Жасынан жан дүниесіне дарыған ақындық қасиет Марфуға Бектемірованың əдебиет əлемінен лайықты орын алуына əсер етті.
Ол өзіндік қолтаңбасы, өршіл үні бар талантты ақын ретінде елге танымал болды. Рухы биік, адамгершілігі мол парасатты қайраткер қыздың жан-жақты қасиеттері – ақындығы, жазушылығы, журналистік тұрғыдағы шеберлігі «Нұрлы дүние» кітабында айқын көрінеді, уақыт өткен сайын саф алтындай жарқырап, көзге түседі. Аталған кітап елордадағы «АстанаБланкИздат» баспасынан жарық көрді.
Жаңа кітаптағы Марфуғаның ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге, ана тіліміздің мəртебесін көтеруге, қазақтың ұясы – ауылды сақтап, дамытуға, еліміздің тірегі – тəуелсіздікті көздің қарашығындай қорғауға үндеген ойпайымдаулары, терең толғаныстары оқырман жүрегіне жол табатыны ақиқат.
Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарау «Жақсы сөз жақсылыққа жетелейді», екінші тарау «Өмірімнің мəні», үшінші тарау «Асыл ағалармен сырласу» деп аталады. Мұнда мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың, ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбектің, Халық қаһарманы Əзірбайжан Мəмбетовтың, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дарынды жазушы Айгүл Кемелбаеваның жəне басқаларының Марфуға ақынның шығармашылығы туралы жылы лебіздері берілген. Екінші жəне үшінші тараулардағы жарияланған Марфуға Бектемірованың туындылары оқырман қауымға жақсы əсер қалдырады деген ойдамыз.
Зарема СЕРІКОВА.