Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жайқалып, бітік шыққан мол астық ысырапсыз жиналады - АРҚА АЖАРЫ

Жайқалып, бітік шыққан мол астық ысырапсыз жиналады

 

35-қадам. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІН тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. ЖЕР КОДЕКСІНЕ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЗАҢ АКТІЛЕРІНЕ өзгерістер енгізу.
36-қадам. ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ТҮРІН ӨЗГЕРТУГЕ РҰҚСАТ АЛУ ресімдерін жеңілдету. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒА БЕРУ.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған  Жолдауында: «Қазақстанның аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие. Азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретін болады. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды» деп атап өткен еді.
Расында да, ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Аграрлық аймақ саналатын астаналық облыста ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Бұған облыстың соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласының дамуы бойынша республикада алдыңғы лектен көрінуі айқын дәлел.  Саланың Үкімет тарапынан қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың көмегі зор деуге болады.  
Биылғы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 4,7 миллион гектарды құраса, оның 4,3 миллионы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар, 219,8 мың гектар майлы дақылдар, 175,8 мың гектар мал азығы, 18 мың гектар картоп және 4,3 мың гектар көкөніс өсіру де қолға алынған.  Ағымдағы жылы жауын-шашынның көп болуы облыстағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді. Айталық, облыста жоспарланған егістік алқаптың 4,5 миллион гектарына жуығына немесе 114,8 пайызы химиялық өңдеуден өтті.
Оның ішінде республикалық бюджет есебінен италияндық шегірткеге қарсы 107,3 мың гектар немесе 107,3 пайыз алқапта өңдеу шарасы жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен кәдімгі шегірткеге қарсы 21,9 мың гектар, бидай құртына қарсы 71,6 мың гектар және шалғын көбелегіне қарсы 1,6 мың гектар егістік алқап өңделді.  Қазіргі кезде септориоз және астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.  Осы күні септориозға қарсы белгіленген 874,5 мың гектар егістік алқаптың 100,7 пайызы өңделді. Оның 48,5 мың гектары республикалық бюджет есебінен, 825,9 мыңы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер есебінен жүргізілген.  
Егінді қорғау мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. 201,8 мың гектар немесе 63 пайыз гектар егістік алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бірінші және екінші кезең бойынша парға қалдырылған жердің 661,6 гектары өңделсе, оның 61,8  мың гектарында химиялық әдіс таңдалды. Келер жылы жақсы өнім алу үшін қолға алынған бұл шараларды егін орағы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыс бойынша барлық егістік алқаптың 3757,5 мың гектары немесе 86,8 пайызында астық шығымы жақсы, 571,2 мың гектарда жағдай қанағаттанарлық.
Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы  дақылдарының шығымына қарап, орташа есеппен әр гектарынан 12,7 центерден шаққанда 5,5 миллион тонна астық  алынады деп болжанып отыр.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 2658-ы алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 100 пайызына жуығы дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен астық орылатын алқапты ескеретін болсақ, 1 комбайнға жүктеме 512,6 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 27 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар.  Ал, жаткаға келетін болсақ, облыста оның саны 2629, оның 100 пайызы, жүк көлігінің 99 пайызы және трактор тіркемесінің 99 пайызы жұмысқа  әзір. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану – осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте облыста ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта соңғы 3,8 жылда облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқанға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 көктемгі егіс кешенін сатып алған. Ал, биылғы жылдың 8 айында осындай 151 комбайн, 148 трактор қосылды.
Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 46 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қоры жасалынған.
Облысқа науқанға қажетті кепілдендірілген дизель отынының 75 мың тоннасы бөлінген. Аудан әкімдерінің өтініші бойынша жанар-жағармайды жеткізіп беретін 13 оператор және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарынан дербес 5 оператор айқындалды.
Мұндағы әрбір оператормен ірі ауыл шаруашылығы құрылымына науқан кезінде бөлінетін дизель отынының көлемі айға бөлініп, мұнай өңдеу зауытына бекітілген. Мәселен, маусым-тамыз айына бөлінетін 52 мың тонна дизель отынының барлығына ақысы төленсе, осы күні оның 45 мың тоннасы жеткізілді. Қазір бұл бағытта еш кедергі байқалмайды.  Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар  62 астық сақтау кәсіпорны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сыятын қоймалар бар. Осыдан-ақ, алынған астықтың  далада қалмайтынын байқауға болады.
Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда.
Қазіргі кезде астық қабылдау орындарында өткен жылдың астығының 403,2 мың тоннасы немесе 10,5 пайызы сақталған. Оның 233 мың тоннасы «Продкорпорация» ҰК» акционерлік қоғамына тиесілі. Бұл – соңғы жылдардағы қуантарлық көрсеткіш.
Өткен жаздағы ауа райының қолайсыздығы шөп дайындау науқанын ойдағыдай өткізуге кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан, биылғы жылы шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде бір жылдық шөп қорын асыра дайындап алды. Облыс бойынша 1083,9 мың тонна немесе жоспарланған бір жылдық мөлшердің 102,1 пайызы деңгейінде шөп әзірленді. Оған қоса, тиісті сабан және жем қоры да жасалынатын болады. Жалпы алғанда, төрт түлік биыл қыстан қысылмай шығады деген сенім бар.
Осылайша ежелден ірі аграрлы аймақ саналатын Ақмола облысы диқандарының биылғы күзгі ораққа тас-түйін дайындығы мен ұйымдастыру жұмыстарының тиісті деңгейде болуының арқасында науқан уақытылы, әрі ысырапсыз өткізілетініне сенім мол. Бұған диқан қауымының мүмкіндігі жетерлік. Ендеше іске сәт!

Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар