Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұлақ көрсең көзін аш - АРҚА АЖАРЫ

Бұлақ көрсең көзін аш

Қорғалжын аудандық балалар шығармашылық үйі бүгінде аудан орталығындағы көптеген талантты балалардың сүйікті орнына айналды.

Бір кездері «Пионерлер үйі» болып жұмыс істей бастаған мекеме тоқсаныншы жылдары мүлдем жабылып қалған еді.   Кейіннен 1999 жылы қайта ашылған бұл орталық 2014 жылы аудан əкімінің шешімімен «Қорғалжын аудандық балалар шығармашылық үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорны болып қайта құрылды. 2015-2016 жылғы оқу жылында мұнда 5 үйірме жұмыс істеді. «Шебер қолдар» (жетекшісі А.Тұрғынбаева), «Сиқырлы қылқалам» (А.Тұрғынбаев), «Angels» (Д.Түсіпбеков), «English club» (Б.Аққожина) жəне «Ерекше жəдігерлер» (А.Жұрқаева) сынды үйірмелерге барлығы 95 оқушы қатысады екен.
Асылбек Тұрғынбаев жетекшілік ететін «Сиқырлы қылқалам» үйірмесіндегі 21 оқушы бейнелеу өнерінің қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алған. Бұл орайда, оқушылар тек сурет салудың түрлі əдіс-тəсілдерін үйреніп қана қоймай, ең алдымен қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан қабылдауға бейімделеді. Яғни, басты мақсат оқушылардың бəрінің қылқалам шебері болуы емес, олардың дүниетанымын кеңейтіп, жан-жақты дамыған азамат ретінде тəрбиелеу.
Ал, шығармашылық үйінің басшысы Бейбітгүл Дулатқызы Аққожина болса 12 оқушыға сабақтан тыс уақытта ағылшын тілін үйретеді. Сондай-ақ, «Ерекше сəнгерлер» үйірмесінде табиғи материалдармен жұмыс істейді, қолөнермен айналысады.
Мұндағы «Angels» заманауи би студиясын тек шығармашылық үйінің ғана емес, жалпы ауданның мақтанышы деуге тұрарлық. Бір кездері осы Қорғалжын ауданында мектеп оқушыларынан құрылған «Фламинго» би ансамблі талай байқауларда жүлде алып, тіпті, халықаралық «Шабыт» фестивалінде де алдыңғы саптан көрінгендігі белгілі. Міне,  бүгінгі жас бишілер де сол дəстүрді жалғастырып, көрермендердің көзайымына айналып келеді. Барлығы 25 оқушы қатысатын аталмыш би студиясының өнерпаздары бірнеше рет «Ақмола жұлдыздары» байқауының лауреаты жəне дипломанты атанды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында өткен ІІ Халықаралық «Тұлға» би фестивалінің Гран-при иегері екендігі де жас жеткіншектердің шеберліктерін байқатса керек. Ал, өткен жылы Астана қаласында өткен K-Popfestival халықаралық байқауында тағы да Гран-при алып өздерінің болашақтарынан мол үміт күттіретіндіктерін дəлелдеді. Бір қуанарлығы, студия қатары жыл өткен сайын жас өрендермен толыға түсуде.
Бұл арада назар аударатын бір мəселе, ол осыншама игі істерге бастамашы болып отырған балалар шығармашылық үйі аудандық мəдениет үйінің шағын екі бөлмесін ғана паналауы. 2014 жылы  аудан əкімі сонау 1928 жылы салынған аудандағы көненің көзіндей ғимаратты балалар шығармашылық үйіне беру керек деп шешкен екен. Бұған қуанған шығармашылық үйінің ұжымы керек құжаттарын дайындап, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны да есептеп қойған. Барлығы 210,5 шаршы метр болатын бұл ғимаратты жөндеуге шамамен 1 миллион теңгедей қаржы қажет болған. Міне, бар гəп осыдан туындаса керек. Əкімдік қажет қаржыны тауып бермегендіктен жөндеу жұмыстары əрине, жайына қалған. Ал, ең өкініштісі, биыл əкімдік бұл ғимаратты коммуналдық меншікке қайтып алып, жекешелендірілуге тиіс ғимараттар тізіміне енгізіпті. Сонда талай жерде жүлде салып, ауданның атын шығарып жүрген жас жеткіншектерге қимаған ғимарат бір кəсіпкерге сатылса аудан бюджетінің қай жыртығын жамайды?! Бұл сұраққа жауапты тиісті адамдар бере жатар. Тек, «Бар жақсылық – балаларға!»  деген қағиданың кейде назардан тыс қалатындығы қынжылтады. Сондай-ақ, кейбір үйірме жетекшілерінің 0,5 штаттық бірлікте, яғни, жарты жалақыға жұмыс істейтіндігі де ешкімге абырой əпермесе керек.

Талғат ҚАСЕН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар