Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үйлену – оңай, үй болу – қиын - АРҚА АЖАРЫ

Үйлену – оңай, үй болу – қиын

Күн – жексенбі. Ол күндегі әдетінше саябаққа қарай беттеп келеді. Ауа райы да жақсы еді. Алдынан кішкентай баласын жетектеп, әзілдесіп, жұптары жарасып келе жатқан екі жасты көрді. Көрді де көзіне жас алды, оларға қызыға да қызғана ұзақ қарады. Бір кезде жанарынан мөлт-мөлт жас ағып, жылай бастады. Бұларды анадайдан байқап тұрған мен әлгі келіншектің қасына барып жұбатпақ болдым. Жақын танымасам да, жұмыс бабымен  бірді-екілі кезіккенбіз. Ол мені көргенде, одан сайын көңілі босады. Сөйтсе, өзінің әлгі жұптай бақытты шақтарын ойлап қамыққан екен…

–Мен де осы отбасы сияқты бақытты болғым келеді. Мен де өзімнің баламды жолдасыммен бірге осылай саябақта жетектеп жүргім келеді, – деді ол күрсініп. Мен оның отбасылы келіншек екендігін білетінмін, бірақ, не үшін жылап отырғанын түсінбедім.  Сұрауға ыңғайсыздандым. Өйткені, ол неке қиятын мекемеде қызмет ететін. Қашан көрсең де, жайнап, жадырап жүретін. Қаншама жас жұбайларға бақыт тілеп, өмірлік жолдарына сәттілік айтып, неке куәліктерін тапсыратын.
– Сіз мені үнемі қуанышты күйде көріп едіңіз. Бүгінгі түрімді көріп, таң қалып отырған шығарсыз. Мен де осыдан төрт жыл бұрын отбасын құрып, кішкентайлы болдым, ұлым қазір үште. Жолдасым жаман адам болған жоқ. Ата-енем де ауылда тұрды. Сол үйдің ақ босағасын аттағалы енеме не істесем де ұнамады. Үш жыл бойы жолдасым екеуіміз бәріне де шыдауға тырыстық. Алайда, ақыры шыдамның да шегі бар екен, екеуміз екі жаққа кетіп, ажырастық. Қазір ұлым балабақшаға барады. Жолдасым қызмет бабымен басқа жаққа көшіп кеткенге ұқсайды, – деп өз отбасылық өмірінің шет жағасын баяндап берді.
Шынымен де біздің кей ата-аналарымыз балалары мен келіндерін тәрбиелейміз деп жүріп, шектен шығып кетіп жатады. Сүйіп қосылған екі жасты қосудың орнына қарсы қойып жататындар да аз емес. Қарап отырсақ, қазіргі таңда әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып жатады екен. Облыстық әділет департаментінің азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, жыл өткен са-йын ажырасушылар санының өсіп бара жатқанын көреміз. Статистикалық деректер бойынша ажырасушылардың көбі отау құрғандарына бір-екі жыл ғана болған жастар. Олардың қатарында он-он бес жыл бір шаңырақ астында тұрып, өмірдің ащысы мен тұщысын татып, ыстығы мен суығына төзген отбасылар да бар.
Ежелден ұл мен қыздың тәрбиесін алдыңғы орынға қойып, баласының көзі тірісінде немере-шөберелерін біреудің босағасына қаратпай, тіпті, нағашы жұртынан қызғанып отыратын ұлттың ұрпағы едік. Ата-аналарымыз «қызға қырық үйден тыйым» деп, қыздарын инабаттылық пен ибалылық, кішіпейілділік пен мейірімділікке тәрбиелеп, «ертең сен бір үйдің ұйытқысы боласың» дегенді санасына құйды, келін болып босаға аттаған соң, қыздарын ата-ене мен өмірлік жарына аманат ететін. «Қызым – келіннен, ұлым – елімнен» тәрбие алады деп, жастардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, қателіктерге жол бермеулеріне барын салатын. Ата мен бала, ене мен келін арасында жарасымды сыйластық, сүйіспеншілік орнығып, ажырасу мәселесі мүлде болмайтын еді. Қазір де солай өмір сүруге болады ғой. Адамдардың бір-біріне деген ниет-пейілі неге суып барады? Ажырасушылық неге белең алуда? Бәлкім, нарық заманындағы тұрмыс тауқыметі де кері ықпалын тигізіп жатқан шығар. Оның үстіне жастарымыздың басым көпшілігінде баспана, жұмыс жоқ, қаражат мәселесі де мәз емес. Отбасындағы осындай әлеуметтік-материалдық жағдай да шаңырақтың шайқалуына алып келетіні сөзсіз.
Мәселен, 2014 жылы облысымызда 5897 жұп неке қиса,  оның 2700-і ажырасуға өтініш білдірген. Ал, 2015 жылы 5459 неке қиылса, оның 2850 жұбы ажырасқан. Сондай-ақ, биылғы жылдың басынан бері 1896 жұп шаңырақ көтерсе, оның 1195-і ажырасу үшін арыз жазған. Азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі мамандарының айтуынша, қазір ажырасушылар үйленушілердің тең жартысынан асып барады. Егер осы үрдіс сақталатын болса, енді бірнеше жылдан соң ажырасушылар санының бірге тұрып жатқандарды  басып озуы әдеттегі жағдайға айналатын түрі бар.   «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Ал, қазір отбасылы болып, отау құрып жатқан жастар мұны ескермей, шаңырақ деген киелі ұғымды аяқ асты етуде десек, шындықтан алыс кетпейміз. Өткен ғасырларда қазақ қызының тұрмыстан қайтып келуі – өліммен тең ұят саналатын. Бүгінгі таңда бұл қалыпты нәрсе сияқты. Отбасы мәселесіне жеңіл қарайтын жастардың тіпті үйленер алдында «ұнамаса ажыраса саламын» деп айтатынын да   көрдік. Осы тұрғыдан алғанда, жастарға мектеп қабырғасында, жоғары, орта арнаулы оқу орындарында отбасы, әдеп-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде әлеуметтік пәндер жүргізіліп, дәрістер оқылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір қоғамда отбасы институтын құру туралы жиі айтылуда. Бірақ, сол отбасы институтында бізге тәлім-тәрбие беріп, ақыл айтатын, көрген-түйгені көп  ақсақалдар да азайып барады. Қарап отырсақ, үлкен  жастағы  қариялардың өзі жиын-тойларда жастарға еліктейді. Олар селкілдеп билесе бірге билеп, өз-өздерін ұстай алмай кетеді. Сонда, судың бұлақтан  бастау алатыны секілді, «біз кімнен, қайдан өнеге аламыз?» деген орынды сұрақ туындайды. Имандылық пен кішіпейілділікке, адамгершілікке шақыратын үлкендер шынымен көп деп айта алмаймыз.  Сондай-ақ, кей қыздар мен жас келіншектер  дене бітімі сұлу, әрі жас көрінетін әйелдерге еліктеп, оларды «идеал»  санайды. Ал, шын мәнінде нағыз әйел дегеніміз – отбасының шырайын кіргізіп, дүниеге ұрпақ әкелетін,  бала-шағасына жылу сыйлап, шаңырақтың үлкендерін, ер азаматын  аялайтын әйел ғой.  
…Баласын балабақшадан жетектеп, үйіне қарай кетіп бара жатқан жоғарыдағы танысымды кеше тағы көрдім. Бүлдіршін балапанының мен де естіген тосын сөзінен  көңіл-күйі түсіп қалды. Ұлы одан:
– Әкем мені балабақшадан қашан алып кетеді? – деп сұрап жатыр екен. Анасының көзінде тағы да мұң.
Әп-сәтте «сүйдім-күйдім» деп қосылып, артынша ажырасып жатқан жастар осындайда тым құрығанда бауыр еті – ұл-қызының  жағдайын ойласа екен…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар