Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оңай олжа орға жықты - АРҚА АЖАРЫ

Оңай олжа орға жықты

Қылмыс жасау арқылы мол байлыққа қол жеткізіп, қалған өміріңді тыныш, жайлы өткізуге болады деп санайтындардың қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Дендері сау, қол-аяқтары балғадай азаматтардың адал еңбек етіп нан табуды емес, қылмыс жасауды басты кәсіп етуге ұмтылатын жайлары жер-жерде жиі көрініс беріп қалатын болып жүр. Біз тілге тиек еткелі отырған оқиғаның кейіпкері де бар өмірі алда дейтін жастағы жігіт және өкініштісі сол, қылмыс арқылы байлыққа жетуді негізгі кәсібі етіп алған.

Тамаша жоспар
25-ке енді қараған, тепсе темір үзетін Илья Лисневский не өз қатарлары сияқты оқып, мамандық алмады, не тұрақты жұмыс істеп, пайдалы іспен айналыспады. 25-ке келгенше ата-анасының мойнына масыл болған жігіт шетелдік кинолардың кейіпкері сияқты үлкен істі жүзеге асырып, бір-ақ сәтте шалқыған бай болуды армандаумен күнін өткізді. Қарапайым пенделер сияқты жұмысқа тұрып, жалақымен жан бағуды босқа өмір өткізу деп түсінетін жігіт бойында бұғып жатқан кәсіби ұрыларға тән керемет дарынның барлығына іштей сенімді болатын.
Әп-сәтте мол байлыққа қол жеткізудің жолын ол ақыры тапты. «Халық банкінің» жергілікті филиалын тонап, бар өміріне жетерлік мол  ақшаға кенелмек болған жігіт енді осы ойын жүзеге асырудың нақты жоспарын жасады. Жоспар жасағанда кәдімгідей шетелдік фильмнің кәсіпқой кейіпкерлері сияқтанып, несие алғысы келетін клиент түрінде банкке барып оның ішкі құрылысымен, күзет жайымен жан-жақты танысып алды. Содан кейін қойын дәптеріне ойына алған шаруаны қалай жүзеге асыруға болатынын жан-жақты талдап тәптіштеп жазды.
Оның пайымынша, бірінші қабаттағы кіре- берісте отыратын күзетші жоғары қабаттың терезесі арқылы кірген адамды сезбейді. Күзетшіні қорқытып, ақша сақтайтын қойманы аштырса, қап-қап теңгені алып шығу еш қиындық туғызбайды. Банкте бейнеқондырғы орнатылғанын білетін ол бетін қара маскамен бүркеп алып, тұтқиылдан күзетшінің есін жиғызбастай жедел әрекет жасау арқылы табысқа жетуге болады деп нық сенген.
Банкке шабуыл
Алдын ала не істеу керектігін түгелдей  жос-парлап алған Илья ойын жүзеге асыруға қажетті құралдарды да  тыңғылықты дайындады. Жіңішке темір арқан, екі монтировкамен жарақтанған жігіт түн жамылып Щучинск қаласының Абылай хан көшесінде орналасқан «Халық банкі» филиалының ғимаратына келді. Төтенше жағдайларға арналған ғимараттың қосалқы баспалдағымен шатырға шыққан ол темір арқанның бір ұшын шатырдағы белдікке монтировкамен бекітіп, онымен төмен түсті. Үшінші қабаттың терезе тұсына келгенде терезені монтировкамен ұрып сындырып, бөлмеге кірді. Әзірге бәрі де алдын ала ойластырған жоспарына сай жүзеге асып жатты. Баспалдақ арқылы бірінші қабатқа жымын білдірмей жеткен қылмыскер бейқам отырған күзетшіге тарпа бас  салды. Илья қолындағы монтировканы көрсетіп «ақша сақталатын қойманы аш, әйтпесе, мынамен өлгенше соғамын» деді ызғарлана сөйлеп.
Түн жамылып банк ғимаратына кірген адамның тектен тек жүрмегенін, ақша үшін адам өлтіруден де тайынбайтынын бірден аңғарған күзетші қойманың есігін ашты. Бірақ, тәжірибелі сақшы қатер төнген сәтте абдырып абыржымады. Қылмыскердің көзін ала бере дабыл кнопкасын басып үлгерді. Дегенмен, қанша сездірмедім десе де қылмыскер сезіп қалған екен күзетшіге бас салды. Жан беру оңай ма, күзетші де арпалыса кеткен. Күзетшіге қарағанда біршама жас қылмыскер  әбжіл қимылдап темір монтировкамен арқасынан және жұдырығымен бетінен қатты-қатты  соғып үлгерді. Ауыр соққы алған күзетші сұлап түскен. Оның қолындағы кілтті алған қылмыскер қоймадағы темір жәшікке салынған 400 мың теңгедей ақша тапты.
Жаза
Ильяның қанша түнді ұйқысыз өткізіп, алдын ала жасаған жоспарының бәрі де әдіре қалды. Ақша сақтайтын қоймада бұл ойлағандай қап-қап ақша жоқ болып шықты. Сонша бейнетпен қоймаға кірген ол небары 400 мың теңге  ақшаны алып, соны қанағат тұтуына тура келді. Күзетшінің дабыл кнопкасын басқанын білетін жігіт құқық қорғаушылар жеткенше бой тасаламақ болып сыртқа шықты. Бірақ, сол сәт басына тағы бір сәтті ойдың келе қалмасы бар ма.  Одан алған кілтпен банктің
гаражын ашып, ішіндегі  ГАЗ-2705 автокөлігін айдап кетті.
Әр қадамына дейін алдын ала жоспарлап алып, қылмысқа үлкен дайындықпен барғанына қарамастан, Илья бірқатар қателіктер жіберген еді. Ең алдымен, күзетші дабылды басып, құқық қорғаушыларды шақырып үлгерді. Содан кейінгі қателігі банктің автокөлігін айдап алып кетуі болды. Жедел жетіп, қарақшының ізіне түскен тәжірибелі ізкесерлер қылмыскерді көп ұзамай қолға түсірді. Осылайша жан қинамай бір-ақ сәтте бар өміріне жетерлік мол олжаға кенелмек болған жігіт оңай тапқан ақшамен шалқып өмір сүрудің орнына, тар қапасқа қамалды.
Бурабай аудандық сотының судьясы А. Бәйкенованың төрағалығымен өткен сотта банкті тонаған И.Лисневскийдің қылмыстық ісі қаралды. Сот оны айыпты деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге шешім шығарды. Оған қоса, Лисневский банкке келтірген залалды түгел өтейтін болды. Осылайша оңай жолмен олжаға кенелмек болған жігіттің жасаған жоспары жүзеге аспай, енді өмірінің бес жылын тар қапаста өткізеді.  
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар