкін. Бірақ, қинап, қорлық көрсетті деген пікірден аулақ болуымыз керек», – дейді ол. Еліміздегі фестивальдер мен концерттердің бірде-бірі Біржанның əнінсіз өтпейді. Біржанның шығармашылығы елмен жасап келе жатыр, алайда, осы уақытқа дейін Біржан сал атындағы бірде-бір республикалық əншілер байқауы өтпегенін де айтып кетеді Баянғали Əлімжанов. Ғафу  Қайырбеков    «Ақан  сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естайлардың рухани əкесі Біржан сал» деп баға берген жерлесіміз туралы деректі фильмді ғаламтордан көріп, тамашалауларыңызға болады.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар