Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Нұр» кешені жəне «NSG – Project», «My new revolution» жобаларымен бірлесе акция өткізді.
Аталмыш акцияға өңіріміздің спортшылары, қала тұрғындары жəне жастар қатысты. Шараның ашылу рəсімінде «Нұр» кешені директорының міндетін атқарушы Гүлия Байманова, Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының əдіскері Анаргүл Белгібаева сөз сөйлеп, жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жоғары нəтижеге қол жеткізетініне сенімді екенін айтты.
Содан соң сөз кезегі бодибилдингтен республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы Андрей Крухмалевке беріліп, ол жиналғандарды спортпен айналысуға шақырды. Бұл тек денсаулыққа ғана пайдалы емес, сондай-ақ, заман талабы екеніне баса назар аударды.
Шара соңында жазғы олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың құрметіне олимпиада түстерін бейнелейтін əуе шарлары ұшырылды. Акция жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұласты.
Назгүл РАБИЛОВА.