30 тамызда қазақстандықтар Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін атап өтеді. Осыдан тура 21 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қазақ елінің жаңа Конституциясы қабылданған болатын. Ата Заң еліміздің экономика саласында қолға алынған реформаларға жаңа серпін беріп, Үкімет қызметінің заңнамалық кеңістігі мен базасын құруды қамтамасыз етті және тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық құрылымының іргелі принциптерін нығайта түсті.
Мемлекет басшысы қазақ елінің әлемнің бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің қатарына енуіне арналған үлкен міндетті алға қойды. Мұндай биіктен көріну үшін экономикамыздың дамуына серпін беретін заңдық негіздер қажеттігі түсінікті. Осы орайда, шетелдік инвес-торларды тарту, заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүліктерді, сонымен қатар, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және тіркеу рәсімдерін жеңілдету бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде.
Ақмола облыстық әділет департаменті де аталған бағытта шағын және орта бизнес субъектілері үшін кәсіпкерлермен дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, онда қолданыстағы заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Осы жылдың наурызында облыстың Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойған әділет департаменті кәсіпкерлер палатасымен тұрақты жұмыс істеуде. Атап айтқанда, әділет органдарына қатысты өзара мүдделі мәселелерде, оның ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде бірыңғай құқықтық қолдану тәжірибесін қалыптастыру, мемлекеттік органдардың әрекеттері мен шешімдерін даулау және даулы мәселелерді шешу, меншік құқығын қорғау сияқты шараларды жүзеге асыруда қолдау көрсетеді.
Халықтың әлеуметтік және құқықтық қорғалуына, мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтуға, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан реформалар қоғамдағы ішкі тұрақтылық пен келісімді сақтауға игі әсерін тигізеді. Ал, мұның бәрі Ата Заңымызды негізге алған заңдарымыз арқылы жүзеге асатыны мәлім.
Біздің еліміздің әрбір азаматы өзінің қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы Конституциямен кепілдендіріліп, әрі толықтай қамтамасыз етілгенін және оған ешкімнің қысым жасауға құқығы жоқ екенін жақсы біледі. Еліміздің Ата Заңының 13 бабына сәйкес, әрбір азамат білікті құқықтық көмек алуға құқылы, оның ішінде заңмен қарастырылған жағдайда құқықтық көмек тегін көрсетіледі.
Осы орайда, көпшіліктің көкейінде мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмекке ненің жататыны жөнінде заңды сұрақ туындайды. «Мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек туралы» заңға сәйкес, мұндай құқықтық көмек мемлекеттік органдар арқылы құқықтық ақпараттандыру жолымен, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларының құқықтық кеңес беруі негізінде адвокаттардың сотта, қылмыстық тергеу органдарында, басқа да мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда «Мемлекетпен кепілдендірілген тегін құқықтық көмек туралы» заңына сай және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерімен бекітілген тәртіпте жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және өкілдік ету түрінде көрсетіледі.
Әділет департаментіне адвокаттар мен нотариустардың көмегіне мұқтаж, бірақ өздерінің тегін құқықтық көмек алуына құқылы екендігін әрі кімге жүгіну қажеттігін білмейтін азаматтар жиі келіп жатады. Департамент қызметкерлері азаматтарға түсініктеме беріп, сонымен қатар, құқықтық көмек және кеңес алуы үшін адвокат немесе нотариус тағайындалады. Ұлы Отан соғысына қатысушылар немесе оған теңестірілген тұлғаларға, шұғыл қызметтің әскери қызметшілеріне, І және ІІ топ мүгедектеріне, жасы бойынша зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге адвокаттар және нотариустар тегін құқықтық көмек көрсетеді.
Биылғы жылдың 8 айында 5401 адам тегін құқықтық көмек алған екен. Олардың 3129-ы тұрмыс жағдайы төмен, 50-і мүгедек, 78-і зейнеткер, 11-інің азаматтығы жоқ және 96-сы кәмелет жасына толмағандар болды.
Облыс тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әділет департаментімен Ақмола облысының адвокаттар алқасының, жеке сот орындаушыларының құқықтық кеңестерінің, жеке нотариустардың байланыс телефондары және мекен-жайлары көрсетілген интерактивті картасы жасалды. Интерактивті карталардың арқасында қандай да бір кеңсенің орналасқан орнын айқын көріп, өзің тұрған жерге ең жақынын таңдауға болады. Карталармен департаменттің ресми сайтында (www.akm.adilet.gov.kz) және ақпарат агенттіктерінде танысуға болады.
Сонымен қатар, облыс аумағында нотариалды палата жұмыс істейді, онда да азаматтар құқықтық көмекке жүгіне алады.
Анатолий ДЕРМАНОВСКИЙ,
Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы.