Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихи мұраны ұрпаққа жеткізу жауапты әрі маңызды - АРҚА АЖАРЫ

Тарихи мұраны ұрпаққа жеткізу жауапты әрі маңызды

Облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының ұйымдастыруымен ауданда өткен «Үздік мұрағаттанушы» облыстық байқауы Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналды.

Бүгінгі күні облыста 21 мемлекеттік мұрағат мекемесі жұмыс істесе, оның 5279 қорында бас-аяғы 1326269 құжат сақталған. Жыл сайын мұрағат қоры жаңа құжаттармен толықтырылып отырады, сондықтан да, оларды сақтайтын орын тапшылығы бүгінде басты мәселелердің қатарында. Осы 21 мекеменің тек 12-де ғана өз ғимараттары бар көрінеді, қалғандары түрлі меншік иелерінен орынды жалға алып отырған жайы бар. Сондай-ақ, мұрағаттанушы мамандарының да жетіспеушілігі жиын барысында айтылды. Облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы Мәрзият Тохаева:  
–Ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін сақтаудағы 4685 құжаттың физикалық жай-күйі жаңартылып, жалпы көлемі 6572 парақты құрайтын екі мыңға жуық құжат қайта өңдеуден өтті. Сонымен қатар, құжаттар көнерген сайын мәтіндері өшіп жатқан материалдардың 142 парағы қайта қалпына келтірілді. Бүгінде «Мұрағаттық анықтама тапсыру» мемлекеттік қызметі тікелей мұрағаттар және халыққа қызмет көрсету орталықтары, сонымен бірге, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады, –дей келе мекемелер арасында ұйымдастырылып жатқан игі істерді де баяндап берді. Бұдан әрі мұрағатшылар жиыны салтанатты түрде марапаттау рәсімімен жалғасын тапты. Мұрағат ісін дамытуға және ондағы тарихи-мәдени құжаттарды сақтап, жас ұрпаққа сол күйінде жетуіне зор үлес қосып жүрген мекемелердің директорлары, атап айтқанда, Зеренді ауданы бойынша Бақытжан Айдосова, Астрахан ауданынан Зәуре Аманжолова, Еңбекшілдер ауданынан Анар Шәуенова, Атбасардан Абай Ахметов және зеренділік мұрағат қызметкері Татьяна Новокрещенова аталмыш басқарманың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мұрағат және құжаттандыру ісінің мамандары арасындағы әрі қызықты, әрі тартысты өткен байқау нәтижесі бойынша бас жүлде мен елу мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты зеренділік Динара Азнабаева жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды сандықтаулық Татьяна Павлова еншілесе, екінші орын жарқайыңдық Надежда Ложкинаға бұйырды, ал, үшінші орынға облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері Әсем Хасенова лайық деп танылды. Ақкөлдік Дина Рогова Зеренді ауданы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.  Сондай-ақ, байқаудың демеушісі облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская екендігін атап өткен жөн.
Биылғы жылы Зеренді ауданының мұрағат бөлімінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бұл ретте аудан басшысы Асқар Мұратұлы осы сала қызметкерлерін мерейтойларымен құттықтап:
–Мұрағат қызметінің біздің өмірімізде алар орны қашанда биік. Ата-бабадан қалған асыл қазынамыз бен мәдени мұраларымыздың сақталуына және дәріптелуіне, оның ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне үлес қосып келе жатқан сіздерге айтар алғысымыз шексіз, –деп атап өтті. Бұдан әрі аудан басшысы ауданның мұрағаттық ісіне еңбек сіңірген Раиса Әлібекова, Тамара Балмағамбетова және Светлана Халилова сияқты ардагерлерге Алғыс хаттар табыс етті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар