Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен ІІІ халықаралық «Ыстықкөл толқынында» балалар шығармашылығы байқауына қатысқан «Аққу» ұлттық би ансамблі бірінші орынды жеңіп алды.
«Достар» мəдениет сарайының жанынан «Аққу» ұлттық би ансамблі 2013 жылы құрылған еді. Алғашқы жетекшісі Бекзат Жүсіпова болды. Ə дегеннен-ақ, қалалық, облыстық іс-шараларға белсене қатысып көрермен көзайымына айналған ансамбль алар асуының алда екенін аңғартты. Қазір олар халықтық ансамбль атанып, абыройлы да берекелі ұжым болып қалыптасу үшін аянбай еңбек етуде. Биыл Тəуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өнер ұжымына Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы Алмат Құмаржанов сабақ беріп, «Ақиық сұңқар», «Киіз басу», «Серпін» сияқты прологтар мен фольклорлық-тұрмыстық билерін жəне лирикалық қыздар биін меңгерді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген актрисасы Гүлнəр Саитованың режиссерлігімен композитор Нұрғиса Тілендиевтің күйіне негізделген қазақ биін репертуарына қосты. «Достар» мəдениет сарайының директоры Тамара Малько мен ансамбльдің қазіргі жетекшісі Дина Қожабаева өздерінің баптаған он шəкіртін Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен ІІІ халықаралық «Ыстықкөл толқынында» фестиваліне апарып, бірінші орынды иеленіп қайтты. Фестиваль екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде «Мереке» атты ұлттық биді орындаған ансамбль, екінші кезеңінде «Белес» стильдік биін биледі.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.