Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көптің көңілінен шыққан - АРҚА АЖАРЫ

Көптің көңілінен шыққан

«Әнел» моншасы  республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

 

Көкшетау қаласындағы Әуелбеков көшесінің тұйықталар тұсындағы бұрынғы Көкшетау оттегімен тыныстау аппаратуралары зауытының едәуір аумақты алып жатқан ғимараты сырт қараған жанға анадайдан «мен- мұндалап» көзге түседі. Тап осы маңда қала жатақтары «КДА» моншасы деп атап кеткен монша да орналасқан. Қазіргі күнгі оның атауы «Әнел» екен.

 

Кей-кейде кездейсоқ кездескен адамдардың бір-біріне:
– Ей десейші, мына орталықтағы «Тамаша», анау «Жайлаудағы «Арасан», автоқалашықтағы «Жастар» моншасынан гөрі осы «Әнеліңе» ештеңе де жетпейді…
– Парына кірсең қандай, өз-өзіңнен рақаттанып, денең бірден сусап шығады, –  деген жылы сөздерді сырт еститінбіз.
Енді міне, «коммуналдық қызмет орындарының республикалық байқау-конкурсында «Әнел» моншасы жеңімпаз атаныпты» деген қуанышты хабарды құлағымыз шалысымен редакцияның арнайы тапсырмасымен осында жеттік.
Жекеменшік монша иелері Сейілбек Сағатұлы мен Рысжан Зәкарияқызы Мусина бізді жылы шыраймен қарсы алды.
– Көкшетау облысы тарап, біресе Солтүстік Қазақстан, енді бірде Ақмола облыстарының құрамына ауысып жатқан тұста, әркім тұрымтайдың кебін киіп, өз күндерін өздері көрерлік қам-қарекетке кіріскенде біз де қарап қалмайық деп осы моншаны меншіктеп алған едік, – дейді кәсіпкер ерлі-зайыптылар. Бұл сонау 1997 жыл болатын.
– Қазіргі күнде мұнда ерлер мен әйелдер жуынатын бөлімдер, іште 3, сыртта екі сауна, тағам түрлері мен ұсақ-түйек киім-кешек сататын екі буфет, 7 душ залы, 2 шаштараз бөлмесі, массаж залы жұмыс істейді, – деді Рысжан Зәкарияқызы әңгімесін әрі жалғастырып. – Өткен уақыт аралығында бұл моншаға әлденеше рет жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Таяуда ғана оны тағы да күрделі жөндеуден өткіздік.
– Осында барлығы қанша адам жұмыс істейді? – деген сауалымызға ол:
– Монша меңгерушісі Ботагөз Камалиевадан бастап барлығы 25 қызметкеріміз бар, – деп жауап қайтарды. Ал, негізгі мәселеге ойыссақ, біздің «Дене тәрбиесі және сауықтыру қызметі» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банк бизнес-рейтингінің ұйымдастырған республикалық конкурсында жеңіп алған басты марапатымыз – «Золото рейтинга», яғни, «Рейтинг алтыны». Бұл сайысқа еліміз бойынша жүзден астам коммуналдық кәсіпорын қатысса, солардың арасында біздің «Әнеліміз» байқау жеңімпаздарының 14-інші қатарынан көрінді.
– Әлгінде айтқанымыздай, – деді Рысжан Зәкарияқызы әңгімесін әрі қарай сабақтай түсіп, – қызметкерлеріміздің арасында өз ісіне адал, келушілер тарапынан жақсы лебіздер естіп жүрген буфет сатушылары Гауһар Қасымова мен Өтеш
Омарованы, «Жылдың үздік маманы» атағына ие болған бухгалтерлеріміз Айсұлу Үлгібаева мен Алма Божбанованы, кассир қызымыз Аян Омарова мен шаштараз Гүлзария Золотареваны, тағы басқаларының есімдерін атауға болады. Ал, жалпы алсақ, біздің коммуналдық шағын кәсіпорын халыққа мінсіз қызмет көрсеткен қажырлы еңбегі үшін республикалық байқау-конкурстарда өзі тектес қызмет орындары арасында осымен төрт мәрте жеңімпаз атанып отыр. Енді бір мезетте Рысжан Зәкарияқызынан.
– Сіздер негізгі қызметпен қоса, қайырымдылық шараларына да жиі қатысады деп естиміз. Осы жайында не айтар едіңіз? – деп сұрадық. Бұл сауалымызға:
– Қайырымдылық шаралары дегенде, алдымен өзіміздің туған жеріміз – Еңбекшілдер ауданындағы Аңғал батыр ауылында (бұрынғы «Жамбыл» кеңшары) осы аттас мешіт үйін салдырып, пайдалануға бердік. Қазір мұнда ауыл имамы жас балаларды имандылыққа, елді, туған жерін сүюге ұйыттырып, дін сабақтарынан дәріс беруде. Сонымен қатар, «Әнел» моншасына келген соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне тегін қызмет көрсетіледі. Бұған қоса, Ораза айы, Айт күндері өз қызметкерлерімізге ауызашар, апта сайын жұмалық беріледі. Ресми немесе ұлттық мерекелерде басқа да шаралар ұйымдастырылады, – деп жауап берген монша иелеріне халыққа мінсіз қызметтері үшін біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ екені түсінікті.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
ардагер журналист.
 
Суреттерде: «Әнел» моншасының сыртқы көрінісі және өз шаруасын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер Рысжан Мусина.  
Суреттерді түсірген Вячеслав ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар