«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинованың төрағалық етуімен егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандармен дөңгелек үстел өткізілді.
Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған оңалту жұмыстары жүргізілуде. Оның мақсаты – мүгедектердің мәртебесін көтеру, материалдық және әлеуметтік тәуелсіздікке олардың қолдарын жеткізу және қоғамның қалыпты өміріне бейімдеу.
Бүгінгі таңда ауданымызда 1124 мүгедек тұрып жатыр, олардың 119-ы бала жасынан мүгедектер. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі отыз адам жұмысқа орналастырылды. Мүгедектердің әлеуметтік қамтамасыз етілу жүйесін дамыту және атаулы әлеуметтік жәрдемді күшейту мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлерімен жыл басынан бері 84 оңалтудың жеке бағдарламалары әзірленді. Бала жасынан мүгедектерге білім алу, оқу-тәрбие, коррекциялық қызмет көрсетулердің барлық түріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалынған. Үйде оқыту шығындарының орнын толтыру үшін 12 мүгедек балаға ай сайын үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесімен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 33 отбасына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. «Батыр» қоғамдық бірлестігі арқылы он сегіз жасқа дейінгі 15 балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету басталды.
Дөңгелек үстел барысында әртүрлі саланың мамандары мүмкіндігі шектеулі жандарға құқықтық, тұрмыстық және тұрғын үй мәселелері бойынша кеңестер беріп, өздері көрсететін қызметтері жайлы айтып берді. Мысалы, аудандық емханада 106-шы кабинетке өтінішпен келген кемтар жанға әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетсе, халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы пандусқа қоңырау орнатылған. Осы қоңырауды бассаңыз болды, мекеме қызметкерлері мүгедек жанды қарсы алып, ғимаратқа кірулеріне жәрдемдеседі. Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватакси қызметі жұмыс істейді.
Жанар БАЙДІЛДИНА,
ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Целиноград ауданы.