Балалардың мектепке баратын уақыты да жақындап қалды. Мұның ата-аналар, оның ішінде көпбалалы және тұрмыс жағдайлары төмен отбасылары үшін бірқатар қиындықтар әкелетіні жасырын емес.
Баланың оқу құралдары мен киім-кешегі қазіргі нарық жағдайында қалтаға тәп-тәуір салмақ түсіреді. Осы орайда, елімізде қолға алынып жүрген «Мектепке жол» қайырымдылық шарасының берер көмегі көп.
Таяуда балам оқитын Көкшетау қалалық №19 орта мектепке телефон шалып, оқу құралдарын алуға жәрдемдесуін сұраған едім. Обалы не, мектеп директорының оқу-
тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Сәуле Өмірбаева бірден ұсынысыма құлақ салып, қажетті шараларды жасаймыз деп уәдесін берді. Сөйтіп, «Мектепке жол» шарасы шеңберінде көмек көрсетілді. Осы арада қайырымдылық шарасына Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нің директоры Әсия Шәрімованың белсене атсалысқанын айта кеткім келеді. Бұл жолы да қайырымдылық шарасына жедел үн қосып, қолдауға мұқтаж көптеген отбасыларға қол ұшын берді. Осындай қайырымды жандар көбірек болса, қиындық туғызатын жайлар шешімін табар еді деген ойдамын. Ең бастысы, осы қайырымдылық шарасының нәтижесінде көптеген балалар өзге құрбыларымен бірдей мектеп табалдырығын қуанышпен аттайды.
Ермек МЕЙРАМҚҰЛОВ.