Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ардақтыларын ұлықтап, игі жақсыларын еске алған - АРҚА АЖАРЫ

Ардақтыларын ұлықтап, игі жақсыларын еске алған

Ерейментауда өткен той  өзгелерге үлгі боларлық шара

Жалпы қазақтың арғы-бергі тарихында Ереймен өңірінің  алар орны ерекше екендігі баршаға аян. Тым әріге бармай-ақ,  ержүрек батырлығымен әз Тәукенің кезінде-ақ көзге түсіп, кейіннен 1726 жылы Ордабасындағы алқалы жиында  үш жүздің әскерінің тізгіні  Әбілхайыр ханға тапсырылғанда, қазақ әскерінің бас сардары болу  қанжығалы Бөгенбай батырға жүктелгендігін айтсақ та аз болмас.

Ереймен өңірінде Бөгенбай батырмен үзеңгілес болған талай жорықтарда ерліктің үлгісін көрсеткен батырлар, орақ тілді, от ауызды ақын-жыршылар аз болмаған.
Игі жақсыларын еске алған ғибратты шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, республикалық ақындар айтысы өткізілді.   
Міне, осындай дауды да шеше білетін, жауды да ел шетінен қуып тастайтын батыр бабаларының ұрпақтары одан кейінгі кездерде де батырлық пен дуалы ауыз шешендіктен кенде болған емес.

ХІХ ғасырдың басында, нақтырақ айтсақ, 1916 жылғы Ресей патшасының өздері бұратана халықтар санаған ұлттардан, оның ішінде қазақтарды  қара жұмысқа алу туралы жарлығын естіген қазақ-қырғыз халқы бұл теперішке көнгісі келмей қолдарына қару алып, қарсы шыққандығы тарихтан белгілі. Сондай ірі ұлт-азаттық көтерілістің бірі осы Ереймен өңірінде болған еді.
   Жуырда Ерейментау ауданында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ұлт-азаттық Ереймен көтерілісінің 100 жылдығына, ереймендік ақындар Олжабай Нұралыұлының туғанына – 135, Аманжол Әлжановтың туғанына – 110 және Бекболат Меркемелиденұлының туғанына –  135 жыл толуына арналған «Аудан күні» мерекесіне орай ауқымды шара өткізілді.
Алдымен аудандық Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде «Ереймен көтерілісі және Тәуелсіздік мұраты» атты ғылыми-практикалық конференциядан бастау алған мерекелік шара ақындар айтысымен,  күрес, көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт жарыстарымен жалғасып, одан әрі «Қымыз бен бауырсақ» фестиваліне және ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне ұласты.
Ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, қоғам қайраткері, Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Берік Әбдіғали, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай және филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер өз ойларын ортаға салып, жиналған жұртшылыққа қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ғасырларға созылған күресі, оның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы тың деректер келтірді. Сондай-ақ, Ереймен көтерілісінің басшысы болған Жанайдар батырдың кенже баласы Талғат Жанайдарұлы және басқалары сөз алып, ой бөлісті. Конференцияда жасалған «Ерейментау – ұлт-азаттық көтерілісінің орталығы», «1916 жылғы көтеріліс: көзқарас, ұстаным, қағида», «Ұлт-азаттық көтерілістер тарихындағы Ерейментау көтерілісінің орны» және «Ереймен көтерілісінің көркем әдебиеттегі көрінісі және ақын Олжабай Нұралыұлының тағдыры» атты баяндамалар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жалпы, Ерейментау ауданында тарихты зерделеп, өткенімізді екшеп, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен батырларды, ұлан-ғайыр сахарада орын алған тарихи оқиғаларды жалынды жырларымен әспеттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған шайырлар мен от ауызды ақындарды, басқа да халқымыздың игі жақсыларын еске алуға арналған шаралар жиі өтетіндігін ерекше атап өту керек. Осындай алғашқы ұлан-асыр той сонау 1991 жылы қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған астан бастау алады. Сол жолы елімізе алғашқы рет үлкен талант иесі, атақты режиссер Жақып Омаров кең далада өте ауқымды театрландырылған қойылым көрсетіп еді.
Бұдан кейін де ауданда талай ауқымды шаралар өткізілген болатын. Мәселен, осыдан он жыл бұрын ереймендік кәсіпкер Қанай Омаров бас-тап, белгілі ақын Сайлау Байбосын қостап ақын Аманжол Әлжановтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өткізіліп, оған айтыстың өкіл әкесі Жүрсін Ерманның атақты жүйріктері қатысып, ереймендіктерді отты жырларымен сусындатқаны аудан тұрғындарының әлі есінде болар. Осы жолы да еліміздің әр өлкесінен жас ақындар сайысқа шығып, жыр сүйер қауымды тағы бір қуантты.
Бұл арада ерекше назар аударатын бір мәселе, ол жоғарыда айтып өткеніміздей, ереймендіктердің тарихқа, оның ішінде Ереймен өңірінде болған айтулы оқиғаларға, осы өлкенің батырлары мен ақындарына, басқа да біртуар азаматтарына деген айрықша құрметі. Бұл үрдісті аудан әкімі, білікті басшы Ермек Нұғыманов жалғастырып отыр. Бұған дейін де облысымыздың бірнеше ауданын басқарған ол әрдайым өзінің қазақтың тарихына, тілі мен діліне деген ілтипатымен, ұлт жанашыры ретіндегі қасиетімен танылып жүр. Сондай-ақ, әкімнің игі бастамаларын іліп әкетіп, мұндай шараларды ұйымдастыруда іскерлік танытып жүрген аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Камила Ахмедиянованың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаевтың еңбектерін атап өткен жөн. Бұл арада әрине, үнемі осындай шаралардың басы-қасынан табылатын белгілі ақын Сайлау Байбосынның аудан тарихын зерттеу мен мәдениетін алға тартудағы үлесі қомақты екендігі ақиқат.
Ерейменде өткен шараның бастауы болған ғылыми-практикалық конференциядан соң қоғам қайраткері Берік Әбдіғали өзінің «Торғай көтерілісі. 1916-1917жж.» (құжаттар, мақалалар) атты кітабының тұсаукесерін жасап, осы Ереймен көтерілісіне қатысқан адамдардың ұрпақтарына, ауданның құрметті азаматтарына, өлкетанушыларға, журналистерге  1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығының құрметіне шығарылған естелік медальдар тапсырды.
Әрине, қазақтың тойы бәйгесіз өткен бе, бұл жолы да Ақкөл, Бурабай, Шортанды, Аршалы аудандарынан бабы келіскен палуандар мен сәйгүліктерін баптаған шабандоздар келді. Жарыс қорытындысы бойынша 20 шақырымдық аламанда Өлеңті ауылынан келген Нарымбай Абзал тізгіндеген сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып өтсе, Бурабай ауданының өкілі Рахат Әзімов екінші орынды місе тұтты. Ал, 10 шақырымдық шабыс-та Ақкөл ауданының аты (шабандоз Нұрлыбек Байнұр) бірінші, Бестөбенің тұлпары (Айдар Бексейітов) екінші, Астана қаласынан келген Данил Ефремовтың аты үшінші келді.
Көпшілік қызыға күткен көкпаршылар сайысында  «Ақмырза» командасы (команда капитаны Аман Сәбитов)  бірінші орыннан көрінді. Сондай-ақ,  палуандар күресі де қызықты өтіп, жас жеткіншектер болашақта мықты спортшы болатындықтарын көрсетті.
Сонымен Ерейментау ауданында өткен тағы бір  үлкен той өз мәресіне жетті. Бұл арада осы бір игі шараны жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ете білген ұйымдастырушыларға, әркез осындай тәрбиелік мәні зор тамаша істерге бастамашы бола білетін аудан басшылары мен тиісті мамандарының еңбектерін атап өту керек.

***
Аталмыш шараға байланысты өткізілген айтысқа Талдықорған, Қарағанды, Өскемен, Семей, Кереку, Көкшетау, Екібастұз қалалары мен Ерейментау ауданының ақындары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.  Құрамында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек, Целиноград аудандық газетінің редакторы, Жанат Түгелбаев, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Манап Әдрешов, ақын Аманжол Әлжановтың немересі Қанай Омаров және  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев бар қазылар алқасы ақындардың өнерін таразылады. Айтысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Сайлау Байбосын жүргізді.
Сахнаға алғашқы болып Ерейментау ауданының ақыны Қабдіжәлел Сахария мен Екібастұз қаласының ақыны Алмагүл Жүгінісова шықты. Сөзді Қабдіжәлел Сахария бастады. Халықпен қысқа амандасып алып, осы елден шыққан тұлғаларға бір-бір ауыз өлең арнады. Сөз арасында «Киелі Тоқмағамбет мешітінде, бес уақыт үзілген жоқ намазымыз» деп Тоқмағамбет хазіреттің мешітінде намаз оқып, дінді берік ұстанып жүргені жайында айтып кетті.
Содан соң қасындағы өзінен екі мүшел кіші Алмагүлге бұрылып «Жаз мысалы көрініп жамалыңнан, күз мысалы төгіліп қабағыңнан. Аузыңнан гүл, көзіңнен нұр шашылып, ерекше құпия сездім жанарыңнан» деп көркем сөзбен қыз бейнесін суреттеп, артынша «Мұндай сұлу аруды көрген кезде дәрет бұзылып, жаңылар ма екем намазымнан» деп салды. Тыңдап отырған жұрт алдымен күліп алса, артынша мынау қартайғанда не айтып отыр деп тіксініп те қалған. Алмагүл өз кезегінде қызға лайықты әдемі мақамымен, әуезді үнімен жауап берді. Халықпен амандасқан соң,
«…Керекуден келгенде,
Кермаралдай керіліп,
Айтыстың болып іңкәрі,
Алдымнан шығар деп едім,
Шежіредей өріліп,
Жүзінен нұр төгіліп,
Тоқан хазірет ұрпағы…
Алдымнан міне, шықты ғой,
Сүйектері саудырап,
Сақал-мұрты жалбырап,
Ерейменнің бір шалы.
Өлеңтінің бойында,
Ерейменнің тойында,
Алдымнан шығар деп едім,
Ер жігіттің сұлтаны.
Үлбіреп тұрған үмітті,
Осындай шалдар құртады,– деп қайырды. Айтыстың барысы осы мағынада өрілді.  Жалпы алғанда, қазақ халық ауыз әдебиетінде мұндай жанрдағы айтыстар болған. Бірақ, Біржанның өзі Сараға бұлай айтпаса керек-ті. Бүгінгі заманда алпысқа келіп, сахнада ару сүйемін деп айқайлау тіпті, ерсілеу көрінеді.  Айтыстың екінші жұбы болып, Өскемен қаласынан келген Ерлан Дәулет пен талдықорғандық Аягөз Серікқызы шықты. Ерланның сөзі кесек, екпіні қатты сезілгенімен, жаттандылығы байқалып тұрды. Аягөзге қаратып айтқан сөздерінің қисынсыз жерлері болды. Мысалы, «Аягөз Жетісудың гүлі сынды, байқаймын тұлғасы да ірі сынды…» деді. Қызды гүлге теңеу дұрыс. Бірақ, тұлғасын ірі деп айту жараса ма? Нәзік, талдырмаш десе бір жөн. Атам қазақ тұлғасы ірі деп ер адамға қатысты айтпаушы ма еді? Содан кейін айтысын «бұл айтыста ағайын тапқандаймын, болашақ жарым дейтін туысымды» деп жалғады. Қазақ жарын, жұбайын, қалыңдығын туысым деп айтушы ма еді? Жалпы, туыс деген сөздің түпкі мағынасы бірге туған дегенге саймай ма?
Ал, Аягөзге келетін болсақ, бұл ақын қыз өткен айда ғана Зеренді ауданында «Желтаудың желмаясы» атты тарихи этномәдени көрмелер фестивалінің аясында ұйымдастырылған облыстық айтыста Зеренді ауданының атынан шығып, бірінші орын алған болатын. Соңғы жылдары облысымыздан республика деңгейінде айтысатын ақынның шықпағаны бәрімізді алаңдатушы еді. Зеренді ауданына орта көріп, топқа түсіп төселіп қалған ақынның келгеніне де сол үшін қуанғанбыз. Алайда, осы айтысқа Аягөз Талдықорған қаласының атынан шығыпты. Алғаш көргенде алды-артын танып қалған, сөзінен сүрінбейтін ақын деп ойлап едік, олай болмады.
Тыңдай-тыңдай мезі қылған Айнұр Тұрсынбаеваның мақамына салып алады да отырады. Әрине, айтысуға жеңіл шығар, бірақ, ақындық жолда өсу үшін біреудікін қайталамаған абзал. Орынбай, Шөжелер, Арыстанбайларды есептемегенде, мың құбылтып ән салған өзіміздің Үкілі Ыбырайлардың мақамдарын неге қолданбасқа?! Мейлі, Арқаның әуендерін місе тұтпаса, тоқсан түрлі мақаммен топқа түскен Жамбылдың бір мақамын үйренсе болар еді. Аягөздің амандасуы да, Айнұр апасының баяғы сүрлеу соқпағындай естілді. «Алла деп келдік алдыңа, біссіміллә сөзден тіл қатып…» деп бастап, «…Бауырыңда тумақ түгілі, алдыңа келу бір бақыт» деп түйіндей салды. Ол аздай, Зерендідегі айтыста айтқан сөздерін осы жолы тағы да айтты. Содан да шығар, тілі жатық, өзін еркін ұстап екінші айналымға шықты. Осындай кейбір кемшіліктерін есептемегенде айтыс біршама сәтті шығып, көрерменді сергітіп тастады. Үшінші жұп болып керекулік Қайролла Хафиз бен семейлік Серік Қуанған шықты. Олар да жақсы айтыс көрсетті. Төртінші жұп та Қарағанды қаласынан келген Ботагөз Мұхитден мен көкшетаулық  Оюлы Қуаныш Оспан сөз қағыстырды.
Қуаныш айтысты жақсы бастап, тақырыпты ашып, осы елдің игі жақсыларын тізіп шығып көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Одан соң қарсыласына бұрылып:
«Ботагөз сені көрсем күлімдедім,
Жөн болмас бүгін енді сүрінгенім.
Негізі ұшық шығып ауырып жүр ем,
Онша емес болып тұр ғой түрім менің…»
деп айтыста сол ұшығын емдеу керек деп соқты. Оған Ботагөз де есесін жіберген жоқ.
«Қуаныш қызды көріп қылпып отыр,
Үйіндегі әйелін ұмытып отыр.
Аузымдағы ұшықты емдейсің деп,
Аузының суын да құртып отыр.
Қарағым, сүйе алмаймын, дәмеленбе,
…Ботагөз алыстан-ақ үркіп отыр…
Бұл жерде мен ғана емес, Қуанышжан,
Аузыңа қараған жұртың отыр…
деп тыйып тастады. Екеуінің айтысы әдемі, жарасымды шықты.
Бесінші жұп болып көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен керекулік Оңғар Қабден шықты. Екеуі орта деңгейде айтыс көрсетті. Нұрислам биыл көктемде облыс орталығында өткен айтыстағыдай бұл жолы  да тапқырлық танытып, халықты баурай алмады. Екеуі айтыс жүргізіп отырған Сайлау Байбосыннан тақырыптан ауытқып кеттіңдер деген ескерту алып, келесі айналымға өтпей қалды. Айтыстың соңғы алтыншы жұбы болып ерейментаулық Құрмет Құралхан мен  керекулік Алтынбек Мақсатхан шықты. Екеуі де тартымды, жарасымды айтыс көрсетті.
Қазылар алқасының ұйғаруымен екінші айналымға төрт ақын шықты. Алғашқы болып Серік Қуанған мен Құрмет Құралхан өнер көрсетті. Екінші жұпта болып Аягөз  Серікқызы мен Ерлан Дәулет айтысты. Алғашқы екеуі сол жерде суырып салып айтысса, кейінгілері халыққа тағы да театрландырылған қойылым қойғандай әсер қалдырды. Аягөз орнынан тұрып қарсыласына шай құйып берді. Шай құюдың айналасында әдемі әзілге құрылған дайын өлеңдерін орындап беріп, екеуі айтыстың соңғы айналымын сәтті аяқтады.
Қарапайым көрерменге мұның бәрі тамаша көрінеді. Алайда, айтыс ақындарынмен араласып, басқа жерлерде өткен айтыстарды ғаламтордан көріп, тыңдап жүрген жыр сүйер қауымды алдау қиын. Мұхтар Әуезов «Әдебиет – ардың ісі» демеп пе еді? Ауданда отырып, алты алашқа сауын айтып, бас жүлдесіне 200 мың теңге тігіп, әр ақынның келіп кетуін, күтіп алып, шығарып салуына дейінгі барлық жағдайды жасап жатқанда, бір сөзін екі сатқан ақындарды көріп қынжыласың. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені семейлік Ерлан Дәулет жеңіп алса, бірінші орынды Өскемен қаласынан келген Қуанған Серік қанжығасына байлады. Екінші орынды Құрмет Құралхан иеленді. Үшінші орын Аягөз Серікқызына бұйырды.       
Талғат ҚАСЕН,
Мерген ТОҚСАНБАЙ.
 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар