Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров биыл жетпіс жасқа толып отыр. Осыған орай, батырдың туған жері Қарқаралы өңірінде үлкен салтанатты шара болып өтті. Барша қазақтың мақтанышы болған тұңғыш ғарышкеріміздің мерейтойына қатысып қайтқан Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің қызметкері Темірбек Қасымжановтың тойдан жазған мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Шілде айының соңғы күнінде қарқаралықтар батыр жерлестері, сынақшы-ұшқыш, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың 70 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтті. Тау етегіне орналасқан, әсем безендірілген сахна төрінде құрметті қонақтар жайғасқан соң, алдымен, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков сынақшы-ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлының 70 жылдық мерейтойын тойлауға жиналған халықты құттықтап, той иесіне ұзақ ғұмыр тіледі.
Қарқаралы жұртшылығы атынан ғарышкердің аңшылығын айта келе, қандай жер болсын жүруге бейім темір тұлпар УАЗ автокөлігін сыйға тартты. Бұдан кейін сөз алған батыр туып-өскен Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов «Сонау алпыс жылдығыңызда Ұлы Отан соғысының батыры Нүркен Әбдіровке ескерткіш ұшақ қойдырдыңыз. Өзіңіз бірінші бағындырған Миг-21 ұшағы Қарқаралыда кіреберісте халқын тосып тұрады. Тоқтар аға жетпістің желкесінен мықтап ұстадыңыз. Сексеннің сеңгіріне шығыңыз, тоқсанды тобықтан қағыңыз, жүзге алқынбай жүйріктей болып жетіңіз. Алла тағалам соған жазсын» деп жеңіл автокөліктің кілтін Тоқтар Оңғарбайұлының сүйікті
немересі Томириске табыс етті.
Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Мағауия Сембай Тоқтар ағасының мерейтойына арнап «Наркескен» кітабын шығарып, сыйға тартты. Кітап үш тілде: ағылшын, орыс және қазақ тілінде жазылған.
«Ассалаумағалейкүм жерлестерім, қасиетті бабаларымыздың ұрпақтары, бәріміз бір ата, бір анадан шыққанбыз, бәріміз туыспыз. Жер шарын айнала ұшып, ғарышқа барып келгенімде, осындай үлкен той жасап едіңіздер. Жетпіс жасымды да тойлап жатырсыздар. Әрине, өте ризамын. Мені құттықтаймын, туған жеріңді көремін деп келген, бірге ұшқан Австрияның тұңғыш ғарышкері Франц Фибек әйелі, екі баласымен осында. Біздің командир, Кеңес Одағының Батыры Александр Волков отбасымен арнайы ат басын бұрып, туған жерімді, елімді көруге шын ниетін білдіріп, ол да бүгінгі мерейтойымның қадірлі қонағы болып отыр. Халқымыздың сүйікті әншісі, бұлбұлымыз, ең жақсы көретін тәтем, КСРО-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова да келді. Халқымызда «адамды тану үшін қасында жүрген достарына қара» демей ме. Бұрынғы Кеңес Одағына танымал сазгер, қазақ әндерінің майталманы, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев Дарико апамызбен ортамызда. Баршаңызға осындай құрметтеріңіз үшін зор алғысымды айтамын» деді Тоқтар Әубәкіров толқи сөйлеп.
Сондай-ақ, батырды ғарышқа ұшуға дайындаған ұстазы, Кеңес Одағының Батыры 90 жастағы Георгий Мосолов жасының келіп қалғанына қарамай, шәкіртінің мерейтойына арнайы келіпті. Ол да өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, жеткен жетістіктеріне қуанатынын жасырмады. Батырдың көк әлемде бірге самғаған достары, ғарышкерлер Александр Волков пен Франц Фибек те сахна төріне шығып ақ тілектерін айтты.
Салтанатты құттықтаудан кейін сазгер Ескендір Хасанғалиев және аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әннен шашу шашты. Бұл күні балуандар белдесіп, Қарқаралы ипподромында аузымен құс тістеген жүйрік сәйгүліктер аламан бәйгеге шауып, той-думан жалғасып жатты. Сөйтіп, Қарқаралы жұртшылығы тұңғыш ғарышкер, батыр ұлдары Тоқтар Әубәкіровтың мерейтойын есте қаларлықтай ерекше атап өтті.
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар-Қарқаралы-Атбасар.