Өткен сенбі күні Щучинск-Бурабай курортты аймағында «CHARITY TOUR DE BURABAY 2016» төртінші қайырымдылық веложүгірісі өткізілді. Аталмыш шараны ұйымдастырушылар «Rixos Lake Borovoe» қонақ үйі мен «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры. Веложүгірісті олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, «ASTANA PRO TEAM» командасының бас менеджері Александр Винокуров басқарды.
Веложүгіріске облыс әкімі Сергей Кулагин қатысты. Олимпиада чемпиондары, ауыр атлетші Илья Ильин мен боксшы Серік Сәпиев, Рио олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Данияр Елеусінов, Василий Левит, Гюзель Манюровалар спорттық шараның арнайы қонақтары болса, «Дуэт Чехова» Comedy Clubының танымал резиденттері мен ресейлік радиожүргізуші, әнші, актриса Марина Кравец кешті жүргізіп отырды. «Charity Tour de Burabay 2016» ұйымдастырушылар Ақмола облыстық балалар ауруханасын және Қызылорда облысы Арал ауданының орталық ауруханасын жарақтандыру үшін қажет медициналық жабдық сатып алуға 20 миллион теңге жинау-ды жоспарлаған еді, алайда жиналған сома 100 миллион теңгеден асып түсті.
Баспасөз конференциясы барысында «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов өткен жылдардағы веложүгірістің қорытындыларын шығарса, Александр Винокуров алғашқы рет шақырту алғанда-ақ бірден келісім бергенін айтады.
Веложүгіріс аяқталған соң қайырымдылық аукционы өткізіліп, «Асыл Мирас» қорының, Қазақстан теннисі федерациясының және әйгілі спортшылар мен қазақстандық, халықаралық компаниялардың лоттары қойылды. «ASTANA PRO TEAM» командасы бірден үш лот қойды: Фабио Арудың олимпиадалық жаттығу велосипеді, Джирод’Италия жарысының жеңімпазы Винченцо Нибалидің қызыл майкасы, Испанияда өтетін Вуэльта-2016 веложарысының финалдық бөлігіне үшкүндік сапар. Бокс-шылар Геннадий Головкин мен Серік Сәпиевтердің қолғаптары, жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің футболкасы да аукционда жоғары бағаға сатылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.