Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облыстық әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің нышаны» тақырыбында байқау болып өтті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, әрбір жастың бойында тілге деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта-жігерді күшейту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа облыстағы халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталықтары мен жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменттерінің мамандары қатысты.
Байқау әдеттегідей қатысушылардың өзін-өзі таныстыруынан басталып, мақал-мәтел айту жарысы, өнер сайысы, интеллектуалдық сұрақтар, мәтінді аудару секілді кезеңдермен жалғасты. Әр кезеңдегі тапсырмаларды орындау барысында қатысушылардың таным-түсінігі мен білім деңгейінің және байқауға келгендегі дайындықтары мен жауапкершіліктері көзге көрініп-ақ тұрды. Бұл ретте, Жақсы ауданынан қатысқан Эльмира Комякованы ерекше атап өткен жөн. Қазақшаға судай қыздың тіл үйренудегі талабына жиналған қауым риза болды.
Қазылар алқасының қорытындысы бо-йынша жүлделі бірінші орын жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің жетекші маманы Әлия Көлбаеваға берілді. Екінші орынға Көкшетау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлімінің инспекторы Гүлсара Айтмағанбетова ие болды, ал, халыққа қызмет көрсету орталығының Ақкөл аудандық бөлімінің инспекторы Жансая Қырықбаева үшінші орыннан көрінді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