7-18 қыркүйек аралығында Рио-де Жанейрода ХV жазғы Паралимпиада ойындары өткізіледі.
Осы айтулы жарысқа спорттың бес түрінен біздің елімізден 11 спортшы қатысып, бақ сынамақ. Олардың арасында жерлесіміз Вадим Дукарттың өнер көрсететінін атап өткіміз келеді. Еліміздің туын жүзгіш Әнуар Ахметов ұстап шығады. Спорттың 22 түрінен сайысқа түсетін спортшылар 528 медальді сарапқа салатын болады. Паралимпиада ойындарына әлем елдерінен 4350 спортшы қатысады деп күтілуде.
Допинг дауына байланысты бұл жарысқа ресейлік құрама қатыса алмайтын болды. Дегенмен де, Рио-де Жанейро олимпиадасындағы тартыс бұған дейінгі олимпиадалардан кем болмайтыны анық. Соған орай, жүзден жүйрік шығып, жүлдегер атану да оңайға соқпайтыны айқын.
Арамызда тағдырдың жазуымен мүгедек атанса да мойымай, толыққанды өмір сүріп, оған қоса, спортты серік еткен жандар аз емес. Түрлі спорт жарыстарына қатысып, байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің намысын қорғайтын осындай спортшылардың қатарында ақмолалық Вадим Дукарттың болуы мақтан тұтарлық жай. Пауэрлифтингпен 178 келі салмақты бағындырған ақмолалық спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері алматылық Сергей Романовты басып озып, олимпиадаға берілетін жолдаманы жеңіп алған болатын. Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Колесников Вадимнен үлкен үміт күтетінін мәлімдеді. Спорттың осы түрімен біраз жылдан бері айналысып келе жатқан Ақмол ауылы тумасының ел намысын абыройлы қорғайтынына сенім мол. Жерлес спортшыға байрақты бәсекеде жеңіс тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.