Достар мәдениет сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қала әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Көкшетау қаласы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өткізілді.
Кеңес барысында жетістіктер мен олқы тұстар айтылып, жаңа оқу жылында атқарылар шаруалар екшеліп, саланың алдына қойылып отырған міндеттердің үдесінен шығу жайы талқыланды. Алқалы отырыста қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов баяндама жасады. Оның сөзіне жүгінсек, 2015-2016 оқу жылдарында балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту мәселесі бойынша нәтижелі жұмыс жүргізілген. Айтар болсақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақшалардың саны артып, балалардың қамтылуы 83 пайызға өскен. Осылайша қалалық білім бөлімі 2019 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны ғана артпай сапасы да артуы тиіс. Осы ретте, педагог мамандарға үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Өз кезегінде олар әр алуан сайыстарда өздерін көрсетіп, біліктіліктерін шыңдауда. Мәселен, Юрий Гагарин атындағы №33 балабақшаның педагог-психологы Галина Завгоруль республикалық педагогикалық оқулардың қалалық деңгейінде жүлдегер атанып, облыстық кезеңінде екінші орынды иеленді. Ендеше, сала басшысы тәрбиешілердің шеберлігіне баса мән беріп, олардың кәсібилігін арттыру мақсатында арнайы курстардан өткізу қажеттігін баса айтты. Бұдан соң Юрий Гагарин атындағы №33 балабақшаның әдіскері Аягөз Қаппасова, №11 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Чмеленко, №6 орта мектеп-лицейінің директоры Айшолпан Самбаева жарыссөзде сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы толғандырып отырған мәселелер хақында өздерінің көзқарастарын білдірді.
Бүгінгі таңда білім ошақтарында үштілді оқыту жүйесіне көшу мәселесі кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. Жас мамандар Юлия Березняк, Руслан Савельев және Жадыра Тұрсынға сөз кезегі беріліп, олар сабақтардың ағылшын тілінде жүргізілуінің артықшылықтары жөнінде әңгіме өрбітті.
Кеңес қорытындысында білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіндегі табысы, кәсіби шеберлігі, педагогикалық үрдістегі жетістігі үшін бірқатар ұстаздар «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгілермен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар ұлағатты ұстаздар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен облыс және қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Одан бөлек, білім беру мекемелері арасында жүргізілген мониторинг бойынша үздік деп танылған білім ошақтарына ақшалай сертификаттар тапсырылды.
Ырысгүл АШУОВА