Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың Кәмшаты - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың Кәмшаты

немесе егіз әннің жазылу тарихы

 

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Алашқа арнап талай ән жазған, сазгер Құмарбек Қалқатаев осы бір тақырыпты қаузағалы қашан. Құлақтан кіріп бойды алар ән тегіннен-тегін тумаса керек. Ол үшін жан дүниесін алапат теңіздің ақбас толқындарын аспанға атқан сәтіндей бір беймәлім жайдың жаулап алуы керек те шығар. Бұрқ-сарқ қайнаған бұла сезім, сапырылысқан сарын көкірегіне жай тапқызбай жанын бебеулетіп жүр еді. Заманында жалпақ жұртқа жақсы аты мәлім болған, ақ адал еңбегімен замандастарының аузына іліккен, абыройы асқан Кәмшат Дөненбаева апасы жайлы ән жазбақ болған. Апасын асқақтата отырып, еңбек дейтұғын құдіретті жырламақшы.

 

Бірде өз заманында атақ-даңқы жер жарған, әйел механизаторлар арасында еңбек бәсекесінде өзгеден қара үзіп, тіпті, үзеңгі қағыстырмай оқ бойы озық жүрген Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, екі рет Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған Кәмшат Байғазықызымен республикалық телеарнада өткізілген сыр сұхбатты көрген. Кәмшат апайдың еңбек жолына жастайынан қанық еді. Қостанай облысының Боровский ауданындағы «Харьковский» кеңшарында механизатор болып еңбек еткен Кәмшат Дөненбаеваның есімі Қазақстанды былай қойғанда одаққа мәлім болған заманында.
Өнегелі өмір жолын қыз бұрымындай етіп өрген әдемі де әсерлі әңгіменің бір тұсында хабарды жүргізіп отырған журналист жігіт тосын сауал қойған:
–Апай, кешегі кеңес заманында еткен еңбегіңізге орай сый-құрметке бөлендіңіз. Абыройыңыз асқақтады, мәртебеңіз биіктеді. Жалпақ жұрт шын көңілімен ықылас танытып, құрмет-қошеметіне бөледі. Арманыңыз да жоқ шығар. Бірақ, мынау жарық дүниеде армансыз адам болмайды ғой, сіздің көкірегіңізде шіркін-ай дейтін бір арман бар ма?
Осы бір сәтте терең ойдың құшағына шомылған Кәмшат апай еш ойланбастан бар деген. Жауабын жылдам бергеніне қарағанда бәлкім, сол бір арман көкіректе сарытап сағыныштың түйіні болып жылдар бойы жүрді ме екен, кім білсін. Әлде мына қызылды-жасылды дүниенің өзіндік ләззаты мен көзін қуантып, көңілін арбайтын дүние-мүлік болды ма екен. Бәлкім кейінгі кезде бой түзеп жатқан, сәні мен салтанаты бірінен-бірі асқан екі-үш қабатты зәулім сарай ма?
Жоқ, бүкіл ғұмырын маңдайдан терін сорғалатып жүріп танап басында өткерген апаның әзіз жүрегін әлдилеген сағынышты арман, қол  жеткізбейтін биігі басқа екен. Мен қайтадан баяғыда өзім тізгіндеген темір тұлпарға тағы бір отырсам ба деймін. Осы сөзді естігенде Құмарбектің тұла бойы тілмен айтып жеткізгісіз, өзгеше өңді сезімге тұнып кеткен. Құдай-ау, танап басындағы шаң-тозаңға малынған, бейнеті белден келетін, зілмауыр салмағы әйел түгіл аптал азаматтың қабырғасын қайыстырып жіберетін жұмысқа да құмартады екен-ау. Әуел баста бұл журналист сауалынан кейін өзінше ой топшылап үлгерген. Ал, апайдың жауабы басқаша болып шықты. Сонда ғана шын ниетімен еңбек еткен, кейін сол еңбектен қол үзген соң баяғы бейнетке толы еңбекті аңсайтын адам болатындығына қатты таңырқаған. Осы бір сәт көңіл пернесін жарқын ойлармен жарқыратып жіберді.
Ән туды. Көз алдына ұшы-қиыры жоқ шалқар дала елестеді. Ән де сол шалқар даланың шетсіз-шексіз жалпақ жонына жайылып бара жатқандай, самал жел қалай ессе, ән де солай еседі. Бетегелі биіктерді, қырқалы қыраттарды көктей өткен сұлу ән қазақтың қаршадай қызының бойындағы қажыр-қайратты көз алдына әкеліп тұрғандай. Міне, мынау қара бұйра танап. Міне, мынау төңірегіне салтанатты шуақ құйған еңбектің жыры.
