Алғашқы күндерде топырлап түскен медальдар легі толастап, құрамамыздың қоржыны орта-йып тұрған тұста 91 келіге дейінгі салмақта қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, финалға шыққан Василий Левит пен ауыр атлет Александр Зайчиков күміс және қола медаль алып, жанкүйерлерді тағы бір қуантып тастады.
Жалпы Олимпиада деген жеке спортшылардың атағын шығаратын спорт ойындары ғана емес, ол спортшының артында мемлекет және миллиондаған жанкүйер қауым тұратындықтан, төрт жылда бір өткізілетін Олимпиаданың үлкен мәні бар. Олимпиада елдің әлеуетін, халқының бірлігі мен ортақ мақсат үшін құлшынысын да паш етеді. Мұны біз мұхиттың арғы жағында өтіп жатқан спорт жарыстарын түн ұйқысын қиып тамашалап жатқан жұртшылықтың ынта-ықыласынан да көріп, біліп жүрміз. Дегенмен, кейде сол қалың жанкүйер қауымның үміттері ақталмай, көңілдеріне кірбің түсіп жататын жайлары да болады. Егер бұл үкілеп қосқан спортшысының әлжуаздығынан, қателігінен орын алса сөз басқа, ал, әділ кесім жасайды деген төрешілер тарапынан бұрмалаушылыққа жол берілсе, оның тигізер зардабы аз болмаса керек.
Бұл жайды тілге тиек етіп отырғанымыз, мығым қарсыластарының бәрін анық басымдықпен жеңіп, финалға жеткен боксшымыз Василий Левиттен жасыратыны жоқ жұртшылық алтын күткен еді. Ол да өзіне жүктелген осындай жауапкершілікті сезініп, үш раунд бойы барын салып бақты. Осы кездесуді тамашалаған қарапайым көрермендер түгілі, бокстың мамандары да Левиттің жеңісіне күмән келтірмегендей болған. Бірақ, төрешілер бірауыздан жеңісті ресейлік боксшы Тищенкоға берді. Мұны естіген спорт сарайына жиналған жұртшылық ысқырып, айқайлап наразылықтарын білдірді. Алайда, бұл да төрешілерге әсер етпеді. Ресейдің бас бапкері Кравцов: «Не айтуға болады, жекпе-жекте кім жеңгенін жұрт көрді. Мен қашанда әділ төрешілік жағындамын және бапкерлер мен спортшылардың еңбегі әділ бағаланса екен деймін. Сондықтан да, Василий мен бапкері үшін өкінішті жай бұл. Сондай-ақ, ол біздің спортымызға абырой әпермейді», – деді. Қалай десекте, өткенді қайтара алмаймыз. Десекте, мұндай түсініксіз жай алдағы уақытта қайталанбаса екен дейміз.
Ильиннің орнын жоқтатпауға тырысқан қызылордалық ауыр атлет Александр Зайчиков та барын салып бақты. Серпе көтеруден соңғы мүмкіндігінде ол 227 келіні басынан асырып, жанкүйерлерін қуантып тастап еді. Алғашында мұны есепке алған төрешілер сәлден кейін неге екені белгісіз ол шешімдерінен бас тартты. Егер ол есепке алынғанда қосындысы 417 келімен жерлесіміз күміс медальді қанжығасына байлар еді деген ой келеді. Қалай десекте, Зайчиковке жанкүйер қауымның да, бапкерлерінің де қояр кінәсі жоқ екені анық.
Қазақстан құрамасының қоржынына әлі де медальдар түсетініне сенім мол. Қазірдің өзінде үш боксшымыз медаль алуға мүмкіндік беретін жартылай финалға және финалға шықты. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко нигериялық боксшы Эфе Аджагбуды ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Ал, алғашқы кездесулерін түгел жеңіспен бастаған Данияр Елеусінов венесуэлалық Габриэл Маестрді анық басымдылықпен ұтып, финалға шықты.
Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері 81 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Әділбек Ниязымбетов ұлыбританиялық Джошуа Буатсиді ойсырата ұтып, финалға жол ашты. Бұл Ниязымбетовтың Олимпиададағы екінші финалы. Өткен жолы финалда есе жіберген жерлесіміз бұл жолы алтынды қанжығасына байлап, Олимпиада чемпионы болады деген үміттеміз.
Боксшыларымыздың кездесулерін жіберіп алмаңыздар. Жеңісті күндер жалғаса бергей!
Қалкөз ЖҮСІП.