Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев және облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен жергілікті атқарушы органдардағы жемқорлыққа қарсы күреске арналған алқалы кеңес болып өтті. Кеңеске мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кеңесті ашып, жүргізген облыс әкімі Сергей Кулагин қоғамда белең алып кеткен жемқорлық заң бұзушылықтың алдын алу және оған қарсы күрестің мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселе екендігін, өйткені, ол мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға кері әсерін тигізетінін атап өтті. Халықтың тұрмыс дәрежесін көтеріп, елімізді әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз мемлекетінің санатына қосу жөніндегі Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жемқорлықпен күрестің жаңа сая-саты қолға алынуда. Оны жүзеге асыруда азаматтық институттардың рөлін көтеру көзделген және бұл жемқорлықтың алдын алуға, сөйтіп, оның көлемін барынша азайтуға игі ықпал ететін болады. Мемлекет басшысы бекіткен 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы жемқорлықпен күрестегі нақты міндеттерді айқындап, оны жүзеге асырудың тетіктерін белгілеп берді.
Ақмола облысы әкімі аппаратының жетекшісі Жомарт Нұркенов облыстағы жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Облыста 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы белгілеген міндеттерді орындауға байланысты мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақтық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Кеңес бұл бағыттағы өзекті мәселелер бойынша мәжілістер өткізіп, нақты шешімдер қабылдайды. Жергілікті басшылардың есептері үнемі тыңдалып тұрады. Қала және аудан әкімдері ай сайын жемқорлық заң бұзушылықтарға арналған сабақтар мен семинарлар өткізеді. Биылғы жылдың басынан бері осындай 250 семинар-сабақтар мен дөңгелек үстел шаралары өтті.
Көкшетау қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, бір терезе принципі бойынша жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 1904 адам орталықтың қызметіне жүгінген. Орталық жалпы ауқымы 5760 кеңес беру қызметін көрсеткен. Мұндай орталықтар барлық аудандар мен қалаларда жұмыс істеуде. Өңірлік орталықтар жыл басынан бері 9670 қызмет көрсетті.
Облыста жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында құрылған кәсіпкерлік мәселелері бойынша сарапшылық кеңесі жұмыс істейді. Облысымызда бүгінгі күні осындай 19 сарапшылар кеңесі бар. 2015-2016 жылдары бұл кеңестер 70 мәжіліс өткізіп, тіркелген жеке кәсіпкерлердің мүддесіне арналған 96 нормативтік-құқықтық актілерді талқылаған. Облыс әкімінің жемқорлықпен күрес мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың басшыларымен, кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізуі берік дәстүрге айналған.
Жемқорлықтың алдын алу бағытында белгіленген медиа-жоспарға сай бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырып үнемі жарық көріп тұрады. Өткен жылы және биылғы жылдың басынан бері БАҚ-та жемқорлықпен күрес тақырыбында 800-ден астам мақалалар жарияланып, теле-радиохабарлар берілді. Жергілікті әкімдіктерде осы тақырыптағы ақпараттық тақталар ілініп, басшылардың жеке азаматтарды қабылдау кестесі жасалған және «сенім телефондары» жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев өз кезегінде жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстардың жайына, осы бағыттағы заңнамаларға жан-жақты тоқталып, кеңінен әңгімелеп берді. Жемқорлық әлемнің барлық елдерінде бар және бүгінгі күнге дейін бұл қоғамдық кеселді жеңген бірде-бір мемлекет жоқ дей келе, ол жемқорлықтың алдын алу және заңдарды қатаңдату арқылы оның көлемін біршама азайтуға қол жеткізген елдердің барлығын тілге тиек етті. Біздің елімізде қолға алынып жатқан қазіргі жұмыстардың мақсаты да жемқорлық деңгейін төмендетіп, оның алдын алуға жете көңіл бөлу. Осы орайда, Елбасымыз мақұлдап бекіткен 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы бұл қоғамдық кеселдің алдын алу және оған қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға нақты бағыт-бағдар береді.
Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып «Жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылдап, соны жүзеге асыруға кірісті. Оның мемлекетке, қоғамға, жалпы адамзатқа тигізіп отырған залалына тоқталған Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары жыл сайын әлемде 1,5-2 триллион доллар ақша жемқорлардың қалтасында кететінін, ал біздің елімізде де қомақты қаржы олардың құлқынына түсіп жатқанын атап өтті. Егер сол қаржыға бүгінде жетіспей отырған бала бақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар салынса, қаншама қордаланған мәселелер шешімін тауып қалар еді. Жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында елімізде айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстанның жемқорлық деңгейіне байланысты тәуелсіз сарапшылар жүргізген рейтингте 123-ші орынға түсуі осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі екені анық. Соңғы жылдарда жемқорлықтың алдын алуда электронды Үкімет, электронды әкімдік жобаларының атқарып жатқан рөлі аз емес. Мемлекеттік органдар көрсететін қызмет көлемі бойынша электрондық нұсқада қызмет көрсетудің алатын үлес салмағының жыл санап өсіп отырғаны бұл бағытта жүргізген жұмыстардың игі нәтижесін көрсетеді. Электронды нұсқа бойынша қызмет көрсетуде жемқорлық факторлардың жолы кесіледі. Соңғы жылдарда қабылданған Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік процессуалдық кодекстердегі өзгерістер жемқорлықпен күрес және оның алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға игі әсерін тигізіп отыр. Жаңа заңдарда жемқорлық қылмыс пен заң бұзушылыққа жол бергендерге қатысты жазалау шаралары біршама қатаңдатылып, ол бас бостандығынан айыру түрінен айыппұл төлеу және жауапты қызмет атқару мүмкіндігін шектеу сияқты ықпалы күшті шаралармен ауыстырылған. Осы орайда, ендігі уақытта мемлекеттік жауапты қызметкер үшін азын-аулақ пара аламын деп зор көлемде айыппұл төлеу, қызметінен айырылу тиімсіз болып табылады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында сотталғандардың саны жөнінен Қазақстан алдыңғы үштіктің сапында еді, қазір 103-ші сатыға дейін түскен. Мұның өзі елімізде қылмыс жасап, заң бұзғандарды жазалау тәртібінің өзгеруімен келген көрсеткіш екені белгілі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлердің адамдардан сыйлық алуына мүлдем болмайтынына назар аударды. Соңғы жылдарда осылай азын-аулақ сыйлық аламыз деп қызметінен бір айырылып, қомақты айыппұл төлеп және опық жеп жатқандар аз емес. Сондықтан, мемлекеттік қызметші мұндай жайдан аулақ болғаны жөн.
Алқалы кеңес барысында қатысушылардың назарына жемқорлық қылмыс жасап ұсталып, заң алдында жауап берген лауазым иелері жайындағы нақты мәліметтерге негізделген бейнероликтер көрсетілді. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин бұл қоғамдық дерттен мемлекеттік қызметкерлердің аулақ болуы қажеттігін, заң шегінен аттаймын деп ертең өкініште қалмас үшін әрбір қызметкер өз міндетін барынша адал атқаруы тиістігін атап көрсетті.
Қалкөз ЖҮСІПү
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.