«Бауыржан» қайырымдылық қорының Х ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» арнайы сыйлығының иегерлерін анықтайтын кез жақын. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері түрлі қайырымдылық қорлары ашылып, мейірімділікті насихаттайтын жобаларды жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – «Алтын жүрек» қайырымдылық жобасын қолға алып, іске асырып келе жатқан «Бауыржан» қайырымдылық қоры.
10 жылдан бері қор қызметкерлері жоба бойынша елге танымал әртістер мен кәсіпкерлер, ірі компания-лар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қарапайым тұрғындарды жоба демеушілері ретінде тартып, мұқтаж жандарға материалдық көмектерін көрсетуде. Атап айтқанда, олар осы уақытқа дейін еліміздегі мешіттер мен шіркеулердің құрылысына, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық жағынан көмектесіп келеді. Сондай-ақ, жарымжан жандар мен жас таланттардың өнер жолына қадам басуларына да қол ұшын беруде. Алғашқы жылдары жұртшылық тарапынан 70-тей ғана өтініш жиналса, қазір оның саны екі жүзден асып түседі.
«Бауыржан» қоғамдық қорының «Алтын жүрек» арнайы сыйлығын жоба бойынша байқауға қатысқан жеке тұлғалармен қатар ірі компаниялар да иелене алады. Жоба аталымдары 10 түрлі категория бо-йынша жүзеге асырылады. 2011 жылдан бері шетел азаматтары да жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Енді «Қазақстанның дамуына зор үлес қосқаны үшін» номинациясы бойынша алыс-жақын шетелдердің көшбасшылары да қатыса алады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жетім балаларға көмек» номинациясы бойынша BIGroup құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев, 350 бала тәрбиелеп отырған Талғар қаласының тұрғыны Тұяқ Есқожина, «Ақниет», балалар отбасылық үйінің негізін қалаушы Есіркеп Есімханов «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаттары атанған болатын. 2011 жылы «Жыл қайырымдысы» номинациясы бойынша 1959 жылдан бастап донор болып жүрген Қалиша Түресбекова есімді зейнеткер марапатталған еді. Сондай-ақ, марапатталғандар қатарында кәсіпкер Өркен Есей де бар. Ол өз қаражатына Оңтүстік Қазақстан облысындағы Машат ауылына спорттық кешен салып беріп, сондағы мешіт құрылысына 1,5 миллион теңге жұмсаған.
Жобаның ұйымдастырушылары қайырымдылық ұйымдарының жетекшілерін де назардан тыс қалдырмаған. Бұл ретте, Аружан Сайынды атап өткен жөн. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек» марапатына ие болды. 10 жыл ішінде «ДОМ» қоғамдық қоры 1380-нен астам қазақстандық балаларға көмек қолын ұсынған. АРДИ ұйымының жетекшісі Әсия Ахтанова «мүгедектерге көмек» номинациясына ілікті. Ұйымдағы 24 жылдық ерен еңбегінің арқасында ол мыңға жуық балаға қол ұшын берген. Ұйымның бірқатар жобаларының негізінде осы күні ассоциация мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 537 отбасыға және мүгедектер арбасына таңылған 147 балаға көмектесуде.
«Алтын жүрек» марапатына сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар корпорациялары да ие болды. 2015 жылы «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэр «Алтын жүрек-2015» сыйлығының лауреаты атанған еді. Ол өз ауданының дамуына үлкен үлес қосты. Компания өз қаражатынан 314 миллион теңге бөліп, балаларға арналған ойын алаңдарын салып, мектептердегі оқушылардың тегін тамақтануын ұйымдастырған.
Ұйымдастыру комитетінің сараптамасы бо-йынша, «Алтын жүрек» сыйлығының 10 жылдық тарихында жобаға атсалысқан үміткерлер мен лауреаттардың арқасында 80 миллиардтан астам қаржыға қайырымдылық шаралары жасалыпты.
Гүлзат САХОВА,
«Бауыржан» қайырымдылық
қорының үйлестірушісі.