Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астық қабылдауда кедергі болмауы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Астық қабылдауда кедергі болмауы тиіс

Облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың қатысуымен астық қолхатының электронды нұсқасын енгізу мәселесі бойынша семинар-кеңес болып өтті.

 

Қала мен аудан әкімдері, Қазақстан Фермерлер одағы төрағасының орынбасары, облыстық басқармалар, облыстық аумақтық инспекциялары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, ауыл шаруашылығы құрылымдары, астық қабылдау кәсіпорындары, шаруа қожалықтарының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан семинар-кеңесті облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров ашып жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде астық рыногын реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі  Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, биылғы жылдың 23 шілдесінен бастап астық қолхатын беру астық қолхатының мемлекеттік электрондық тізілімінің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нұсқада жүргізіле бастағанын атап өтті. Заң талабын орындау тәуелсіз еліміздің аумағында өндіріс жұмысын жүргізетін барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндет. Заң талабын жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың шілде айында өңірдің 17 ауданында кеңейтілген  семинар-кеңес болып өтті. Оған 2,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдарының және астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары қатысып, білімін жетілдірді.

Семинарларды өткізу барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, шаруа қожалықтары мен астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары тарапынан заң талаптарын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Әсіресе, «Астық жөніндегі» Қазақстан Республикасы Заңының 39-1 бабының 2 тармағын орындау бөлігіне сәйкес, астық қабылдау кәсіпорындары астық қабылдаған күннен бастап үш күнтізбелік күннен асырмай астық қолхатын толтыруы міндет. Оның үстіне астық қолхатының иесі міндетті түрдегі тәртіпте мәліметті бекітіп, астық қолхатына электрондық-сандық түрде қолын қоюлары тиіс. Құжат астық иесі тарапынан үш күн ішінде бекітілмеген жағдайда электрондық астық қолхаты электрондық тізілімнен автоматты түрде алынып тасталады. Ал, астық қабылдау кәсіпорны қабылдап алған астығын иесіне қайтаруға міндетті. Орақ кезінде заңның бұл талабын орындауға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мүмкіндігі болмайды. Тіпті, олардың  уақыты мен техникалық мүмкіндігі жоқ. Облыстың көптеген елді мекендерінде байланыс сапасы мен интернет жүйесінің жұмысы нашар. Кейбір жерлерде интернет мүлдем жоқ.
Астық қолхатының электрондық тізілімін жасаушылар электрондық астық қолхатын жазу мерзімін бұзған кезде астық қабылдау кәсіпорны шығынын қайтарудың тетіктері соңына дейін ойластырылып жасамаған. Сондай-ақ, ұсынылған астық қолхатының электрондық жүйесі 1С бухгалтериясының бағдарламасымен мүлдем байланыспайды. Бүгінгі таңда астық қабылдау кәсіпорындарында оның саны мен сапасына есеп жүргізіледі. Ал, электрондық астық қолхаты астықпен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Жалпы көптеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің пікірі бойынша аталмыш жүйе арқылы астық қолхатын беру орақ жұмысының қарқыны мен мерзіміне, астықтың сақталуына кері әсерін тигізеді.
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов электрондық астық қолхатын енгізу мерзімін кейінге қалдыру бойынша өтінішімізді есепке алып, бұл мәселелерді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Фермерлер одағы мен «Ақпараттық-есептік орталығы» акционерлік қоғамының өкілдерімен бірге қайтадан қарауға шешім қабылдады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы өндіріс және өңдеу департаменті директорының орынбасары Ләззат Қопанова мен «Ақпараттық-есептік орталығы» акционерлік қоғамының бөлім басшысы Манас Байтөреев электрондық астық қолхаты жүйесін енгізу жөнінде баяндама жасады.
– Сіздердің пікірлеріңізді тыңдасақ, ескіше жұмыс істегілеріңіз келеді. 2001 жылы қағаз түріндегі астық қолхатын енгізгенде де сауалдар көп болды. Әрбір жаңалық алғашында қиын қабылданады. Аталмыш заң бүгінгі күннің талабы. Астық қабылдау кәсіпорны үш күннің ішінде электрондық астық қолхатын енгізулері тиіс. Бұл элеваторға тапсырылған астықтың ашықтығын көрсетеді. Бұрын фермер астықты тапсырып, астық қолхатын алуға екі айдан кейін келетін. Мұндай мерзімде астық қабылдау кәсіпорны оның қолхаты мен қанша астық қабылдағаны жөнінде ұмытып, оның көлемін азайтуға тырысады. Біз элеваторларда қанша тонна астық сақталатынын біліп, астық иелерінің мүддесін қорғағымыз келеді. Егер астық қолхаты екі айдан кейін жазылса, мұны білу мүмкін болмайды. Бұрын астық қабылдау кәсіпорны көрсеткішті өздері қоятын. Соның салдарынан астық иесі өзінің дұрыстығын дәлелдей алмайтын, – деді департамент директорының орынбасары Ләззат Қопанова. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде әрбір элеваторда тізілім бар екенін, тәулікте қабылданған және шығарылған астық тіркеліп отыратынын айтты. Бүгінгі таңда өңірдің астық қабылдау кәсіпорындарында 425 мың тонна астық сақталуда. Оның 250 мың тоннасы азық-түлік корпорациясына тиесілі. Бұл жағдай жөнінде ай сайын есеп беріледі.
Семинар-кеңесте элеватор қабылдаған астыққа өзі жауап беретіні айтылды. Бұл үшін арнайы келісім-шарт жасалады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары өз сөзінде электрондық және қағаз түріндегі астық қолхаты бірге жүрсе, жұмыс қиын болмай ма деп сұрады. Бұл бағытта барлық вариант қарастырылуы керек. Өз пікірлерін білдірген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері электрондық және қағаз түріндегі астық қолхатын бірге жүргізуді қолдады. Бұл жерде электрондық астық қолхаты астықтың сапасын реттемейтінін айта кеткен жөн. Бұрын астық тапсырғандар өз өнімінің сапасын келесі күні білетін. «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры Иван Сауэр жаңа заңның дұрыс жетілмегенін тілге тиек етті.
– Орақ науқаны кезінде элеватордың алды астық тиеген автокөлікке толады. Осы кезде электрондық астық қолхатын үш күнде толтырмағандар астығын алып кетуі керек. Мұның бәрі ақылға сыймайды. Жоба жасаушылар кез келген элеваторға барып, тәжірибе жүзінде көрулері қажет. Жаңа жүйені толық енгізбей, бұрынғыдан айырылмау керек, – деді Қазақстанның Еңбек Ері. Орақ кезінде өңірдегі астықтың 48 пайызын кептіру қажет. Ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өз элеваторлары бар. Олар өңірдегі астықтың 58 пайызын өндіреді. Жоба жасаушылар қағаз түріндегі астық қолхатының 2020 жылға дейін жүретінін айтты. Өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындарының 90 пайызының электрондық қолдары бар.
– Жоба жасаушылар өз ұстанымында тұр. Мен оларға теория мен тәжірибенің айырмашылығы жер мен көктей екенін айттым. Дегенмен, заң орындалуы тиіс. Әрине, бұған уақыт қажет, – деді вице-министр. Электрондық қолхат жүйесі енгізілгенде астық тасымалдаудың ашықтығы, элеватор сыйымдылығын толтыру бақыланады. Әр шаруа қожалығы өз астығының сапасын қадағалай алады. Семинар-кеңесте «Астық жөніндегі» заңнама талаптарын орындаудың, оның ішінде электрондық астық қолхаты енгізудің негізгі аспектілері мен мәселелері жеке-жеке талқыланды.
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар