Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпорын сенімнен шығуда - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпорын сенімнен шығуда

Биылғы жылы Көкшетау қаласының жол құрылысшылары үшін жұмыс жеткілікті. Қазір қала шетіндегі кейбір көшелердің жолдары жөнделуде. Мәселен, жуырда ауыр жүк көліктері жиі жүретін Полевой көшесінің жолын жөндеу қолға алынды. Бұл жол Уәлиханов көшесінен Капцевич көшесіне шығуға мүмкіндік береді.

Жолды «Көкшетауавтодор» серіктестігі үш күннің ішінде жөндеуді жоспарлаған. Жергілікті жол жөндеушілердің күні-түні жұмыс істеп жүргендерінің куәсі болдық.
– Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен Полевой көшесінің жолын ағымдағы жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма алдық. Жобада шұңқырларды тегістеп, асфальт төсеу қарастырылған. Бір күннің ішінде ескі асфальттың беті қырып алынды. Жері отырған учаскелер бетондалды. Кешке қарай асфальт төсеу жұмыстарын бастадық. Бірінші жол учаскесінің ұзындығы 480 метр, ені 8 метр. Аты жоқ бұрылыстан Уәлиханов көшесіне дейінгі екінші учаскенің жолына қиыршық тас төселіпті. Дегенмен, мұнда да асфальт төсеу қарастырылған. Тапсырыс беруші бұл жолды мықтап жасауды өтінді. Қиыршық тастың үстіне екі қабат асфальт төседік. Астыңғы қабатының қалыңдығы 7 сантиметр, үстіңгісінікі 5 сантиметр. Бұл жолда ауыр жүк көліктері көп жүретіндіктен, осындай шешім қабылданды, – дейді «Көкшетауавтодор» серіктестігінің директоры Виталий Люлевич. Түнгі бригадада тәжірибелі асфальт төсеуші операторлар, геодезист-шебер сияқты он адам жұмыс істейді. Жаңа асфальтты жеті каток бір уақытта тегістейді. Әрбір арнайы көлік пен техникаларда «Көкшетауавтодор» эмблемасы жапсырылған. Яғни, техниканың бәрі өздерінікі.
Технологияны сақтау жөніне келсек, түнгі жұмыс сапаға кері әсерін тигізбейді. Ең бастысы ауаның температурасы +5 градустан төмен болмауы қажет. Бұл жол жөндеушілерге әбден қолайлы. Біріншіден ыстық емес. Адамдар тез шаршамайды. Көлік қатынасы аз. Кедергі болмағандықтан, жол жабылмайды. Қазіргі заманғы асфальт төсейтін техникалардың жарығы жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Биылғы маусымда «Көкшетауавтодор» серіктестігі облыс орталығының бірнеше көшесінде жұмыс істеуде. Жергілікті кәсіпорын Капцевич көшесінің жолын жөндеуде. Бұл қалаішілік жолдың ең ұзыны. Қашықтығы 5 шақырымды құрайды. Қаланың екі шетін байланыстырады. Виталий Люлевичтің айтуынша, мұндағы жолдың ені 10,5 метрге ұзартылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Аталмыш серіктестікке «Васильков» шағын ауданындағы аулалық аумақты күрделі жөндеуден өткізуге сенім артылды. Абылайхан даңғылы, Сүлейменов пен Абай көшелерінің жолдарына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізді. Бұл жолдардың сапасына 2 жыл кепілдік береді. Осы уақытта кәсіпорын жолды жақсы жағдайда ұстауға міндетті. Егер асфальт төсеу технологиясының бұзылуынан немесе сапасыз материалдар пайдаланудың салдарынан асфальт жамылғысы бұзылса, мердігер өз есебінен жолды қалпына келтіреді. Мұны қажетті арнайы техникамен жабдықталған мердігер жақсы түсініп, жұмыстың сапасына жіті көңіл аударуда. «Көкшетауавтодор» серіктестігі әрқашан да сенімнен шығуға тырысады.
– Биылғы жылы жол құрылысы жұмысына рұқсат құжатын алғанымызға он жыл толады. Осы уақытта кәсіби ұжым қалыптасты. Өндірістік база нығайды. Бүгінгі таңда екі асфальт зауыты, темірбетон цехы жұмыс істейді. Келешекте өзіміздің үгіткіш-сұрыптау кешенін іске қосамыз. Сөйтіп, қиыршық тасты өзіміз өндіретін боламыз, – дейді Виталий Люлевич. «Көкшетауавтодор» серіктестігі қайырымдылық жасауды ұмытқан емес. Қаланың спорттық командаларына бірнеше рет демеушілік жасады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмектеседі. Кәсіпорынның қолдауымен жаңа шіркеу салынуда.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар