«Рио» сауда ойын-сауық орталығында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен қолданбалы қолөнер шеберлері қауымдастығы бірлесе отырып, «Ең шығармашыл адам» байқауын ұйымдастырды.
Оған «Қарттарым – асыл қазынам» денсаулық клубының он мүшесі қатысты. Шараның негізгі мақсаты егде жастағы адамдар бойындағы шығармашылық қабілеттерді анықтау және олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру болды. Қонақтар назарына түрлі қолөнер бұйымдары ұсынылды. Жоғары талғампаздықпен жасалған құрақ көрпелер, тұскиіз, қоржындар, моншақпен көмкерілген картиналар, тоқылған себеттер көздің жауын алады.
Байқау соңында әділқазылар алқасының шешімімен ісмер Кенжебай Смағұл жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал, Лидия Власенко мен Дәния Дабарова екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Сонымен бірге, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина қайырымдылық шараларына белсене қатысып жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін Алғыс хаттармен марапаттап, шығармашылық табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.