Балалардың демалысқа асығатыны анық. Таза ауада бой жазып, кәусар суларда шомылғанға не жетсін. Біреулері сауықтыру лагерьлеріне жолдама алса, енді біреулері мектеп жанындағы жазғы алаңдарда демалыстарын қызықты да көңілді өткізеді.
Бұл бағытта ауданда біршама игі істер атқарылып, жаз айларында 4742 бала мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары мен сауықтыру орталықтарында демалып, көңілдерін сергітіп қайтты. Мектеп жанынан құрылған 39 жазғы алаңдарда 3070 бала демалыстарын қызғылықты өткізіп, әртүрлі байқаулар мен жарыстар, ойындар мен викториналық кештер ұйымдастырды. Демалушылар ыстық тағаммен қамтамасыз етілді. Аталмыш шараларға жалпыға міндетті оқу қорынан 1840,0 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының табиғаты әсем жеріне орналасқан «Сокол» сауықтыру орталығында 115 оқушы жазғы демалыстарын көңілді өткізсе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен 4 оқушы «Дискавери» сауықтыру орталығында демалып қайтты. «Туризм» секциясы бойынша 5 оқушы «Менің Отаным – Қазақстан» атты екінші республикалық слетқа қатысып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынды иеленді. Мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмай, маусым айында «Үміт-Надежда» балалар қайырымдылық қорының демеушілігі арқасында 10 мүгедек бала «Балдәурен» республикалық орталығында өткізілген «Күлкі күні» мейрамына қатысты. 15-19 тамыз аралығында өткізілетін туристік-өлкетанымдық экологиялық лагерьге 20 оқушы жолдама алды.
Аудан аумағында құрылған оқушылардың еңбек жасақтарында 360 бала еңбек етсе, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша құрылған бригадаларда 280 оқушы өңіріміздің табиғатын көркейтуге атсалысты. 750 оқушы мектептердегі еңбек тәжірибесінен өтті.
Жазғы демалыстың аяқталуына да санаулы ғана күндер қалды. Енді бойларына күш-қуат жинап, демалыстарын көңілді өткізген оқушылар жаңа оқу жылына дайындалып, өздерінің сүйікті мектептеріне баруға асығуда.
Жанат КӨШЕЙ.
Бұланды ауданы.