Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.

Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгін мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – тұрғындардың өмір деңгейін арттыру екенін атап өтті.
– Күрделі жағдайларға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкердің орташа жалақысын 30%-ға, стипендиялар мен жәрдемақыларды – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа шынайылық қосымша нақты шаралар қабылдауды талап ететінін айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңге келесі бағыттар жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.

Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмысбастылықпен қамту Қазақстан Президенті Үкіметтің басты жұмыс бағытының бірі болып жаппай кәсіпкерлік мәселелері табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды жүзеге асыруды және қолдау құралдарын жетілдіруді тапсырды.
– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылдағы жұмысбастылық» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. Тиісті «Кооперациялар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірін-бірі табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.

Экономиканы әртараптандыру Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазынаның 830 миллиард теңге қосымша кіріске толығуы күтіліп отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, Қазақстан Президенті негізгі үш міндетке тоқталды.
Агроөнеркәсіп кешені Мемлекет басшысы «Агробизнес 2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.
Елбасы ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл АӨК-ні қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.
– Биыл сібір қараталағы бірнеше өңірде орын алып, адамдар да өлді. Біз ауруды емдеуге қаражатты көбейтудің орнына, оны түбегейлі
жоюымыз қажет. Әкімдер ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға жеке жауапты болады. Бұл мәселелер 2014 жылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне жатады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңі есебінен әртараптандыру Қазақстан Президенті барлық экономика мен экспорттың әртараптануы оның тұрақтылығының кепілі болатынын, нәтижесінде Үкімет пен әкімдер экспортты ынталандыру және дамытуға бағытталуы тиіс екенін айтты.
– Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге бағыт алу қажет екенін баса айтамын. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуы тиіс. Үкіметке бұл бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белбеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру болып табылатынын атап өтті.
Көлік инфрақұрылымын дамыту
Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты құралы болып отырғанына назар аударды.
Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басталған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта бірінші кезекте іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламентеуді тапсырды.
– Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді.  Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына  жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.
– Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамыздағы 41%-ға дейін артты. Соған орай, несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие портфелі 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард  теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.
– Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.
– Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, мемлекет өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік тудырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір компоненті тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыру болуы тиістігін  атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қорына талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды. Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысын жүргізуді тапсырды.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев, баяндама жасады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар