«Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ Ақмола филиалында «Өзін-өзі тану» пәні бойынша білімдерін жетілдірген ұстаздар таяуда өткен Құрбан айт мейрамы аясында Щучинск балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар тарту етті.
Ата-ана сүйіспеншілігінен тыс қалып, сәби шақтарынан жетімдік көрген бүлдіршіндерге балалар үйінде барлық жағдай қарастырылған десек те, үлкендер тарапынан жасалған бұл қайырымдылық шарасын тек қана қолдау керек. Өйткені, бүлдіршіндер бұл күні білім жетілдіру курсының тыңдаушы мұғалімдерінің ыстық қамқорлығына бөленіп, сергіп қалды. Балалар тіпті ұстаздармен ойын ойнап, олардың қолынан сыйлық алғанда қуаныштары қойындарына сыймады.
Мекеме басшысы Асқар Дүйсенов тәрбиеленушілерге шаттық сыйлау мақсатында осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырған институт басшылығына зор алғысын білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.