Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлем Қазақстанның бастамасын қолдайды - АРҚА АЖАРЫ

Әлем Қазақстанның бастамасын қолдайды

Қазақстан Президенті «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысты.

Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай өткен конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білім саласының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, әлемнің 50-ден астам елінен шетелдік қонақтар қатысты.
Елбасы конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін Қазақстан Президенті сыйлығын тағайындау туралы көтерген бастамалары үшін ризашылығын білдірді.
– Жалпы, мен бұл бастаманы қолдаймын. Мүмкін оны Ядролық қарусыздандыру үшін берілген сыйлық деп атаған жөн болар, оның атауын қайта ойластыру қажет. Біз ақылдасып, бұл сыйлықты тағайындау туралы шешім қабылдайтын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қарашада Қазақстанның елордасында Астана бейбітшілік саммиті өтетінін мәлімдеді.
– Саммитке көптеген елдердің мемлекеттер пен үкіметтері басшылары, танымал саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы сол саммитте айтуға болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 1991 жылғы 29 тамызда еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызды оқиға болғанын атап өтті.
– Ширек ғасыр бұрын біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылдай азап тартқызған милитаризмнің ең сұрапыл сынағы заңды түрде тоқтатылды. Біздің шешімімізден кейін барлық жетекші ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, алайда олардың ешқайсысы әлі күнге дейін жабылған жоқ. Қазақстан – мұндай қадамға барған алғашқы ел. Біздің халқымыздың қалауы солай болды. Бұл оқиғаның барша әлем үшін маңыздылығы осында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ширек ғасыр ішінде біздің республикамыз бейбітшілікке, ядролық қарудан азат болуға бастайтын тиімді модельді қалыптастыра алғанын айтып, оны барлық елде қолдану жөнінде ұсыныс жасады.
Мемлекет басшысы ядролық қару арқылы өзін-өзі жою қаупін азайтуға және бейбітшілікті бірте-бірте демилитаризациялауға бағытталған бірқатар ұсыныстар айта келіп, мұның халықаралық қарым-қатынаста терең ментальді өзгерістерді, көптарапты жаңа саяси шешімдерді, жоғары деңгейдегі сенімді қажет ететініне назар аударды.
– Ядролық арсеналды қысқарту үдерісін іс жүзінде сондай әскери күш-қуатқа ие барлық мемлекеттердің қатысуымен көпжақты үдеріске айналдырған жөн. Мұның алдында қазір «ядролық қаруы бар» ел атану қарсаңында тұрған мемлекеттердің ядролық мәртебесі толықтай заңдастырылуға тиіс. Барлық ядролық державалар Ядролық қаруды азайту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу жөніндегі келіссөздерді
бастауы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық құқықты түгел кодификациялаудың маңыздылығын атап өтті.
– Атом қаруын иеленуден өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, ядролық қарусыз ел деген мәртебесі бар мемлекеттерге ядролық державалар тарапынан кепілдік беруді заңдық тұрғыдан міндеттейтін жүйені жетілдіру қажет. Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралардың нақты қолданылатын тетіктерін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен бекіткен жөн, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты қақтығыстардың алдын алу үшін ірі державалар мен жаңа халықаралық ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты реттеудің жаңа тетіктерін әзірлеуге шақырды.
– Қарудың әдеттегі түрлері мен әскери технологиялардың таралуын бақылауды күшейту де аса маңызды. Барлық үкіметтерді ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттарды одан әрі нығайту жөніндегі жаңа міндеттемелер қабылдауға шақырамын. Сонымен қатар, мен бүгін өз елдері мен халықтары атынан өкілдік етіп отырған барлық парламенттердің мүшелеріне бұған белсене атсалысу жөнінде сөз арнаймын. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі осы және өзге де шараларға арналатын болады. Ядролық қауіпсіздікті күшейту жолындағы, ядролық қаруды сынақтан өткізу мен жетілдіруге қарсы кең қоғамдық қозғалыс ядролық қауіптен арылу ісіне тың серпін беруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушылар айтқан ұсыныстар бүкіл әлемдегі саясаткерлер мен ғалымдардың құлағына жетеріне сенім білдіріп, жиналғандардың жұмысына жеміс тіледі.
Сондай-ақ, іс-шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша халықаралық ұйымдар мен шетел үкіметтері өкілдері баяндама жасады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар