Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қасиет тұтар қастерлі Ата Заң! - АРҚА АЖАРЫ

Қасиет тұтар қастерлі Ата Заң!

Қазіргі дүниедегі кез-келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Осыдан 21 жыл бұрын жаңа Конституция қабылданып, еліміз жасампаз жаңа дәуірге нық қадам басты.  1995 жылдың 30 тамызында, жалпы халықтық референдумда Қазақстан халқы Конституция-ны қабылдауға дауыс беріп, өздерінің бір мағыналы таңдауын – тәуелсіздікті, өркендеуді, демократияны қолдады.

Құжатты әзірлеуге Елбасымыз тікелей атсалысып, білікті заңгерлер мен шетелдік мамандар қатысты. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі естілген Негізгі заң да осы  Конституция. Бұл жөнінде Елбасы: «1995 жылы Конституция тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын.
Бүгінгі біздің жетіліп келе жатқан тарихын бес саусағындай білетін жас ұрпаққа осы Конституциямыздың темірқазығы сонау «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастау алғандығы туралы айтпаса да түсінікті.
Қазақстан өз тәуелсіздігі кезеңінде Негізгі заңды екі рет қабылдады. Республиканың бірінші Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Бұл Ата Заңымызда адам құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмегендіктен, 2 жыл өткеннен кейін, еліміздің саяси өміріндегі оң өзгерістерді және дүниежүзілік тәжірибені ескеріп, екінші, қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.
Қазақстан Республикасының Конституция-сы Негізгі заңы ретінде   егемендігіміздің тұрақты дамуының, қоғам, мемлекет тұрақтылығының іргетасы. Осы 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың басты құндылығы республиканың өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деп жарияланумен қатар, бастауы халық екендігін айқындап берді.  
Еліміздің бұл Негізгі заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жария етті. Бұған мемлекеттің құзырына өз аумағының тұтастығын, сырттан қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ету толығымен жатқызылады.  Конституцияда демократияның түпкі мәні ерекше айқындалады. Демократия деген грек сөзін өз тілімізге аударсақ, халықтың билігі деген мағынаны білдіреді. Осы тұжырым қағида Негізгі заңның үшінші бабында   «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп нақты жазылған.
 Конституцияда республикадағы мемлекеттік билік біртұтас деп жарияланған. Бұл билік Конституция бойынша үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі болып дараланған. Осы жылдары демократияның маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды.
Жалпы, Ата Заңымыздағы ең басты құндылық – бұл адамның құқығы мен еркіндігін қорғау болып табылады. Әр адам осы елде өмірге келіп, тұрмыс-тіршілік жасап жатқандықтан, оларды тіліне, түріне және нәсіліне қарап алалау жоқ. Байырғы қазақ жерінде тағдырлары тоғысқан барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, ортақ мүдде жолында өмір сүріп жатқаны біздер үшін баға жетпес жақсылық  болса керек.
Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншіктердің әралуандығын мойындап, оны заң жүзінде бекітті. Енді Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншікпен қатар жекеменшік те өз күшіне еніп, заңмен қорғалатын болады.
Демократиялық принциптер Конституцияның арнайы «Адам және азамат» атты екінші бөлімінде айқын көрініс тапқан.
Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқықтарға, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді.
Жекеменшік құқығы заңмен қорғалады, сонымен қоса, өзінің мүмкіндіктерін және мүліктерін кәсіпкерлік қызметте және заңмен тыйым салынбаған экономикалық қызметте еркін пайдалануына құқықтары бар.  Бұл нарықтық экономиканың тұрақты дамуы, экономикалық реформаның алға жылжуы үшін сенімді конституциялық негіз жасауды қамтамасыз етеді. Осы орайда, облыстық прокуратура органдарында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бо-
йынша «Мобильді топтар» құрылған, олар республикамыздың әр төңірегінде қызмет атқарып жатыр.  Конституция 1995 жылы конституциялық құқықты қорғаудың, Негізгі заңның құқықтық өрісін және тұрақтылығының қосымша кепілдігі ретінде прокурорлық қадағалаудың рөлін бекітті. Прокуратураның құқық қорғау қызметінің басты бағыттарының бірі конституциялық заңдылықты, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ, заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіру Қазақстан Республикасының Конституциясымен  прокуратура органдарына жүктелген.
Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықтың сақталуын қадағалау бойынша  прокуратура органдарымен 12 мыңнан астам адамның конституциялық құқығы қорғалды. Оның ішінде екі мыңнан астам адамның  еңбек құқығы,  төрт мыңнан аса кәмелетке толмаған балалардың құқығы, төрт жүзден артық адамның денсаулығын  сақтау құқығы қорғалды.
Жалпы прокурор актілері бойынша жұмысшыларға 77 миллион теңгеден астам жалақы төленді.
Еліміз Конституциямыздың тұрақтылығы арқасында 21 жыл ішінде жан-жақты қырынан әлемге таныла білді. Ендігі біздің басты міндетіміз  тәуелсіздігіміздің тірегі Конституциямызды қатаң ұстанып, оны құрметтеп, маңыздылығын бір сәтке де жоғалтпай сақтау. Ата Заңды құрметтеу  ел тарихын құрметтеу.
Осы сәтті пайдалана отырып, барлық қазақстандықтарды келе жатқан Конституция күнімен құттықтаймын. Барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бейбіт пен береке, еңбектеріңізде табыс тілеймін. Конституциямыздың 21 жылдығы барлығымызға да құтты болсын!

Мұратбек ИСАДИЛОВ,
Ақмола облысының прокуроры,
мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар