Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жарайсыңдар!.. - АРҚА АЖАРЫ

Жарайсыңдар!..

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан жазғы ойындар Олимпиадасы шарықтау шегіне жеткендей. Барша әлемнің назары бүгінде Бразилия астанасына ауып, үкілеп қосқан спортшыларының әр қадамын бақылауда. Мұхит асып, Бразилияға бара алмаған отандастарымыз көгілдір экранды бағып, жерлестеріміздің әр кездесуін тағатсыздана күтеді.

Жарыстың жетінші күні де қазақстандық спортшылар үшін олжасыз болмады. Қоржынымызға екі алтын, бір күміс түсіп, жанкүйер қауымның көптен күткен үміті ақталғандай болды. Енді кезегімен әңгімелейік. Қазақстан қоржынына бұл күні алдымен күміс медаль түсті. Оны зілтемірші қызымыз Жазира Жаппарқұл салды. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ол 115 келіні жұлқа көтеріп, 144 келіні серпе көтеріп, жалпы ауқымы 259 келіні бағындырды. Сөйтіп, күміс жүлдені иеленді. Жазира қазақ қыздары арасынан  зілтемір көтеруден шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері екенін атап өткен артық болмас.
Екінші медальді де бұл күні ауыр атлеттеріміз әкелді. 77 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Нижат Рахимовтың жеңіске жететініне бапкерлері де, жанкүйер жұртшылық та онша күмәнданбаған. Өткен жылғы әлем біріншілігінде қайратына қарсыластарын қайран қалдырып, алтын медальді ұтып алған жас спортшының аяқ алысы сол тұста анық аңғарылған болатын. Бұл жолы да ол бабында екенін көрсетті. Сөйтіп, 165 келіні жұлқа көтерген жігіт 214 келі салмақты серпе көтеріп, айды аспанға шығарғандай болды. Бұлай деп отырғанымыз, Нижат Рахимов он жыл бойы өзгеріссіз келген осы салмақтағы рекордты төрт келіге бір-ақ жаңартты. Осылайша қосындысы 379 келі болатын салмақты тізгіндеген қазақстандық зілтемірші Олимпиада чемпионы және әлем рекордшысы атанды.
Бұл күнгі жұртшылықты таң қалдырған үлкен жеңісті қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландин әкелді. Олимпиада ойындарында негізінен бокс-шыларымыз бен ауыр атлеттеріміз және ара-тұра жеңіл атлеттеріміз, велосипедшілеріміз жүлделі орыннан көрінетіні болмаса, жүзуден топ жарған отандас спортшы осы күнге дейін болмапты. Содан болар, қазақстандық жүзгіш финалда 200 метрлік қашықтықта алдына жан салмай келгенде таңдай қағып, таң қалмаған жан қалмаған шығар. Сөйтіп, біздің спортшыларымыздың бұл жеңістері Қазақстан құрамасын отызыншы орыннан он екінші сатыға бір-ақ көтерді.
Жанкүйерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық – командамыздың капитаны Данияр Елеусінов қарсыласы ұлыбританиялық боксшы Джош Келлиді ұтып, келесі айналымға шықты. 61 келілік салмақта рингке шыққан отандасымыз Қайрат Ералиев те жеңіске жетіп, жүлделі орын үшін сайысты жалғастыратын болады. Ал, тағы бір боксшымыз Абылайхан Жүсіпов өкінішке орай, қарсыласына жол беріп алды.
Олимпиада ойындарының қызықты сәттерін жіберіп алмаңыздар. Жеңісті күндер жалғаса бергей!

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар