Аудан əкімі Төлеген Ташмағамбетов 90 жасқа толуына орай Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Максимович Пазычтің шаңырағына арнайы барып, құттықтап, Щучинск қаласынан пəтердің кілтін табыс етті.
Ақкөл ауданы Новорыбинка ауылының тумасы Василий Пазыч 1943 жылы əскер қатарына шақырылып, ұшқыштар даярлайтын училищеде даярлықтан өткен соң бірден майдан даласына аттанады. Содан оқ пен оттың ортасында жүріп, талай ерліктің үлгісін көрсетеді. Өзінің айтуынша үш рет жаумен бетпе – бет келіп, жылдамдығы мен айла-тəсілінің арқасында ажалдан аман қалған екен. Соғыс бітіп, Кеңес Одағы жеңіске жеткен соң да елге оралмай, алты жыл Австрияда, екі жыл АЛЖИР лагерінде əскери қызметте болған. Кейін Қарағанды қаласында лауазымды қызмет істеп, зейнеткерлікке шығады. Адам денсаулығына зиянын тигізетін зауытта жұмыс істегендіктен елу жасында зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұзақ жылдар жұмыс істейді. Екі мыңыншы жылы Щучинск қаласына көшіп келеді.
Ескі жатаған жер үйіне кіргеннен бізді жылы қарсы алды. Тіпті, қай рудан, қай жүзден екенімізді сұрап алып, қазақтың шежірелі ақсақалдарындай əңгіме-дүкен құрысқан Василий Максимовичтің қалың қазақ арасында ғұмыр кешіп, ұлтымыздың жақсы қасиеттерін бойына жия білгені байқалып тұр.
Майдангерді туған күнімен құттықтай келген аудан әкімі Төлеген Ташмағамбетов өңір басшысы Сергей Кулагиннің атынан сый-сияпат жасап, пəтердің кілтін табыс етсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Малкелді Жұмағұлов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың атынан құттықтау хат тапсырып, гүл шоқтарын сыйға тартты.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.
Бурабай ауданы.