Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ольга Рыпакова қуантты. Бұл жолы алтын алмаса да ол қола жүлдені қанжығаға байлады. Ол ұзындыққа секіруден 14,74 метр көрсеткішке қол жеткізіп, алғашында көш бастады.
Бірақ кейін колумбиялық Катрин Ибаргуэн мен Венесуэладан келген жеңіл атлетші Юлимар Рохас жоғары көрсеткіш көрсетіп, алтын мен күмісті уыстан алып кетті.
Қазақстан бокс мектебі бүгінде барша әлем мойындаған аса мықты былғары қолғап шеберлерін шығарған айтулы қауымдастық саналады. Данияр Елеусінов, Василий Левит, Иван Дычко және Әділбек Ниязымбетов қарсыластарын тізе бүктіріп, келесі кезеңге өтті. Енді осы кездесулерге кеңірек тоқтала кетейік.
Қарсылас шақ келтірмей, кездесулерінің бәрінде айқын басымдықпен жеңіске жетіп келген Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтің жеңісіне жұртшылық сенімді болатын. Данияр да осы сенім үдесінен шықты. Алғашқы кездесуінде қарсыласын техникалық накаудқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқтаған жойқын жұдырықты Василий Левит кубалық мықты Эрисланди Савонмен қолғап түйістірді. Айласы мен әдісін асырған жерлесіміз қарсыласын қапы қалдырып, финалға жолдама алды. Енді ол ресейлік Евгений Тыщенкомен қолғап түйстіретін болады.
Бұл күнгі қазақстандық жанкүйерді қуанышқа кенелткен тағы бір кездесу – аса ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычконың әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовпен кездесуі болғаны анық. Қазақстандық жанкүйерлер Иваннан тек жеңіс күткен болатын. Алғашқы раундты ұпай санымен жеңіспен аяқтаған Дычко екінші раундтың ортасына қарай қарсыласына дәл соққы жасап, оның қасын жарып жіберді. Осылайша жерлесіміз мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Алғашқы аяқ алысынан жанкүйерлердің көңілінен шыққан Жәнібек Әлімханұлы мен 52 келілік салмақта алғашқы кездесуін сәтті бастаған Олжас Сәттібаев та са-
йысты одан әрі жалғастырады. Әзірбайжандық Тимур Маммадовты ұтқан Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов жартылай финалға шықты. Сөйтіп, әзірше екі боксшымыз жартылай финалда, бір боксшымыз финалда кездесулерін өткізетін болды. Яғни, қазірдің өзінде үш медаль қоржынымызда деп айтсақ артық емес. Жеңісті күндер жалғаса бергей!
Қалкөз ЖҮСІП.