Кейінгі уақытта шағын кәсіпкерлікті қолға алушылардың «көппен көрген ұлы тойды» малданып, сауда-саттықпен шектеліп қалмай, нарықтағы сұраныстарды зерттеп барып іске кірісуді жөн санайтындығы қуантады. Бұл бизнеске ден қоюшылардың нарықтық қатынастар талаптарын түсіне бастағандығын айғақтаса керек.
Осындай жеке кәсіпкерлердің бірі Светлана Николаевна Шилова. Жобалық құны 40 миллион теңге болатын электр кабельдерін шығаратын «Кабель КТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехының құрылысы 2014 жылғы тамыз айында басталған болатын. Түрген ауылындағы күніне 50 шақырым кабель шығаратын бұл цехта бүгінде 9 адам еңбек етеді. Бұл бүгінгі көрсеткіш. Ал, белгіленген межеге орай цех 2018 жылдың екінші жартысында толық қуатында жұмыс істей бастаса шығарылатын өнім көлемі едәуір ұлғаяды. Яғни, тағы да қосымша жұмыс орындары пайда болады деген сөз.
Бір назар аударарлығы, цехты іске қосуға кәсіпкердің жеке қаржысы жұмсалған. Яғни, ол несиеден ада. Аталмыш цех екі айдың ішінде барлығы 6 миллион теңгенің 373 шақырым кабелін шығарды. Мұнда өндірілген өнім еліміздің барлық аймақтарына жіберілетіндігі де өнім сапасының талап деңгейіне сай екендігін байқатады.