Ән нобайы жан дүниесін шымырлатып, көкірегін кернеген сансыз әуен біртұтас болып құйылып шыққан соң, өзі ат қойып, айдар таққан «Қазақтың Кәмшаты» әніне сөз іздеген. Құмарбектің ойынша ән табиғатына, оның ішкі астарына, мазмұны мен мағынасына сай болуы үшін ұлты ұлықтаған, жұрты жабыла құрмет көрсеткен Еңбек Ерінің бойындағы кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, тамаша үлгі болуға саятын сөз керек. Алдымен ертеректен шығармашылық байланыста жүрген бес-алты ақынға қолқа салған. Арада қаншама уақыт өтті. Бірінің қолы тимеді, бірі әуенді тыңдап көргенімен, қолынан келмейтінін айтып ақталды. Осылайша толғанумен өткен талай түндердің шымылдығы сыпырылды. Әйтеуір, «Қазақтың Кәмшатын» Қойшыбек Кәрбаев жазып шықты. Қойшыбектің мамандығы поэзиядан біршама алыс. Ол ішкі істер саласының қызметкері. Әдетте, сала қызметкерлерінің қызмет ерекшелігіне сай рухани әлемнен сәл-пәл алыс жатыр деп ойлауы да мүмкін ғой елдің. Бірақ, Қойшыбек бар болмысы, ақыл-парасаты, жан дүниесі осы бір ғажайып әлемге батыл қадам басқан азамат.  Ән сөзі де ойлаған жерден шықты. Дүниеде сөзі мен әні таразының басын тең басқан шығарма дүниеге келген сәттегі қуаныштан артық не бар екен шіркін. Бірақ, мұндай сәтті шығармашылық дейтұғын сырт көзге беймәлім, тек өздері ғана жан тәнімен сезіне алатын адамдар ғана ұқпақ. Сол күнгі қуанышын-ай, сол күнгі шаттығын-ай. Күнімен өз-өзімен күбірлеп айтумен болды. Қойшыбектің қаламынан туған өлең бас-аяғы жұп-жұмыр, сәуле шашқан дүние екен. Әсіресе, қайырмасы.
Қырда тың игеріп,
Жұлдызды күйге еніп,
Сол бір кездер ғажап күн!
Ару асыл затты,
Нәзік Кәмшат атты,
Бір қызы бар қазақтың.
Қырда тың игерген, маңдай терімен ақық дән аялаған қазақтың қайсар қызының жұлдызды күйге енгені де, зау биікте жарқылдап сәуле шашқаны да рас қой және сарытап сағыныштың ыстық лебі құндақтаған сол бір сәт естен кетпес ғажап күн екендігі де ақиқат. Алаштың ару қызы, қырдағы бәйшешектей құлпырған нәзік жүректі, бірақ, өне бойынан күш саулаған, сол күшті дархан даланың берекесіне арнаған қазақтың Кәмшатының еңбектегі ерлігі қандай. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге емес пе? Аңыз атының жүректерде жатталатыны да,  кейінгі зерделі ұрпақтың айтып мақтанатыны да жыр тілімен өрілген. Тұлғасы елден ерек дараланған қазақтың қызының еңбегі де бағаланған. Мақтанса қазақ Кәмшатты айтып мақтансын, жүректерде аты жатталсын. Өткен өмір белестеріне ойша көз жүгірткенде әрдайым жақсылыққа құмар ырымшыл қазақтың кей мінезі еске түседі. Кімсің Кәмшат атанып, атақ-даңқы жер жарып тұрғанда жарық дүниенің есігін ашқан нәрестелеріне Кәмшат атын берушілер көбейген.
–Асылында қай жақсысын қадірлей білген халықпыз. Рас, қазақтың қыздарына арналып жазылған ән аз емес. Мен осы өз әнім арқылы Алаштың аяулы қызы Кәмшат апамыздың еңбегін дәріптеп, жеткен жетістігін жарты әлемге паш ету арқылы кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсеткім келді. Оның ішінде тек еңбегі ғана емес, рухани әлемінің тазалығы, байлығы. Өзіңіз ойлап қараңызшы, маған керемет қатты әсер еткен сол сұхбат кезінде Кәмшат апай енді қалған ғұмырымда үлде мен бүлдеге бөленсем демейді. Шіркін-ай, баяғыда өзім тізгіндеген, мыңдаған гектар жер жыртқан «К-700» тракторын бір тізгіндесем дейді. Осы бір жалғыз ауыз сөзі жан дүниеме әсер етті,–деп еске алады композитор Құмарбек Қалқатаев, – бұл әнді қазір Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әншісі Рашида Ғалымова орындап жүр.
Әннің тууына, жазылуына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева да көп көмектескен екен. Ол да ақыл-кеңесін айтқан. Қолдауын да көп көрсетті. Дәл осы тақырыпта  облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев те әнге сөз жазған. Бұл әннің тақырыбы «Кәмшат апа» деп аталады. Ізгілік иірімдеріне толы, адал еңбекті айшықтайтын, еңбек адамының мәртебесін тасытатын сырбаз ән дүниеге келді.
Егіз иірімді, бір мақсатты көздейтін, бір тақырыпты қаузайтын қос әннің шығу тарихынан сызбақтап, сыр айта келе, алдымен, қандай құрмет көрсетсек те артықтығы болмайтын Алаштың ардақты қызы Кәмшат апамыздың соңғы кезде көп айтыла бермейтін есімін тағы бір ел есіне салып, композитор Құмарбек Қалқатаевтың жаңа табысы жайында қуана хабарлағымыз келді ән сүйетін, өнерді ұлықтайтын жамағатқа.

 

Әні: Құмарбек Қалқатаевтікі
Сөзі: Қойшыбек Кәрбаевтікі

Темір тұлпар бағындырған,
Жігер-жалын қылған,
Батыл өрлігі.
Үлгі болған жастарға да,
Жақын достарға да,
Батыр ерлігі.

Қайырмасы

Қырда тың игеріп,
Жұлдызды күйге еніп,
Сол бір кездер ғажап күн!
Ару асыл затты,
Нәзік Кәмшат атты,
Бір қызы бар қазақтың.

Аңыз атың жатталады,
Айтып мақтанады,
Бүгін ұл-қызың.
Тұлғаң тұр ғой дараланып,
Ерлік бағаланып,
Жанды жұлдызың.

Қайырмасы

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар